Дағдарыс пен жанбағыс

Дағдарыс пен жанбағыс

Дағдарыс пен жанбағыс
ашық дереккөзі
Ұлттық экономикамызды әлемдегі қаржылық тұрақсыздықтың теріс әсерлерінен қорғау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы республикалық жедел әрекет ету штабы құрылды. Ондағы басты мақсат – халықтың әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету. «Азаматтарымыздың ешқайсысы қиын жағдайда қалмайды», – деп сендірді Үкімет басшысы. Ал Премьер-Министрдің орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов теңгенің жаңа бағамы мен инфляцияға байланысты зейнетақы, жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті индекстеуге уәде берді. Қаржы министрінің айтуынша, республикалық бюджет­тің шығындары қысқарады. «Қай бағытта оңтайлан­дыра­тынымыз белгілі. Біріншіден, қымбат көліктер мен жиһаздар, форумдар, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізу мә­се­лесі. Бұл іс-шараларға қанша қаражат жұмсалатыны есеп­телді. Екіншіден, бюджеттен қаражат бөлінуі қажет жобалар­ды кейінгі қалдыра тұруға болады», – деді Ә.Смайылов. Қысқартылған шығындар есебінен еліміздегі әлеуметтік-эко­номикалық тұрақтылықты сақтау шаралары тиісті қар­жымен қамтылмақ. Министр зейнеткерлерге, мемлекет тара­пынан әлеуметтік төлемдер алып отырған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға алаңдайтын негіз жоқ екеніне сендірді. Осы орайда, елімізде балаларға берілетін жәр­де­мақыларға кеңірек тоқталуды жөн көрдік. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің дерегінше, еліміз­де көпбалалы отбасылардың 6 пайызы – төрт, 27 пайызы – бес, 9 пайызы – алты, қал­­­ған 3 пайызға жуығы жеті және одан көп бала тәрбиелеп отыр. 3 пайыз деп отыр­ға­­­нымыз – 8 334 отбасы. Олардың 5 935-і – 7 бала, 1 501-і – 8 бала, 729-ы – 9 бала, 168-і – 10 бала өсіріп отырған шаңырақтар бол­са, біреуі – 15 баласы бар отбасы. Бұл жа­нұялардың барлығы қаңтардан бастап 74 375 теңге жәрдемақы алып отыр. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен м­арапатталған немесе бұрын «Батыр ана» ата­ғын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері – 16 160 теңге. Өткен жы­лы оны 235 мың­ға жуық адам алған. Бұл мем­­лекет­тік жәрдемақының төленуі жал­ғаса бер­мек. Десе де, 10 баласы бар отбасының 7 ба­ласы бар жанұямен бірдей жәр­де­мақы алуы әділеттілік принципі туралы айт­пағанның өзінде қарапайым арифметика заңдылықтарына қайшы. Өйткені көп­ба­лалы отбасылардың әр баласына 10 600 теңгеден берілетінін әу баста министрдің өзі айтқан болатын. 8 бала және одан да көп пер­зент тәрбиелеп отырған аналар тарапынан жәрдемақыны көбейту жөнінде өті­ніш­тер көбейген соң, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі халық қа­лаулыларымен кеңесе отырып жәрде­ма­қы­ны одан ары саралау қажет деген ортақ пі­кірге келіпті. «Өңірлерге барғанда жасы кәмелетке тол­маған 12 баласы бар ана неліктен 7 баласы бар аналармен бірдей жәрдемақы ала­тындығын сұраған еді. Сондықтан әді­летті болу керек шығар. Ең көбі 15 баламен тоқ­тадық. Таяу уақытта заңға түзетулер ен­гіземіз. Заң ақпан не наурызда қа­был­дан­ғанның өзінде ол осы жылдың қаң­тарынан бас­тап күшіне енеді. Ендігі уақытта 8 баласы барларға 74 мың емес шамамен 85 мың теңге, 9 балаға 96 мың, 10 балаға 106 мың және 15 балаға 159 мың теңге беріледі», – деді министр 17 ақпанда өткен ведомство­ның кеңейтілген алқа отырысынан кейін.

Култышевтар отбасы 16-шы сәбиін күтіп отыр

Елімізде 15 баласы бар жалғыз отбасы бар екенін де сол күні Біржан Нұрым­бетов­тің аузынан естідік. 8 ұл, 7 қыз тәр­бие­леп отырған Култышевтар отбасы Петропавлда тұрады екен. Татьяна мен Павел Кул­тышевтың тұңғышы 18 жаста болса, кен­жесі небәрі 10 айлық. Көпбалалы отбасы жаз­да 16-шы сәбимен толықпақ. Павел Култышев – дәнекерлеуші, ша­ғын кәсібі бар. Өткен жылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бастау» бағдарламасы бойынша 250 мың теңге кө­ле­мінде мемлекеттік грант ұтып алған. Сол қаражатқа дәнекерлеуге арналған аппарат сатып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алайда қыста тапсырыс бола бермейтіндіктен, күн­көріс қиындайды екен. Күн жылынып, құ­рылыс қарқыны артса, табыс та артады де­ген үмітте. Ота­насы Татьяна мектепті бітіргеннен кейін бірден тұрмысқа шығып­ты. Тұңғышын 20 жасында дүниеге әкелген. Одан кейін араларына 1 жыл салып 14 бала босанған. Бір таңданарлығы, ерлі-зайыпты ба­лаларына өз есімдерін беруді жөн санапты. Үйлерінде екі Павел, екі Татьяна бар. Бүгінде отбасындағы 15 баланың 11-і – ­мектеп оқушысы. Бір-біріне серік бол­сын, мектепке жұптасып барсын деп ата-ана бір сыныпқа екі баладан берген. Ал үй­дің кішкентайлары күні бойы ана­лары­ның жанында болады. Қаражат үнемдеу үшін Павел мен Татьяна балаларын балабақ­шаға беруден бас тартқан. Десе де, отанасы бала бағудан қиындық көрмейтінін айтады. Өйткені үйдің ересектері анасына қолғанат. Қыздары үй шаруасына көмектесіп, кішкентай бауырларына қамқор болса, ұлдары әке­­­­сімен бірге түздің жұмысын реттейді, мал жайлайды.

Бір баласы барлар да жәрдемақыдан үмітті

Еліміздегі 1-3 баласы бар отбасылар да жәрдемақыдан дәмелі. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 1-3 баласы бар жанұяларға мем­лекеттік жәрдемақы төлеу мәселесі тал­қыланғанын, бірақ шешілмегенін айтты. «Қазір 370 мың көпбалалы отбасыға мемле­кеттік жәрдемақы беріліп жатыр. Оның 125 мыңы – аз қамтылған отбасы. Министрлікке бір, екі, үш баласы бар отбасылар хабарласып, дәл сондай көмек талап етуде. Біз түр­лі тәсілдерді талдау барысында бұл қа­дам бюджетке ауыр салмақ салатынын анық­тадық», – деді ведомство басшысы. Министрдің дерегінше, елімізде бір, екі және үш балалы 2 млн 904 отба­сы бар. «Бір, екі және үш баласы бар от­ба­сыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайын­дау мәселесін шешу қиын болып тұр. Бұл үшін 15 есе көп қаржы керек. Тағы бір жайт, жағдайы жақсы отбасыларға мұндай жәр­демақы төлеу қажет пе, жоқ па? Бұл да үлкен сұрақ. Біз осы мәселені жан-жақты қарас­ты­рып жатырмыз», – деді Біржан Нұрым­бетов. Бұдан бөлек, жуырда министрлік бала күтіміне байланысты төленетін жәр­демақы көлемін ұлғайту туралы бастама кө­терді. «Еңбек министрлігі бала күтіміне бері­летін жәрдемақыны өсіруді ұсынып отыр. Қазір ондай жәрдемақы бала бір жасқа тол­ғанша ғана төленеді. Біз бала бір жарым не­месе үш жасқа  толғанша жәрдемақы тө­леу мәселесін көтеріп, тиісті есептеулер жүр­гізіп жатырмыз. Бұл қисынды болар еді. Қа­зір елімізде 387 мың ана бала күтімі бойынша жәрдемақы алады», – деді ведомство басшысы. Қазіргі таңда Қазақстанда бір жасқа дейін­гі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай сараланады. Жұмыс істемейтін әйелдерге бірінші балаға – 15 270 теңге, екінші балаға –18 054 теңге,  үшінші балаға – 20 811 теңге, ал төр­тінші және одан да көп балаға 23 594 теңге беріледі.  Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем жалақысының 40 пайызын құрайды.  Мәселен, әйел бо­сан­ғанға дейін екі жыл ішінде 3 500 000 теңге табыс тапты делік. Осы соманы 24 айға бөлсек, оның орташа жалақысы – 146 000 теңге. Мұны мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтсек, 58 400 теңге шығады. Оның 10 пайызы зейнетақы қорына ау­дары­лады да, қалған 52 560 теңгесі декреттегі анаға баласы бір жасқа толғанға дейін ай сайын төленіп отырады. Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш көлемінің өсуіне байла­нысты  бала туғанда берілетін біржолғы жәр­демақы мөлшері де өскенін айта кеткен жөн. Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 100 738 теңге төленсе, төртінші жә­не одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 167 013 теңге беріледі. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мем­лекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. Сондай-ақ жұмыс істейтін аяғы ауыр әйелдерге жүктілікке және босануға бай­ланысты берілетін біржолғы әлеуметтік төлем бар.  Оның мөлшері әр әйелдің айлық та­бысына байланысты сараланады.  Ай­та­лық, соңғы бір жыл ішінде табысыңыз 1 800 000 теңге болса, ай сайынғы орташа жала­қыңыз – 150 мың теңге деген сөз. Мұны мем­лекет бекіткен 4,2 коэффициентке кө­бейтсек, 630 000 теңгеге тең. Осы сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы шегеріледі де, қал­ған 567 000 теңге жүкті әйелдің есепшотына аударылады.

Шетелдік тәжірибеге үңілсек...

Балаларға жәрдемақы төлеу мәселесі өзге мемлекеттерде қалай шешімін тапқан? Интернетте жарияланған деректерге шолу жасап, осы  сауалға жауап іздеп көр­дік. Аңғарғанымыз – бірқатар елде бала­лар жәрдемақысының көлемі біздегіден әлде­қайда көп. Әлеуметтік төлемді бала 20 жас­қа толғанға дейін төлейтін мемлекеттер де бар. Францияда бала дүниеге келген кезде 923,08 евро төленеді, асырап алған жағ­дайда – 1846,15 евро. Біздің валютаға шақ­қанда, 400 мың теңгенің о жақ бұ жағы. Бұл сома өмірге келген сәбидің шығындары мен күтіп-баптауына арналған. Аталған жәр­демақы ата-анасының жалақысы 35,729 евро­дан төмен болған жағдайда беріледі. Бұған қоса, баланың саны мен ата-ана­сы­ның жұмысы да есепке алынады. Ал Германияда 5 жасқа дейінгі ба­ла­лар­ға 240 евро көлемінде жәр­де­ма­қы төленсе (шамамен 105 мың теңге), 13 жасқа дейінгі балаларға 296 евроға дейін бе­­ріледі. Ал 14 жастан 17 жас аралығындағы жасөспірімдер 316 евро ақы алады. Аталған жәрдемақыға қоса өзге де бір реттік төлемдер қарастырылған. Финляндияда балалар жәрдемақысы 17 жасқа толмаған елдің әрбір аза­матына төленеді. Балаларды қолдау шара­ларын Финляндияның Ұлттық әлеу­меттік қамтамасыз ету институты (KELA) атқара­ды. Мемлекетте бірінші ба­лаға – 94,88 евро, екінші балаға – 104,84 евро,үшінші балаға – 133,79 евро, төртінші балаға – 153,24 евро, ал бесінші және одан кейінгі балаларға  172,69 евро көлемінде жәрдемақы тағайындалған. Швеция заңнамасы бойынша балалар жәрдемақысы осы елде тұрақ­ты тұратын және 16 жасқа толмаған балалары бар ата-аналарға беріледі. Егер отбасында ана мен әке бірлескен қамқорлықта болса, онда баланың ата-анасына екі рет  625 СЕК (швед кроны) бөлінеді. Шамамен 26 мың теңге. Егер әкесі немесе анасы балаға жалғыз қамқор болса, ол айына 1,250 швед кронын алады. Канададағы 18 жасқа толмаған балалары бар отбасылардың барлығына ай сайын жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы 2 түрге бөлінеді: 6 жасқа дейінгі және 6-дан 17 жасқа дейінгі. 6 жасқа толмаған әрбір ба­лаға 533.33 CAD төленеді. Бұл –  шамамен 155 620 теңге. Ал 6 жастан 17 жасқа дейінгі әр балаға 450.00 CAD төленеді. Аталған сома балалардың санына және отбасының табысына байланысты өзгеріп отырады. Көпба­ла­лы отбасыларға қамқорлық көрсету жө­ні­нен Канада тәжірибесі көп елге үлгі бола алады. Жанар ТОҒЫМОВА, төрт баланың анасы: –    1 қаңтар­дан бастап 42 500 тең­ге көлемінде жәр­демақы алып келеміз.Бұл қаржы бүкіл мәселемізді шешпесе де, отбасылық бюджет үшін біраз кө­мек болғаны рас. Үлкеніміз 4-сыныпта оқиды, кенжеміз жуырда 2-ге толды. Жастары өскен сайын балалардың қа­жет­тіліктері де көбейіп келеді.  Ота­ға­сы­ның жалақысы бірде жетіп, бірде жет­пей қалып жатады. Үлкендерімді мек­тепке апарып, алып келу, кіші қы­зыма қарау, үйдің шаруасы бар, әзірге жұ­мысқа шығуға мүмкіндігім жоқ. Сон­дықтан шығындарды барынша азайтып, жолдасымның табысы мен жәрде­ма­қыны үнемдеп жұмсауға тырысамыз.