8 Наурыз, 13:27 1777 0 Атажұрт Анар ЛЕПЕСОВА

Ел маған «Лондоннан келген қыз» деп қарайды

Елімізде дамыған елдерге қарай бет бұрып қана қоймай, сол дамыған елдерден атамекенге оралып, көш түзеп  жатқандар да баршылық. Мұндай отандастарымыздың арасында Лондонда өсіп-өнген Салтанат есімді қандасымыз бар. Осыдан екі жыл бұрын Ұлыбритания астанасынан Қазақстанның бас қаласына көшіп келген Салтанат бізбен атажұртқа оралғандағы әсерімен бөліскен еді.

– Әңгімемізді әуелі өзіңізді таныстырудан бастасақ. Лондонның дәл өзінен боласыз ба?

– Жоқ, мен Алматыда дүниеге келген­мін. Әкем – Түркияның қазағы, ал анам – Орал өңірінің тумасы, бірақ Алма­тыда өсіп-өнген. Әкем 1986 жылы Түр­киядан Лондонға көшкен. Ал анам 1992 жылы шет тілін үйрену үшін сол елге барған. Шетте жүрген қазақтар әрқа­шан бір-бірін тауып, қолдап-қорғап жү­руге тырысады. Оның үстіне, ол уақыт­та шетелде жүрген қазақтардың са­ны тіптен аз болған. Әкем мен анам сөй­тіп жүріп танысқан, таныстықтың соңы махаббатқа ұласып, ақыры отбасын құрған. Кейіннен төрт жасқа толғаным­да әкем анам екеумізді Лондонға кө­шіріп алды. Менен кейінгі дүниеге кел­ген інім Лондонның тумасы. Қазір де сол қалада тұрады, алайда Қазақстанға деген қызығушылығы зор. Алдағы уақытта атажұртымен жақыннан танысу мақсатында келіп-кеткісі келеді. Өзіме келер болсам, Лондонда мектеп, колледж оқыған соң, University of East London-да ағылшын әдебиеті мамандығы бойынша білім алдым. Тұрмыстамын. Қа­зіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Astana English School-да ағылшын пәнінен сабақ беремін.

– Қазақстанға көшіп келуіңізге түрт­кі болған жолдасыңызбен қайда және қалай таныстыңыз?

– Елге көшуіме жолдасым түрткі бол­ғаннан бұрын, Қазақстанды танып-білу­ге қызығушылығым бұрыннан бар-тын. Ата-анам інім екеумізді үнемі қазақы мәдениеттің иісі аңқыған, қазақша сөй­лейтін ортамен қоршауға тырысса да, өзімді толыққанды қазақ қызы ретінде сезіне алмайтынмын. Бала кезімнен кө­ше ішін қаптаған отандастарымен ете­не араласатын пәкістандық және үн­діс­тандық достарыма қызығатынмын. Мен де сондай жақын араластықты қажет еттім. Өзіммен бірге ұлттас адамдармен жиі араласқым келді. Өзімді ерекше сезінгім келді. Бұл талап-тілегімді шетелдік достарым түсінбейді, оларға түсіндірумен әлек боламын. Ал қазақтар мұны айтқызбай-ақ бірден түсінеді. Жолдасыммен таныстығымды сөз етер болсам, ата-анам Лондонда тұратын қазақтардың басын жиі қосып, Наурызды ерекше тойлатуға тырысады. Бір айта кетерлік жайт, Түркия қазақтарының мейрам тойлауы Қазақстаннан келген қазақтарға қарағанда өзгеше. Қазақстаннан келгендер сағаттап отырып шер тарқатып, ән айтып, би билегенді жақсы көреді. Ал Түркияның қазақтары тыныш бір жерге келіп, тамақ ішіп, сосын үйлеріне қайтқанды құп санайды. Ал менің ата-анам екі жақты тең ұстап, жақсы отырыс әрі концерт жасауға тырысады. Лондондағы отбасылық досымыз Наурыз мейрамын тойлатуға байланысты кезекті іс-шараға жүргізуші ретінде жолдасымды шақырған. Сөйтіп сол жерде танысып, араласып кеттік. Сол жылы жолдасымның Лондон қаласының маңайында орналасқан Ридинг университетінің магистратура бөлімінде оқып жүрген кезі болатын. Кейін оқуын тамамдап, Қазақстанға оралғанда да арамыз үзілген жоқ. Араластығымыз достықтан да үлкен сезімге ұласқан соң, оны­мен бірге отау құру туралы шешім қа­былдап, ата-анамның рұқсатын алдым. Күйеуім – өте керемет жан. Мұндай керемет жанның әркез қасынан табылып, ол қайда барса, мен де сонда барамын деп тәуекелге бел будым. Сөйтіп, 2018 жылдың жазында Алматыда ұзату тойым, ал Жетісайда үлкен тойымыз болды.

– Қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңіріне келін болып түскен екенсіз. Салт-дәстүрді берік ұстанатын Жетісай жері туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз?

– Жоқ, еш хабарым болмады. Тек оңтүстік келіндерінің таңмен таласа ұйқыдан тұрып, кешке дейін аяғы жерге тимейтін дегенді естіп алған ата-анамның бастапқыда уайымға салынғаны бар. Мен «сонша қорқатын несі бар?!» деп түсінбейтінмін. Жалпы, ата-енем түсінігі мол жандар. Менің қандай ортадан келгенімді жақсы түсінді. Мен де шеттен келдім, дым білмеймін деп қол қусырып отырғаным жоқ. Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Ата-енем менен мұндайды күтпесе керек. Салт-дәстүрге келсек, үлкендерге иіліп сәлем саламын. Сәлем салудың анау айтқандай түк қиындығы жоқ екен. Десек те, маған қиындық тудырған бір нәрсе бар.

– Ол не нәрсе?

– Халат кию (күліп). Енем халат кигенімді қалады, алайда мен бұрын-соңды мұндай киім кимегенмін. Келін болып түскеніме екі жыл болса да, әлі күнге дейін халат кигенді ұнатпаймын. Жалпы, өз басым көйлек немесе белдемше кигенді ұнатпаймын. Үнемі шалбар киіп жүргенге үйреніп алғанмын. Жетісайда дала 40 градусты көрсетіп шыжып тұрса да, шалбар киіп алатынмын (күліп).

– Байқағанымдай, қазақшаңызға ағылшын тілін араластырып сөй­лейді екенсіз. Қазақ тілін жетік біл­меу бастапқыда қиындық тудырған болар, әсіресе ата-енеңізбен сөй­лесерде?

– Бастапқыда қазақшам онша болмады. Дегенмен қазір жақсарып қалды. Біреу маған қазақша сөйлесе, әңгімесінің 90 пайызын түсінемін. Ал ресми стильдегі қазақ тілін, мысалы, қазақ тіліндегі жаңалықтарды тыңдасам түсіне алмай дал боламын, себебі олар жылдам  әрі тым ресми түрде сөйлейді. Ал енемнің мамандығы – ағылшын тілінің мұғалімі. Тілім жетпеген кезде ағылшын­ша сөйлеп кетемін. Ол кісі барлығын егжей-тегжей түсіндіріп береді. Ал қайын атаммен қазақ тілінде сөйлесуге ты­рысамын. Десек те, кейбір сөздерді айта алмай қиналамын.

– Әңгіме арасында бала ке­зім­де тек Алматыға бір-екі рет ке­ліп-кеткенім бар дедіңіз. Ал ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласы өзіңіз елестеткендей көңі­ліңізден шықты ма?

– Иә, көңілімнен шықты. Тек алғашқы жылы қиналғаным рас. Климатқа, тамаққа бейімделу оңай болмады. Әсіресе, Нұр-Сұлтанның қысындай қысты өмірімде көрген адам емеспін. Қыстың алғашқы айларында шок болдым. Оның үстіне мұнда достарым да, таныстарым да болмады. Сөздің шыны керек, бұл қалада тұруға қорықтым. Жұмыс жағы да уайым болды. Десек те, жолдасым, мұнда танысқан достарым мен әріптестерім бұл уайымды сейілтті.

– Дамыған мемлекеттен дамушы елге келгендер мұндағы кемшін қалып жатқан тұстарды бірден байқайтыны анық. Сіз нені байқадыңыз?

– Байқағаным – мұнда әлі де болса Совет заманынан қалған менталитет бар екен. Меніңше, бұл елдің дамуына кері әсер етеді. Мысалы, Англияда бірдеңе істегің келсе, өз еркің өзіңде, істей аласың, дәлелдей аласың, барлығы өз қолыңда. Егер кәсібің расымен де қажетті әрі тиімді болса, мұны әрмен қарай дөңгелетіп әкете аласың. Ал мұнда кедергілер көп секілді көрінді. Шет жақтағылар жетілуге, жақсаруға тырысады. Қазақстанда да жақсы атануға талпынып жатқандар баршылық, алайда басым көпшілігі өзіне үйреншікті орыннан қозғалмай, тұрақтап қалғанды қалайды екен. Сосын азаматтарымыздың бойында сәл-пәл жалқаулық мінез де жоқ емес. Жас ұрпақ жаңашылдыққа ұмтылу үшін барын салады, ал үлкендер артқа тартатынын байқадым. Бұған қоса материалистік көзқарасты азайту керек секілді. Мысалы, Англияда тек Рождествоны ғана тойлатады, ал Қазақстанда тойланатын мейрамдар саны көп, әр мейрамда сыйлық ұсыну қажет, оған да қыруар ақша жұмсалады. Тағы бір айта кетерлік жайт, маған барлығы «Лондоннан келген қыз» деп қарайды. Бұл мені ыңғайсыз жағдайға түсіреді. Мен бала кезімнен адамдардың көзіне түскенді ұнатпағанмын, қазір де ұнатпаймын. Мені қатты таңғалдырған жайттардың бірі – жолаушылардың автобусқа кіріп-шығуы. Мысалы, Англияда жолаушылар шыққанша адамдар сыртта күтіп тұрады. Сосын барып мінеді. Ал мұнда есіктер ашыла сала баса көктеп кіреді екен. Тіпті, таптап өтуге дайын тұрады. Таңертең жұмысқа автобуспен бара жатқанымда мұны байқап, басымды шайқаймын. Кейде тіпті мазаңды қашырып жібереді. Десек те, мұнда барлығы мұндай жаман деп айта алмаймын, ұнайтын жақтары да баршылық.

– Сол ұнайтын жағы туралы да айта отырсаңыз?

– Қатты ұнайтыны – халық көпшіл, адамға үйір, араласқанды жақсы көреді. Мысалы, менің бастауыш сыныпқа білім беретін мектептен қалған бір досым бар, орта мектепте бірге оқыған екі-үш досым ғана бар, колледждегілерден бір досым бар. Ал университеттегілерден ешкіммен араласпаймын. Ал мұнда университет түгілі, бірінші сыныпты бірге оқыған сыныптастарымен байланысты сақтап қалады екен. Әр кезеңде дос болған адамдар ұмыт қалмай, жиі-жиі бас қо­сып тұрады екен. Бұл – керемет дәстүр.

 

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

 

Соңғы жаңалықтар