212 нысанға тексеріс, 46 миллион теңге айыппұл

212 нысанға тексеріс, 46 миллион теңге айыппұл

212 нысанға тексеріс,  46 миллион теңге айыппұл
ашық дереккөзі
Nur Otan партиялық бақылау коми­те­тінің отырысында ерекше қажеттілік­тері бар адамдар үшін инфрақұрылымның дамуы туралы сөз болды. Биыл 13-21 ақпан аралығында комитеттің жұ­мыс тобы Қазақстан бойынша 92 көлік нысанын, оның ішінде 25 теміржол вокзалы мен 31 автовокзал, сондай-ақ 24 теміржол және 12 автобус стансасын тексерді. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекованың айтуынша, темір жол вокзалдарының 38%-ы ғана ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтірілген. Дегенмен, мемлекеттік органдардың деректері басқаша сөйлейді. «Жергілікті атқарушы органдардың мәлімет­тері­не сәйкес, көліктік қызмет көрсету нысандарын бейімдеу және паспорттау жұмыстары барлық өңірлерде аяқталған. Яғни, нысандар ресми түрде қа­былданып, барлық санаттағы адамдар үшін қол­жетімді болып саналады», – деді Жанат Омарбекова. Спикер қоғамдық көлікке ерекше назар аударды. Елімізде тұрақты автобус маршруттарында барлығы 11 563 автобус қатынайды. Алайда олар­дың төрттен бір бөлігі ғана ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жабдықталған. Айтылған сынға жауап ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов министрлік қоғамдық нысандарға (мектептер, ауруханалар, әуежайлар және т.б.) қатаң бақылау жүргізетінін мәлімдеді. «Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша 1 300 тексеріс жүргізілді. 212 нысан бойынша 46 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Әртүрлі ме­кемелердің қолжетімділігінің интерактивті картасы көрсетілген inva.gov.kz портал жұмыс істейді. Оған бүгінде 31 мыңнан астам нысанның дерек­тері енгізілген. Жергілікті атқарушы билікке мем­лекеттік органдардың нысандарын бейімдеу, қайта жаңарту үшін толық көлемде қаражат бө­лінбейтінін атап өту керек», – деді вице-министр. Мәжіліс депутаты, Партиялық бақылау комите­тінің төрағасы Павел Казанцев қаржыландырудың жетіспеушілігіне күмән келтірді. Оның айтуынша, халық қалаулылары өңірлерге жиі барып, қолже­тімді ортаны құруға назар аударады. «Саяси ерік бар, жоспар орталық деңгейде бекі­тілді. Ақша бар, қаржыландырылып жатыр. Тек құм­ға сіңген судай болып кетіп жатыр. Ал пандус – бұл ғарыш айлағы ма?! Бұл ғимараттың тұрғанына 500 жыл болса да, пандус жасап, навигациялық тақ­та­лар­ды, көрсеткіштерді бекіту қиын емес», – деді ко­митет төрағасы.

Нұрғайша Әбдраман