13 Наурыз, 20:29 464 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Рудныйдағы қандастар мәселесі қашан шешіледі? (видео)

ATAJURT жобасы аясында газет тілшілері Қостанай өңіріне арнайы іссапармен барып, ондағы қандастардың хал-жағдайымен танысып қайтқан еді. Қостанай өңіріне шетелден кел­ген қандастардың басым бөлігі Рудный қаласында ор­на­­ласқан. Дүниежүзі қазақ­тары­ның қауымдастығы және «Отандас­тар» қорының берген мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін бұл қалаға 15 мың­дай қандас көшіп келген. Сон­дықтан да іссапарымызды Рудный қа­ласынан бастауды жөн санадық.

Рудный қаласы – еліміздегі кен өндіру бойынша өнер­кә­сі­бі дамы­ған, жұмыс табуға қо­лай­лы қалалардың бірі. Сол себепті де шетелден көшіп келетін ағайын осы қаланы таңдайды. Руд­­­ный қаласына қоныс аударған қан­дастардың көбі Өзбекстанның Науаи облысынан екен. Оның басты себебі Өзбекстанның Науаи об­лысында да кен өндіру зауыттары көп көрінеді. Сондықтан да сол өңірден көшіп келетін қан­дас­тар­дың көбі Теміртау қаласы мен Руд­ныйды таңдайтыны да заңды. Яғ­ни, шетелдегі кәсібін атажұртта жал­ғастырғысы келеді. Алайда шетелден көшіп келіп, әлі жұмысқа орналаса алмай жүрген қандас­та­ры­мыз көп. Олардың айтуына қа­ра­ғанда, орыс тілін білмеу көп кедергі келтіріп отырса керек.

Мұндай мәселелердің анық-қа­нығын білу мақсатында, Қос­танай облыстық «Отандастар» қо­рының сарапшы операторы, кө­ші-қон саласының маманы Талғат Ахметовпен кездесіп, қандастар­дың жай-күйін сұрадық.

 

Талғат АХМЕТОВ, Қостанай облыстық «Отандастар» қоры­ның сарапшы операторы:

– Жаңа жылдан бе­рі тек Руд­ный қала­сына 15 отбасы көшіп кел­ді. Енді  көшіп кел­ген қан­дас­тар оралман куәлігімен жұ­мыс істей алмай отыр. Сонымен қа­тар  кә­сіптік оқу және басқа да әлеуметтік кө­мек алуы қиын.

«Отандастар» қоры қан­дас­тарға барынша көмектесіп келеді, құқықтық және ақпараттық тұрғыда. Бізге қандастар хабарласып, әртүрлі мәселелерін айтады. Мәселен, сондай қандас­тар­дың бірі – Боқан Баймұратов де­ген азамат. Атажұртқа көшіп кел­гелі екі айдан астам уақыт бол­ды. Жұмысқа орналаса алмай жүргендігін айтты. Жұ­мыс сұрап барған жерлері оралман мәртебесімен жұмысқа қа­был­дамай отыр.

2014 жылы Үкіметтің «Орал­ман­дар қоныстандыры­ла­тын өңір­лерді анықтау» туралы №248 қаулысы қабылдады. Онда Нұр-Сұлтан мен Ал матыдан басқа 14 облысты атаған. Ал 2019 жылы Еңбек және халықты әлеу­меттік қор­ғау министрлі­гі­нің бұйры­ғы­мен қандастарды қо­ныстан-дыруға 5 облыс бел­гілен­ді, олар: Ақмола, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қа­зақ­стан, Солтүстік Қазақстан об­лыс­тары.

Министрліктің бұйрығымен белгіленген бес облыстың бірі Қос­танай облысы. Яғни, осы өңір­ге қандастарымызды тарту – Үкі­меттің жобасы. Елдегі тіл және ұлт­тық демография мәсе­ле­сін та­биғи жолмен реттеу мақ­сатында осы өңірлерге қан­дастарды қоныс­тандыру үшін Үкіметтен арнайы квота бөлі­не­ді. Сондықтан да бел­гілен­ген өңір­лерге көшіп келген қан­дас­тар әуелі қызметпен қам­тылу қа­жет-ті. Өкінішке қарай, олай бол­май отыр.

Сонымен Қостанай облыс­тық «Отандастар» қорының сарапшы операторы Талғат Ахметов мырза атап өткен қанда­сы­мыз Бо­қан Баймұратовпен де кез­десіп, мә­селенің мән-жайын өз аузынан сұрап көрдік.

 

Боқан БАЙМҰРАТОВ, Өзбекстаннан көшіп келген қандас:

– Мен Өзбек­стан­ның Науаи облысынан 2020 жыл­дың қаңтар айында кө­шіп келдім. Келген соң оралман куә­лігін алып, ықтиярхатқа тапсыр­дық. Ол үш айда шығады дейді. Ол шыққанға дейін жұмыс жоқ, қалай күн көреміз? Жұмысқа шығып, ақша табайын десем еш жер алмайды. Бірінші, оралман куәлігімен жұмысқа қабылда­майды. Екінші, орыс тілін білуді талап етеді. Біз өзі қайда келдік? Ота­нымыз қазақ елінде ұрпағымыз­ды сақтап қаламыз деп келдік қой.

Оралман куәлігімен ең құрыса кәсіптік оқуға да қабыл­да­май отыр. Сонда бұл құ­жаттың қандай қажеттілігі бар?!

«Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, қандастар жұмысқа ор­наласу барысында еңбек шартын жасау үшін, жұмыс беру­шіге жергілікті атқарушы органдар берген оралман куәлігін ұсына алады», – дейді заңгер мамандар.

Ал Өзбекстаннан көшіп келген қан­дасымыз Боқан Бай­мұратов оралман куәлігімен жұмысқа орналаса алмаған­ды­ғын айт­ты. Біз істің мән-жайын нақтылап алу мақсатында, қан­дасымыздың бұл базынасын тыңдап қана қоймай, бірден Руд­ный қалалық Жұмыс­пен қамту орталы­ғының директоры Жасұлан Мұқановпен кездесіп, оралман куәлігімен неге жұ­мысқа алмай жатқандығын сұрадық.

Жасұлан Мұқанов Жұмыспен қамту орталығы қан­дас­тарға жұмыс тауып бергенімен кейбір кәсіпорындар Оралман куә­лігімен жұ­мысқа алмай қоятынын растады. Бірақ алда Бо­қан Баймұратовқа жұ­мыс тауып беруге және құқықтық көмек көрсетуге дайын екендігін айт­ты.

Біз бұдан кейін Рудный қалалық Nur Otan партиясының Ха­лық­қа көмек орталығына бардық. Қандастарымыз жайлы сұра­ған сауалымызға Рудный қалалық Nur Otan партиясы бас­шысының орын­басары Мұрат Ысқақов жауап берді.

 

Мұрат ЫСҚАҚОВ, Рудный қалалық Nur Otan партиясы басшысының орынбасары:

– Қандастардың көп мәселесі ше­ші­ле­ді. Бірақ ең қиыны бас­пана мә­се­лесі. Рудный қаласында 5 мың адам ке­зекте тұр, ал қа­ла бойынша 60 пәтер ға­на беріледі. Екінші бір мәселе – Мұхам­мед Аққазанов деген студенттің аза­маттық алуы қиынға түсіп отыр. Қазір оның жасы 16-да. Кол­ледждің 1-курс студенті. Азамат­тық алайын десе, Кө­ші-қон қызметі одан Өзбекстаннан шығу па­рағы және меди­цина­лық анықтаманы та­лап етіп отыр. Ал Мұхаммед Аққа­занов 6 жа­сынан бері Қа­зақстанда өскен. Осы жағ­дайларға байланысты құжат ала алмаған.

Рудный қалалық Nur Otan партиясы бас­­шысының орынбасары Мұрат Ысқақов атап өткен қандасымыз Мұхаммед Аққа­зановтың өзі­мен де сөйлестік.

 

Мұхаммед АҚҚАЗАНОВ, студент:

– Мен 6 жасым­да көшіп келіп, Шым­кент қала­сын­да оқы­дым. Одан кейін Рудный қала­сын­да оқуым­­ды біті­ріп, қа­зір колледжде 1-курста оқып жа­тыр­мын.

6 жасымнан Қазақстанда тұрамын. Әкем 2014 жы­­лы қайтыс болды. Анам Өз­бек­станда тұрады. Оның Қазақстанға кө­шіп келгісі жоқ. Ал мен қазақ­пын, қазақ елі­нің азаматы болып, қазақ елінде өмір сүр­гім келеді. Бірақ маған азаматтық бермей жатыр.

Көші-қон қызметі талап еткен құжат­тарды Өзбекстан тарапы бермей отыр. Азаматтық алу үшін шығу парағы қажет, ал ол үшін 18 жасқа толмаған аза­матқа Өзбекстанда шығу парағы берілмейді екен. Екінші сотталмаған және медициналық анықтамалар. Ал бұл анықтамаларды Өз­бек­стан қалай береді, мен 6 жасымнан бері осы елде өмір сүріп келемін ғой.

Студент Мұхаммед Аққазановтың бұл шағын түсініктемесіне қарап, екі елдің арасындағы заңдардың қарама-қайшылығы және отбасылық жағдайлардың кесірінен жаңа өсіп келе жатқан жасөспірімнің өміріне салқынын тигізіп отырғанын байқауға болады. Алайда Рудный қалалық Nur Otan партиясы басшысының орынбасары Мұрат Ысқақов: «Біз партия тарапынан Көші-қон қызметіне арнайы хат  жаздық. «Неге азаматтық ала алмай жатыр?» деп. Хабарын күтіп отырмыз. Бұл жолы шешілмесе Өзбекстан елшілігіне хат жазып, бұл мәселенің шешілуіне Мұхаммед Аққазанов бауырымыздың азаматтық алуына барынша атсалысамыз», – дейді.

Ал біз бұл мәселелерді назарда ұстай­тын боламыз.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, Қостанай облыстық Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы филиалының жетекшісі, журналист:

Қандастарға қатысты заңдардың нормалары бір-біріне қабыcпайды

– Рудный қаласына бүгінге дейін 3 007 отбасы көшіп келді. Мұны адам санына шаққанда Рудный қаласы мен оған іргелес Бейімбет ауданы және Қашар кентіне қоныс аударған ағайынның қатары 15 мыңнан асады.

Рудныйда осыдан 30 жыл бұрын 3 пайыз ғана қазақтар болатын. Қазір Рудныйда 3-4 қазақ мектеп бар, оқушылар аузы-мұрнынан шығып жатады. Қала қазақыланып келеді. Сол жердің базарындағы сауда-саттықпен айналысып отырған да сол – Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз.

Жапониядан шыққан Хитачи деген алып жүк машинасы бар, кен таситын. Ондай техникалар тіптен жер жүзінде тапшы. Соның сервисін Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз ұстап отыр. Жергілікті халықтың тісі бата бермейтін алып техникаларды қандастарымыз игеріп жатуы қуантарлық жайт. Кен орнында түрлі цехтар көп. Соның көбінде біздің қандастарымыз істеп жатыр.

2018 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне «Атамекенге келіп, амалы құрып отыр» атты мақалам шықты. Рудный қаласына көшіп келіп, ықтиярхатпен жұмысқа тұра алмағанын айтып шырылдап жүрген қандасымыз жайлы.  Мақаланы Елбасының өзі оқыпты. Ол кезде Президент кезі. Елбасы мақаланың астын сызып, сол кездегі Президент аппаратының жетекшісі Әсет Исекешовке, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке тапсырма берген.

Сол мәселемен тағы бетпе-бет келіп отырмыз. Биыл квота бойынша 350 адам келеді. Ал қандастарға қатысты заңдар бір-бірімен қабыспайды. Керісінше, кедергі көп.

Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі бар. Осыған көптеген қандасымыз оралман куәлігі былай тұрсын, ықтиярхатпен жұмысқа тұра алмайды. Неге қабылдамайды? Кен өндіру бірлестігінің қызметкерлерінің айтуына қарағанда, шетелден келіп жұмыс істейтіндерге квота береді. Бірақ оның шектеулі саны бар. Ал соларға шетелден көшіп келетін қандастарды қосып жіберетін көрінеді. Яғни, Еңбек шарты туралы заңды түсінбеушіліктен болып отыр. Ал негізінде екеуі екі түрлі әлеуметтік топ.

 

Ақылбек ШАЯХМЕТ, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-дың профессоры, Махмұд Қашқари атындағы және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері, ақын-жазушы:

Рудный қандастардың арқасында қазақыланып келеді

– Өзбекстаннан бізге кеншілер келді. Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінде экскаваторшылар, кеншілер, машинистер секілді жұмысшылар бар. Олар келген жеріне тастай батып, судай сіңіп кетті. Осының нәтижесінде Рудныйда 3-4 қазақ мектеп ашылды. Рудныйда қазақ дәстүрі өркен жайды. Негізінде мұның көбі қандастарымыздың арқасында.

 

;feature=youtu.be

 

 

Соңғы жаңалықтар