Мәртебелі елші

Мәртебелі елші

Мәртебелі елші
ашық дереккөзі
«Дүниеде ешнәрсе де кездейсоқ болмайды, тек себебін білмегендіктен біз солай деп ойлаймыз. Бір нәр­сенің себебін білу үшін, парсының тағынан да бас тар­т­ар едім» деген екен ұлы ойшыл Демокрит. Шынында, қажеттілік негізінде жаралған ғаламшарда әр нәр­сенің себебі бола ма екен?.. Егер дүние белгілі себеп-мақ­сат­пен жаралған болса, ме­нің де тағ­ды­рымның осы бір әзиз жан­мен то­ғысуы дүниенің «кез кел­­гендікпен» емес, «бір-біріне се­беп­­пен бай­ла­ныстырылып» жара­тылғанындай, бізді байланыстырған уақыт кеңістігі жоқ Абай әлемі, руханият әле­мі ме деп ойлаймын. Бірақ мұ­ның бәрі қажеттіліктен туындап тұр ма, әлде сәйкестік пе?! Қан­дай бол­са да, мен көненің көзін көрген, асыл­дардың сөзін ілген, бар қазақ­тың мұңын мұңдап, болашағы үшін қамын жеген, өз ұлтының қыз­ғыш­тай қорғаушысы, еліміздегі ең таң­даулы, бағзы заманның абыз-би­ле­рін­дей аузы дуалы кісіден ақ бата алып, үлкен сеніміне ие болу ба­қы­ты бұйырған жанмын. Әлі есімде, 11-сыныпта оқып жүр­ген кезім. Сыныптас құр­бым: «Шахинұр, сен хат жазған әлгі кісі кім?», – деп сұрады. Мен оған таңдана қарадым. Шамасы, ме­нің қадалған көзқарасымда: «Сен қа­лайша білмейсің?» деп кіналаған сұрақ тұрды-ау деймін, құрбым әжеп­тәуір қызарақтап күмілжи бас­та­ды. Оны ары қарай қинамайын деп, үлкен кісінің бүкіл атақ-даң­қын жіпке тізген маржандай қылып айтып жатқанымда құрбым «ойбай» деп, ұялғанынан бетін баса қаша жө­нелді. Әйтеуір, соңғы айтып үл­герген сөзім «Мәртебелі елші» болды... Иә, мен құрбыма «Мәртебелі елші» деп қате айтқан жоқ едім. Ағаның өзі сыйға берген том-том кітаптардың ішіндегі күнделік жазбалары былайша басталады: «Еге­менді ел, тәуелсіз мемлекет бол­ған соң сыртқы саясатты нығайту мақ­сатымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мәскеуден, жер дүниеден қазақ дипломаттарын жинап, Сыртқы істер министрлігін нығайтып, жан-жаққа өзінің алғаш­қы Төтенше және өкілетті елші­лерін тағайындап жатты. Мың то­ғыз жүз тоқсан үшінші жылы шіл­денің ортасында мені Нұрекең ша­қырып: «Тәуелсіз мемлекеттігімізді ор­натуға кірістік, бес жыл тізе қо­сып бірге істедік, үнемі жанымда бол­­дың, елге еткен еңбегің аз емес, оны жұртшылық біледі, мен сені тағы бір жауапты қызметке жібергелі отырмын. Иран – бізбен тарихи сабақтас, іргелес, стратегиялық жағынан Қазақстан үшін орны ерекше ел, сонда елші болып барсаң қайтеді?», – деді. «Президент сенімінен артық не бар?». Нар тәуекел! Белгілі қазақ қайраткерінің, пассионарлық қуаты мол тұлғаның «байырғы мәдениеттің, ғажайып ертегілердің, керемет ақындардың Отаны» Иран Ислам Республикасындағы елшілік қызметі жемісті де жеңісті болғанына күнделік беттерінде куә боласыз. Бұл жол оңай болмағаны айдан анық. Кітапты оқи отырып, Иран елімен мәдениетіміз ортақ, тарихымыз төркіндес болғанымен өмір сүру қағидалары мүлдем бөлек екенін, оның үстіне «Иран-Ислам, оның арғы жағы фундаментализм, экстремизм» деп, қоғамда қа­лып­тас­қан ұғымның қаншалықты шын­­дыққа жанасатынын байқай­сыз. Дипломатияның нәзік, терең сырларына қанығасыз. Иірімдеріне бойлайсыз. Куба көсемі Фидель Кастро халқымыздың бірегейі Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабын әскери жарғы ретінде жаттатқызады екен деп бала кезімізде естіп таңданатынбыз. Осы жағынан қарағанда «Елші күнделігі» де жас дипломаттарға өмір бойына азық болары даусыз. «Саясат – от, отпен ойнауға әсте болмайды» дейді сұңғыла саясаткер. «Сыртқы саясат – мемлекет бас­шы­сы­ның қасиетті міндеті, басты сала­сы, оны жүзеге асыратындар – Сырт­қы істер министрлігі, елшілер», «Сырт­қы саясатқа шыбықтай, әдіс­қой, майысқан икемділік, айла, тәсіл керек», «Мақсат – тек идея емес, оны жүзеге асыруда», «Дип­лома­тия – жаяулар жарысы емес, айлакерлердің, әдісқойлардың, тө­зімділердің өнері, оған үлкен парасат керек», «Дипломаттың әр сөзі – алтын, отырысы – орда болу қажет» деп, ордалы ой түйеді беделді дип­ломат. «Қарамағымдағы жігіттер жас, тәжірибесі жоқ, кәсіби дипломаттар емес. Сондықтан оларға Иран тарихы, мәдениеті, ішкі-сырт­қы саясаты, экономикасы, ис­лам­ның тарихы жөнінде сабақтар ұйым­дастыруым қажет. Тарихын, мә­дениетін, психологиясын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін білу де, сыйлау да қажет. Ол – мәдениеттің үлкен бел­гісі деп білемін. Абайға, Шә­кәрім­ге, Тұрмағамбетке, өзге де кітаби делінетін ақындарға ықпал жасаған шығыс поэзиясы, оның ұлағаты да зерттелуі керек» деп жазған өнегелі ұстаз-ғалым сөзінен қа­рекеті көп екенін дәлелдей түседі. Ежелгі заманнан бергі тарихында өзі­нің елдігін, мемлекеттігін жой­маған, мыңдаған жылдық тарихы бар ежелгі ел – парсы жұртында ұлы Абайдың 150 жылдығына байла­ныс­ты Абай күндерін өз деңгейінде өткізуге барын салады. Елші мырза көне мәдениеттің ошағы – Иранда Отырардан шық­қан бабамыз әл-Фарабиді Иран­ның, парсының ғалымы деп та­ни­тынын, ол туралы том-том зерт­теулер жазылғанын мысалға кел­тіреді. Мұндағы көне кітапханаларда қазақтар туралы мәлімет он үшінші ғасырдан бері үзілмей келетінін естігенде, алтын кеніш тапқан жас баладай қуанады. Осы күнге дейін біздің ғалымдары­мыз­дың қолына түспеген ғұлама Фараби трактаттарының қолжазбаларын екі жылдай іздене жүріп, «шығыс­тың байырғы кітапханаларында үн­сіз жатқан қазынамызды» тауып, өз үйіріне қосады. Бұл – ғылымдағы, фарабитанудағы айрықша оқиға еді. Мұнымен қоймай, Біртұтас Түркістан мемлекетін құру идея­сын жүзеге асыра алмай арманда кеткен, заманынан озық туған Мұстафа Шоқай туралы тың деректер ізіне түсіп, ұлт үшін өмірін сарп ет­кен азаматтың еңбектерін жаң­ғыртуға мақсатты жоспар түзе оты­рып, мол үлесін қосады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде қалып­тас­қан ауыр жағдай қазіргі кезде бәрі дайынға үйренген біздер үшін үл­кен сабақ. Елші күнделігінен сол уа­қыттағы халықтың қиын тірші­лігін өз көзімен көріп, жүрегімен сезген тұлғаның «елімнің болашағы қайткенде жақсарады, қайтсем септігім тиеді?» деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген жан қиналысын аңғарасыз. «Тоқтының бағасы – 200 теңге (4 доллар)... Біз Теһранда қой­дың етінің келісін 4 доллардан алып отырмыз. Керосин шамның екі шишасы, бес кір сабын, бір қой­дан көрінеді. Кейбіреулер ұн қарыз ала бастапты. Төбе шашым тік тұр­ды, жанымыз түршікті. Қолында ақ­шасы жоқ қазақтың қойы қан­шаға жетер дейсің? Сосын не істемек?» дейді де, «Елдің жолында – басын, шындық жолында – барын төгетін азаматтар жоқ деп айта ал­маймын. Олардың да ертең жар­қырап күні, ажарланып айы туатынына, жорытқанда жолы болатынына күмән жоқ» деп алдағы күнге нық сеніммен қарайды. Қарыз үлкен бе, әлде парыз ба?! Парыз ол – Алла Тағала­ның тарапынан бізге Пайғамбары­мыз (с.ғ.с) арқылы «білдірілген жар­­­лығына» мойынсұну, бес парыз­ды орындау болса, Мырзатай аға күн­делігінде ең алғашқы намазды Иран мемлекетінің президентімен бір­ге тұрып оқығанын, ішінен елі­нің амандығын, жұртының ты­ныш­ты­­ғын тілеп тұрғанын жазады.  Да­на Абайдың отыз жетінші қара сө­зінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп жазыл­ғандай, Мыр­затай аға Жолдасбе- ков – әуелі, өзі­нің адамшылығы ал­дындағы, от­басы, Отаны, елі, жері алдындағы үл­кен қарызын өтеген Алланың ша­пағаты түскен сүйіктісі. Құдай­дың бір есімі «Бар қылдыру­шы» (Әл-Уажид), сипаты «Болдыртушы» (Тәкуин) болса, адам болып кө­рін­бей, бойындағы Құдай Таға­ланың берген бүкіл қасиетін жүзеге асыра білген, «бола білу» өнерінің шыңына жеткен, әр қазақ азаматы үлгі алып, «ұқсауға» тырысатын абыз тұлға. Ал ғаламдық мәселеде жастар осы ұғымдардың – қарыз бен парыздың мә­нісіне жете бермегендігінен «ниһая­тсыз Құданың жо­лынан» жаңы­лып, шектеулі ой, жалған сте­реотиппен әртүрлі радикалды ағым­дардың жетегінде кетіп бара жат­қаны, қарызды қойып, «парыз­ды орындау – міндет» дең­гейінен аса алмай отырғаны – қо­ғам­ның жегі құрты екені ақиқат. Шәкәрім ақын: «Ат болсын, киім болсын, мінез болсын, Құба төбел істі қыл жарасымды», «Артық алу, не кем салу, Қапы қалу жарамас», – деп әр істің «өл­шеуін білмек – бір үлкен керек іс» еке­нін, ифрат не тафрит қылудың зиян­ды екенін айтса, аға күн­делі­гі­нен «Біз Мәрия екеуміз өмір бойы құбатөбел күй кешіп келеміз» деген жол­дарды тебіренбей оқымау мүм­кін емес. «Мәрия – отбасының ғана емес, әулеттің шамшырағы. Мәрия – бақытым, қалғаны – байлығым» дейді. Рас, Мәрия апа – ел анасы. «Жүрегі – жылы, бойы – құрыш» жа­ны ізгі жақсы жандардан дана Абай айтқан «сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасы­на анық раушан болып түсетін» ұлт­тық дүниетанымымыздағы мұ­сыл­манның нағыз образын көресіз, ұқсауға тырысасыз, өнегелі ғұмыры әрбірімізге өнеге болсын дейсіз. Өйткені он сегіз мың ғалам «кәмә­ләт­ті шеберлікпен», асқан үйле­сім­мен жаратылса, соның ең артық бөл­шегі, ұлы махаббатпен жаратыл­ған ірі туындысы ақыл иесі адамның өз-өзімен, табиғатпен, мінсіз иемен үйлесімде болып өмір сүруі кім-кімге де темірқазық бағдар. Айналасына шуақ шашып, жүзінен нұр төгілген хал­қы­мыз­дың ардақтысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт­тық ұлы мұраттарға аянбай қызмет етіп жүрген «жүрек қуаты мол тұл­ға», филология ғылым­дары­ның док­торы, профессор, мәртебелі елші Мыр­затай Жолдасбеков, міне, осындай кісі. Қазақ жұрты сыйлаған ел аға­сына ұзақ ғұмыр, зор ден­саулық, от­басына амандық, өмірдегі бар жақ­сылықты тілей отырып, ұлы­лы­ғыңыздың ұшқыны ұрпа­ғыңызға, әрбір қазақтың баласына дарысын демекпін. «Жиған-сызғаны кие, Келер де күнге елші боп барар!» – деп Өтепберген ақын айтқандай, еліміздің тарихындағы ұлы тұлға­лар­ды «Асылдарым» деп ардақтай біл­ген Мырзатай аға Жолдасбеков те «асылдар» қатарына еніп, есімі ал­тын әріптермен жазылып, мәңгі жасай беретініне бек сенімдіміз.

 Шахинұр Сәдуақас