12 Наурыз, 17:25 340 0 Өнер Арайлым Бимендиева

Алмас Серікұлы, этнодизайнер: Домбыра жасалатын орынның атмосферасы бөлек болу керек

– Бүгінгі нарықта домбыра жа­сау бизнесі өз шығынын ақ­тай ма?

– Домбыра жасауға жұмса­ла­тын материалдардың бағасы ай сайын қымбаттап жатыр. Өйкені біз аспапқа керек материалдың 90 пайызын шетелден тапсырыспен ал­дыртамыз. Ал тапсырыс құны дол­лардың бағамына байланыс­ты. Шанағы, мойын беті, басы, құла­ғы, бетіндегі шпоны, мойыны, іше­гі, тиегіне дейін шетелден келе­ді. Тек беті ғана өзімізде жаса­лады. Кейде домбыраның бетін де Кавказдан, Украинадан, Ресейден тапсырыспен алдыртамыз.

Нарықтық экономикада дом­быра жасау бизнесі өзін-өзі ақтамайды десем де болады. Біздің шағын шеберханамыз айына 50-60 аспап жасап шығарады. Тапқан та­бысымыз осы жерде жұмыс іс­тейтін шеберлердің жұмыс ақысы, ши­кізат пен шеберхананың ке­рек-жарағын түгендеуден артылмайды. Бір қарағанда аспап жасау­шылар ақшаны көп табатын сияқты, бірақ жеке кәсіпкер бол­ған­дықтан мемлекетке төлейтін са­лық та аз болмай тұр. Біз дайын тауарды әкеліп сатып жатқан сау­дагер емеспіз, өндіріс болғаннан кейін сәл қиындау. Осыған қара­мас­тан, аспаптардың бағасын қымбаттатпауға тырысамыз. Дегенмен әр шебердің аспап жасауда өзіндік бағасы бар. Мысалы, менде арзан домбыра көп, балаларға ар­налған домбыра бағасы 25-50 мың теңге аралығында. Соңғы кез­дері арзан домбыра жасауды тоқ­татып, тек қана қымбат дом­быра жасайтын шеберхана немесе үлкен фабрика жасауды ойлап жүр­мін.

– Домбыра әр өңірдің жер­гі­лікті ағашынан жасалса жақ­сы болады дейді. Сіздердің ше­берханаларыңызда мұндай мүм­кіндік бар ма?

– Расында, домбыра әр өңірдің жергілікті ағашынан жасалса жақ­сы болады. Бірақ домбыраны жер­гілікті ағаштан жасау үшін жүйе керек. Мысалы, Алматы қа­ла­сынан бір үлкен шеберхана ашып, әр өңірдің аспап жасайтын ма­мандарын бір жерге жинау керек. Өйткені әр өңірдің геогра­фия­лық ерекшелігіне қарай аға­шының тығыздығы да әртүрлі бо­­лады. Ағаштар да әр өңірдің адам­дары сияқты әртүрлі болып өседі. Осы істі қолға алсақ, үлкен дү­ние жасаған болар едік. Бұл мә­селені Мәдениет және спорт министрлігі, болмаса ЮНЕСКО-ға қарап жатқан ұйымдар қолға ал­ғаны жөн. Мұндай ауқымды іске меценаттар қолдау білдірмесе, жекелеген адамдардың шамасы жетеді деп айта алмаймын. Бұл мәселені шеберлер қолға алғанша талай уақыт өтетін сияқты.

– Үш ішекті домбыра мен жетіген аспабына сұраныс бар ма?

– Үш ішекті домбыра негізінен Шығыс және Орталық Қазақстан өңір­лерінде дамыған. Балалай­ка­ның түп-тамыры осы үш ішекті домбырадан басталады деген сөз бар. Үш ішекті домбыраға тапсырыс көп болмайды, жылына 2-3 тапсырыс қабылдаймыз. Үш ішекті домбыраны әдетте тарихын бі­летіндер немесе бізден алып тар­тып жүргендерді көргендер келіп бізге тапсырыс беріп жатады. Ал енді жетігенге тапсырыс беретіндер баршылық. Біздің шеберханада жылына 40-50 жетіген сатылады. Ең көп тапсырыс беретіндер Атырау, Ақтөбе, Тал­ды­қор­ған, Қарағанды, Астана, Алматы қалаларынан. Өйткені аталған өңірлерде жетіген жасайтын шеберлер жоқ. «Қарақат» мектеп-сту­диясының ашылуымен жетігенде ойнайтындар мен оған қызығу­шы­лық танытатындардың саны кө­бейді.

– Әлеуметтік желі арқылы «ағаш шеберлерін тегін оқы­та­мын» дедіңіз. Осы бастамаңыз­дың нәтижесі қандай болып жа­тыр?

– Мен ағаш шеберлерін тегін даярлаймын деп Facebook әлеу­мет­тік желісі арқылы 2 рет пост жаз­дым, маған 15-16 адам хабар­лас­ты. Соның ішінде 7 бала келіп, аспап жасауды үйреніп жүр. Жалпы, аспап жасауды үйренуге арнайы уақыт керек. Оған көбісінің жұмыс уақыты сәйкес келмейді. Оның үстіне аспап жасау шеберлігін меңгеруге адамға бірінші қа­білет қажет. Екіншіден, еріншектен жақсы шебер шықпайды. Көп адам жұмыс істеуден, үйре­ну­ден, жалпы өндіріске ара­лас­қан­нан гөрі сауда-саттықпен ай­на­лысқан тиімді деп ойлайды. Сол себепті шебер болу жолына оңай­лық­пен келмейді. Осы уа­қыт­қа дейін менің қасымда жүріп аспап жасауды 60-қа жуық адам үйренді. Олар­дың арасында өз алдына шеберхана ашып,  биз­неспен айналысып жүр­ген жігіттер бар.

– Аспап жасаушы шебер­лер­дің арасында бәсекелестік бар ма?

– Негізі шеберлер ортасы Алма­тыда қалыптасқан. Жеке ше­бер­­лер арасында белгілі бір дең­гей­де бәсеке бар. Бірақ ешқай­сы­сында үлкен көлем жоқ, тек тап­сырысқа жұмыс істеп отыр. Ше­берлер бір-бірінен аспап жасау техникасын жасыруы мүмкін, бір-бірінен айырмашылығы сол ғана. Ал былай нарықтық бәсе­ке­лестікке шығып, нарықты жаулап алып, монополист болып тұрған­дар жоқ.

– Ұмыт қалған үрмелі ас­пап­­тардың бірі құссай­рауық­қа тапсырыс беретіндер бар ма? 

– Негізінен аспаптардың көп­шілігі діни-ритуалдық, аңшылық, мал бағу дәстүрінен пайда болып, кейіннен бастапқы сипатын жойып, халықтық-фольклорлық дү­ниеге айналып кеткен. Құс­сайрауық құстың дыбысын береді, аңды үркітпей қасына бару үшін ойлап табылған құрал. Алғашында аңшылардың құралы болып, кейін аспапқа айналған. Оны біз қамыстан жасаймыз,  Азия халықтарының бәрінде бар аспап деп айтылады. Құссай­рауық­тың қазіргі бағыты мүлдем өзгерген, бүгінде балабақшалар мен фольклорлық ансамбльдер тапсырыс береді.

– Аспап жасау саласында он бес жылға жуық тәжіри­беңіз­де қанша музыкалық ас­­пап жасадыңыз?

– Алғаш аспап жасауды 2005 жылдан бастап үй­рендім. 15 жыл ішін­де 8 мыңға жуық аспап жа­садық. Оның ішінде домбырасы бар, ұрмалы-соқпалы, шертпелі, ыспалы, шулы аспаптар бар, көпі­шекті, темірішекті аспаптар бар. Қазақ ұлттық фольк­лор­лық ас­пабының 80 түрін, славян аспаптарының 10 шақты түрін жасадық. Жанымда жүрген балалар бұл салаға жаңа­­дан кел­ген, ко­манданы енді жасақ­та­дым. Сондықтан жігіттердің қа­зіргі екпіні аздау болып тұр. Болашақта айына 100-150 аспапқа дейін шығаратын жағ­дайға жетеді.

– Жеке өз қолыңызбен жа­сайтын домбыраның баға­сы қанша?

– Менің өзім жасаған аспап­тардың бағасы қымбат, шамамен 700 доллардан басталып, 3-4 мың АҚШ долларына дейін барады. Ал жас шеберлердің домбырасы 30-40 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін барады. Мен айына 5-8 аспап жасауым мүмкін. Әдетте маған кәсіби әншілерден тап­сырыстар көп түседі. Аспаптарды осыдан 8 жыл бұрын дәл осы ба­ғада сатқанбыз, әлі сол ба­ғада са­тып жатырмыз. Бағаны кө­те­рейік десек, елдің экономика­сы, халықтың жағдайы көтер­мей­ді. Біз аспаптың бағасын қым­бат­та­та берсек, оны ойнаушылар азайып кетеді.

– Базарда сатылатын дом­быраның тапсырыспен жаса­ла­­тын домбырадан айыр­­­ма­шы­лығы қандай?

– Аспаптардың қызметі – адамдарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау, халыққа рухани демеу беру. Әдетте ата-аналар балалары жаман жолға түсіп кетпес үшін дом­быра үйрену курстарына жазып жатады. Тапсырыс беретін ата-ананың бәрінің бірдей жағ­дайы бола бермейді. Сондықтан бағасы арзан деп домбыраны базардан алады, ал базарда сапаны бақылайтын ешкім жоқ. Жасыратыны жоқ, базардағы домбыраны түрмеде отырғандар жасайды. Менің оларды ерекше атап айтып, бөліп тұр­ғаным жоқ. Бірақ ол ас­пап­­тың энергетикасы дұрыс бол­­майды, өйткені домбыра жа­салатын жердің атмосферасы бө­­лек. Арнайы жағдай жасалып, шын ниеттен жасалмаған аспап­тың сапасы да болмайды. Өйт­кені домбыра күтімді қажет ететін аспап, ол киім-кешек, ыдыс-аяқ емес. Дыбыс шы­ға­ратын аспап бол­ған­дық­тан ол адам­ның дамуына, қа­лып­тасуы­на тікелей әсер етеді.

 

Cұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар