Ұрыс Мұхаммед хан – Ақ Орданың құдіретті билеушісі

Ұрыс Мұхаммед хан – Ақ Орданың құдіретті билеушісі

Ұрыс Мұхаммед хан – Ақ Орданың құдіретті билеушісі
ашық дереккөзі
Тарихта тұлғалардың рөлі әрқашан жоғары болғаны белгілі. Солай болып қала бермек те. Себебі тарих – түр­лі үдерістердің бір қалыпқа тоғысқан ар­насының жемісі дегенімізбен де, осы үде­рістердің бет-бейнесі мен бағытын ай­қын­дап отырған белгілі тұлғалар болатыны шын­дық. Ұлттық тарихымызды түгендеп, елдігіміздің өткен жолына үңіле қараған сайын тарих көшінің қалың ізінен олардың тұлғалық қасиеттері менмұндалап көз тартады. Сондай тұлғаларымыздың бірі – Ұрыс Мұхаммед ханның  қазақ тарихындағы өзіндік орны ерекше. Ұрыс (Орыс) хан қазақ хандары әулетінің негізін салушы және Ақ Орданың даңқты билеушісі ретінде белгілі. Ұрыс хан ортағасырлық деректерде мұсылман билеушісіне тән жағымды қасиеттердің бәрін иеленген тұлға ретінде суреттелген. Ол өз мемлекетінің аумағында мешіт, медреселермен қатар басқа құрылыстар салдырған, елде тәртіп орнатып, жаугершілік кезінде әскердің алдыңғы сапын бастаған батыл мінезді, күшті әрі құдіретті билеуші кейпінде ел есінде қалған.

Ұрыс ханның өмір дерегіне қатысты бірер сөз

Ұрыс хан туралы сөз қозғаған­да ауызға алынатын алғашқы сұрақ хан­ның есіміне байланысты туындайды. Себебі Ұрыс ханның есімі әде­биеттерде түрлі жазылып келеді. Соңғы кезеңдерге дейін кө­бі­­несе Орыс хан деген атпен белгілі бол­ды. Зерттеуші Т.Сұлтанов хан­ның лақап есімінің Орыс деген атпен белгілі болуын «Орус» этно­ни­микасының фонетикалық түрі деп түсіндіреді. Зерттеуші З.Қинаятұлы да оны Орыс хан деп жазады және бұл лақап атаудың шығуын ханның түр-түсінің орысқа ұқсауымен, яғни сары шашты, сары түсті болуымен байланыстырады. Кейбір авторлар ханның есімін Арыс, Ырыс хан деп те жазып жүр. Ұрыс хан араб-мұсылман де­ректерінде Мухаммед атымен белгілі. Ортағасырлық дерек­тер­­де 12.VI.1374–1.VI.1375 жылдары бұл хандықты (Ақ Орда – авт.) Урус атты адам бастады. Айбек хан­ды тақтан тайдырған сол еді. Оның аты Мухаммед, ал Урусь ла­қап аты болар деген мәліметтер сақ­­талған. Сондықтан деректерге сүйе­не отырып біз ханның шын есі­мі Мұхаммед, ал Ұрыс деген ла­қап есімі расымен-ақ түркі тіліндегі «ұрыс» не «шайқас» деген сөзден шық­қан деген пікірге сүйендік. Ұрыс ханның туған жылы да белгісіз. Осы мәселеге арнайы тоқталған З.Қинаятұлы «Әке­­сі Шымтай орда тағын билеп тұр­­ған 1345-1361 жылдары оған «Са­­рай би­лігін қолға алу» жайлы ақыл-кеңес бере бастағанына қара­ғанда, ағасы Мүбәрәк қожаның тәуел­­сіз саясатын қолдаушы, жал­ғас­тырушы ретінде еліне таныл­ғанын ескерсек, ол әкесінің көзі тірісінде Ақ Ордадағы саяси тұлға ретінде қалыптасқанын көре аламыз. Моңғолдардың ата дәстүрі бойын­ша қол бастау 25-30 жастан, ел бастау 40 жас шамасынан басталады. Моңғол жұртында «Дөч Хүрсэн эр, дөрөв дарсан ат» деген ұла­ғатты ұғым бар. Бұл «Қырыққа толған ер елдің жүгін, төрт тісті атан үйдің жүгін көтерер» деген мағына береді. Шыңғысхан 44 жасында дүйім моңғолдың, Жошы 44 жасында Жошы ұлысының хан та­ғына көтерілсе, бұл әулеттен шық­қан төрт ұлы қағанның барлығы да қырықтан асқан шағында қаған тағына отырғаны белгілі. Қанша батыр болса да, 25-30 жасқа толған ер қол бастамаған. Ұрыс ханның ұлдары (Тоқтақия, Құтылық Бұға) 1374-1375 жылдары Тоқтамысқа қарсы жорықта қол бастап шықты. Осыларға қарағанда Ұрыс хан 1361 жылы 40-45 жас шамасында таққа оты­рып, 50-55 жас шамасында (1377-1378) дүниеден өткен болуы мүм­кін бе деп пайымдауға мүм­кін­дік бар. Олай болғанда 1323-1325 жыл­дар шамасында дүниеге келуі мүмкін» деген пікір білдірген. Ұрыс ханның өмірбая­нынд­ағы тағы бір маңызды мә­се­ле – ханның шығу тегіне қатысты. Ұрыс ханның шығу тегін анықтау арқылы біз қазақ хандарының ше­жі­ресіне қатысты даулы мәселеге нүк­те қоя аламыз. Зерттеуші Б.Кәрібаев қазақ хандарының шығу тегі мәселесі туралы: «Бұл сұраққа дұрыс жауап тапқанымызда біз, ХІІІ-ХV ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы мемлекеттілік, саяси, билеуші әулеттер тарихының мә­селелерін, ең бастысы Қазақ ханды­ғындағы билеуші әулеттің шығу тегі мен ол әулеттің ХV ғасырдың ортасына дейінгі Қазақстан аумағында­ғы тарихынан хабардар боламыз. Сондай-ақ Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жә­ні­бек хандардың не себепті жаңа этникалық сипаттағы мемлекетті қалыптастыруға күш салып, күрес­кенін түсіне аламыз. Міне, сол се­беп­ті де, тарихшылар үшін Қазақ хан­дығының құрылуы тарихын зерт­теуде хандықтың негізін қалап, оны билеген әулеттің шығу тегін анықтаудың маңызы ерекше» деп атап көрсеткен болатын. Қазақ хандары Тұқай Темірден таралады деген пікірді жақ­таушы ғалымдар Әбілғазының де­регіне сүйенеді. «Ұрыс шыққан әулет, Әбілғазының айтуынша, Жо­шының кіші ұлдарынан тарайды, олардың аталары Тоқай Темір», – деп 1856-1857 жылдары Шоқан Уә­лиханов жазса, Шәкәрім Құдай­берді­ұлы «Жошының төртінші баласы – Тоқай Темір, біздің қазақ осы­ның қол астында болған және Әбіл­мансұр – Абылай ханның арғы ата­сы осы еді», – деп көрсеткен. Ұрыс ханды тікелей Орда Ежен­нен тарататын мәлі­мет­терді ортағасырлық белгілі авторлар Рашид ад-дин, Муин ад-дин На­танзи, Гаффари мен Хайдар Ра­зи­­дың шығармаларынан кездес­тіреміз. М.Тынышпаев қазақ хан­да­рының соның ішінде Ұрыс ханның Орда Еженнен тарайтынды­ғын қазақ дәстүрі бойынша шежіредегі аталардың буынын санау ар­қылы көрсетіп, сондай-ақ «тіпті қа­зақтарда, оның ішінде Шыңғыс ұрпақтарында белгісіз бір Ежен хан жөнінде естелік қалған (кейбір тө­релер оны өздерінің түп атасы деп сан­айды), ал Тұқай Темір оларға мүл­де беймәлім» деп дәлелдейді. Зерттеуші Т.Сұлтанов Тұқай Те­мір мен Орда Ежен ұрпақ­та­рының ұлыстарының аумағын анықтай келе, «Ұрыс хан – Жо­шы­ның үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпа­ғы деген қорытынды жасаймыз» деген қорытындыға келген. Зерттеуші Берекет Кәрібаев қазақ хандарының, соның ішін­де Ұрыс ханның шығу тегін Ор­даежендік деген пікірді қолдай ке­ле, Ұрыс ханның ата тегін Тұқай Темірден тарататын ортағасырлық жазба деректерді, соның ішінде шай­банилық ХVІ ғасырдың алғаш­қы жылдарында жазылған, авторы белгісіз, «Тауарих-и гузида-йи нус­рат-наме» еңбегінің субъективтілігін анықтаған. Зерттеуші «қазақ хандарының шығу тегін бұрмалап көрсету Мауе­реннахрдағы шибан әулетінен басталып, Хорезмдегі шибан әулетіне де кең таралады. Жалпы, Шибан әулеті өкілдерінің Тұқай Темір ұрпақ­тарына қарап, «Біз сендерден артықпыз» деуі – олардың Мауереннахр мен Хорезмнен басқа Шығыс Деш­ті Қыпшақта да билік жүргізуге ұмтылғандығын, ал қазақ хандары­ның Шығыс Дешті Қыпшақ аума­ғында билік етуге оларға қараған­да құқын төмен екендігін көрсетеді. Осылайша, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегіндегі шежірелік материалдарға сыни көзқараспен қарау – қазақ хан­дары­ның арғы атасын Жошының кенже ұлы Тұқай Темірден таралады деген мәліметін қате, әдейі бұрмаланған деуге негіз береді. Со­ған байланысты осы қате, әдейі бұрмаланған мәліметке сүйе­ніп пікір айтқан зерттеушілердің де тұжырымдарын бұрыс деп есептейміз» деген қорытынды жасайды. Осылайша, Ұрыс ханның шығу тегінің орда ежендік екен­дігін қолдай отырып, Ұрыс хан әулетінен тарайтын қазақ хандары­ның да шежіресін айқындай аламыз.

Ақ Орданың этносаяси тарихы туралы

Ғылыми әдебиеттерде Ұрыс ханның өмірі мен қызметі жал­пы Ақ Орда тарихымен, оның ішін­де Ақ Орда мемлекетінің ХІV-ХV ғасырдағы саяси тарихымен, Шы­ғыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Алтын Ордаға тәуелсіз хандардың өз билігін нығайту жолындағы кү­ре­сімен, кейініректе Ақ Орда хан­да­рының ыдырап бара жатқан Алтын Ордадағы қырқысқа араласуымен, содан соң Орта Азия билеушісі Әмір Темірдің агрессиясына тойтарыс беруімен тікелей байланысты болғаны анықталған. Рашид ад-Диннің жазуынша Орда Ежен әкесінің тірі ке­зін­де және ол қайтыс болғаннан кейін де, Жошының мұрагері ретінде оның екінші ұлы Бату болғанына қа­рамастан, үлкен бедел мен құр­мет­ке ие болған. Тіпті, Менгу-қаған­ның жарлықтарында Орданың аты ал­дымен қойылатын. Олар (Орда Ежен ұрпақтарының) өз патшалары мен билеушілері ретінде Бату мұра­герлерін санайтын дәстүр­лері­не қарамастан іс жүзінде өз ұлыс­тары­ның тәуелсіз билеушілері болып табылған. Бұл жағдайды археоло­гия­лық ескерткіштер де дәлелдей тү­седі. Арада біраз уақыт өткенде Ақ Орда билеушілері Сығанақ қала­сында өз аттарынан теңге де шы­ғара бастаған. ХV ғасырдағы Шығыс Деш­ті Қыпшақтың саяси бірлес­тіктері – ХV ғасырдың алғаш­қы жар­тысындағы көптеген ұсақ ұлыс­тар мен Ақ Орда, Әбілхайыр хан­дығы, Ноғай Ордасы, Қазақ хан­ды­ғы­ның Орта және Кіші жүзі іс жү­зін­де біртектес этникалық құ­рам­­нан тұрған. Олардың этникалық н­е­­гізін әртүрлі пропорциядағы бір-бірінен мәдени-тұрмыстық, тіл­дік, шаруашылық тұрғыдан ешбір айырмашылығы жоқ, бірдей түркі және түркіленген тайпалар құраған. Ортағасырлық деректерде де осы аталған мемлекеттер мен құрылымдарда Жошы ұрпақ­тары­ның билік құрған бұтақтарына бағынған бір ру-тайпадан шыққан әмірлер мен бектердің есімдері жиі ата­лады. Әсіресе, деректерде де қып­шақ, найман, қоңырат, қарлұқ, үй­сін, керей, маңғыт сияқты ірі тай­палардың атаулары жиі кездеседі.

Ұрыс хан – дербес Ақ Орда мемлекетінің билеушісі

Ұрыс хан тұсында Ақ Орда Алтын ордадан бөлініп, жеке мемлекетке айналды. Жалпы, Алтын Орда тарихындағы 20 жылға созылған «дүрбелең жылдары» саяси дағдарыс күшейе түсті. Алтын Ордадағы сеператистік қозғалыстар жалпы Жәнібек хан тұсында-ақ байқала бастағанын атап өтуге тиіспіз. Ортағасырлық парсы тарихшысы Муин-ад-дин Натанзи Ақ Орда ханы Сасы Бұқаның 30 жыл билік құрған кезеңінде Алтын Орда хандарына бағыну жолы мен құрылтайға қатысудан бірде-бір рет бас тартпағанын жазады. Сасы Бұқаның ұлы Ерзен де беделі Өзбек ханмен бірдей дәрежеге жеткеніне қарамастан, бағынушылық жолынан бас тартпаған. Ал оның ұлы Мүбәрәк қожаның дербестікке ұмтылған әрекеттері сәтсіз аяқ­талғаны белгілі. Мүбәрәк қожа Сайын хан (Батый) ұрпақтарына бағынудан бас тартқанымен, оның бүлігі халық ішінен қолдау таба алмаған. Ал Жәнібек, Бердібек, Келдібек хандар тұсында билік құрған Шымтай «дүрбелең жылдары» Алтын Орда тағын иеленуден бас тартқан. Ақ Ордадағы Шымтай хан­ның 17 жыл билік құрған ке­зінде Алтын Орданың батыс ие­лік­терінде басталған шиеленістер Ақ Орданың Сарайдан бөлінуіне ықпал етті. «Ескендір анонимі» бойынша Ақ Орда билеушісі Шымтай өзінің би­лі­гінің соңғы жылдарында бұрынғы Орда Ежен ұлысын тәуелсіз түрде жеке өзі басқарды. Ал Шымтайдың ұлы Ұрыс хан тұсында Ақ Орда тәуел­сіз елге айналды. Ұрыс әкесі Шымтай хан өл­гесін 1361 жылы Ақ Орда­ның тағына отырды. Әкесінің көзі тір­ісінде-ақ орданың саяси өміріне араласа бастаған еді. Ақ Орда тари­хын­да да орын алған саяси тұрақ­сыздық кезеңінде Ақ Орда әлсіреп, Сырдария бойындағы бас қалалары­нан айырылған болатын. Муин ад-Дин Натанзидың хабарлауы бойынша хижраның 751-765 (1351-1364 жж.) Алтын Ордада Орда Ежен әуле­тінен тараған 8 хан өлтірілді. Бүліншілік орда билігіне 1361 жылы Ұрыс ханның келуі арқасында бірер уақыт тыныштық тапты. Ол ең алдымен Ақ Ордадағы ішкі алауыз­дық­тарды тыйды. Тоқтамыс хан өзіне қолдау көрсеткен Шығыс Дешті Қып­шақ ру-тайпалары шырын, барын, арғын, қыпшақтарға арқа сүйеп, Шымтай ханнан кейін Ақ Ор­дадағы билікті иеленген Ұрыс ханға қарсы шығады. Мұның бір се­бебі Ұрыс хан билікті қолына алы­сымен өзіне бағынудан бас тарт­қан билеушілер мен әмірлерді жазаға ұшыратқаны белгілі. Солар­дың ішінде Маңғышлақ өлкесінің билеушісі Тайходжа оғлан да бар еді. Ал оның ұлы Тоқтамыс әкесінің өлімінен кейін жеке басына төнген қауіптен қашып, Әмір Темірден пана тапқаны белгілі. Әмір Темірдің қол­дауына сүйенген Тоқтамыс Ұрыс­ ханға қарсы күресінде Өтеміс қа­жының сөзімен айтсақ «Тоқта­мыс-оғланның ата-бабасынан бері келе жатқан ежелгі елі – шырын, барын, арғын, қыпшақтарға» сүйен­ген. Бұдан әрі дерек авторы аталған ру-тайпа басшылары Тоқтамысқа кісі салып, өздерін Ұрыс ханның қы­сымшылығынан құтқаруды сұра­ғандарын атап көрсетеді. Көріп отырғанымыздай, Ұрыс хан өз билігін нығайту жо­лын­да ең алдымен жеке дара би­лікке ұмтыла бастаған кейбір Жо­шы ұрпақтары мен олар арқа сүйе­ген ру-тайпа көсемдерінің сепаратистік пиғылдарын тыйды. Мұсылман шежірелерінде Ұрыс хан батыл мінезді, қа­жыр-қайратты билеуші ретінде сипатталады. Ол Алтын Орда төңі­ре­гінде қалыптасқан келеңсіз жағ­дай­ды пайдаланып әуелі Ақ Орданы күшейтіп, сонан соң Сыр, Еділ бойын­дағы қалаларды өзіне бағын­дыруды көздеді. Осы мақсатпен 1367 жылы дала көшпенділерінің игі жақсыларының басын қосып, ұлы құрылтай шақырып, Алтын Ордаға қарсы жорық мәселесін күн тәртібіне қойды. Ақ Орда ақсүйек­терінің көпшілігі Ұрыс ханның стратегиясын қолдады. Құрылтайға қатысу­шы­лар­дың қолдауына ие болған Ұрыс хан 1361-1368 жылдары әуелі Сыр бойындағы қалаларды, соның ішінде Ақ Орданың орталығы Сыға­нақты қол астына қайтаруға күш салды. Сығанақта Ұрыс ханның аты­на ақша соғылды. 1368 жылы Еділ жорығына аттанады. 1372 жыл­ға дейін Солтүстік Арал маңын, Маңғыстау және Батыс Қазақстан жерін өзіне қаратты. 1374-1375 жж. Сарайшық, Қажы-Тархан (Астрахан), Сарай, әл-Махруса мен Сарай әл-Жадидті басып алып Алтын Ор­даға өз билігін орнатты. 1377-1378 жылдары Сарайда Ұрыс ханның атына бірнеше рет ақша соғылды.

Ұрыс ханның Тоқтамыс пен Әмір Темір одағына қарсы күресі

Ақ Орданың даңқы асып тұрған осы жылдары Тайқожа ұлы Тоқта­мыс Мауераннахрға қашып барып Әмір Темірдің қолдауына ие болуымен Ақ Орда билеушісінің жаңа сая­си қарсыласы пайда болды. Әмір Темір Орталық Азияда өз билігін нығайту үшін Алтын Ордадағы саяси жағдайды ба­қылап отырды және солтүстік көр­шісінің күшеюін өзінің ұлы дер­жавалық мақсатына қауіп ретінде көрді. Оны әсіресе Ұрыс ханның кү­шеюі уайымдатты. Әмір Темір Тоқтамысты қолдауының себебі Ақ Орда мен Алтын Орда тағында өз ық­палынан шықпайтын қуыршық билеуші арқылы өз билігін кү­шей­туге ұмтылды. Ортағасырлық деректерде «Тоқ­тамыстың Самарқанд­қа келгенін білген Темір өз істерін тастап, оның келуін жоғары ба­ғалады. Темір оған құрмет пен сый-сия­пат көрсетуде мүмкін болған­ның бәрін жасауға күш салды, пат­шаға лайық тартулармен той өткіз­ді. Оған (Тоқтамысқа) және оның серіктеріне ақылға сыймайтын және сансыз көп алтындарды және қым­бат әшекей бұйымдарды, қару-жа­рақ және маталарды, аттарды жә­не түйелерді, шатырлар мен қос­тарды, барабандар мен жалауларды, жасақтар мен әскерлерді, жалпы қаламмен жазып бітпейтін сый-сияпат берді. Оған деген құрметінің белгісінде оны өз ұлы деп атағаны» туралы айтылады. Әмір Темір Тоқтамысқа қол­дау көрсетіп қана қоймай, оған Ұрыс ханның иелігіне кіретін Оты­рар және Сауран аймақтарын бө­ліп беріп, алдын ала «сый» ретінде ұсынып қойды. Сауранның билеушісі Ұрыс хан­ның ұлы Құтлық-Бұқа еді. Бірінші шайқаста Темір берген әскер басында тұрып жеңіліс табады. Бұл жағдай Темірдің Тоқтамысқа деген қатынасын бұзбады, тіпті тағы бірнеше айдан соң Мәуе­рен­нахр билеушісі берген әскерді бас­қарып Тоқтамыс Сығанақ шекараларына келеді. Бұл жолы ол Ұрыс хан­ның ұлы Тоқтақияның қарсы­лы­ғына тап болады. Тоқтамыс тағы да жеңіліп қана қоймай, жараланып, Сырдариядан жүзіп өтіп құтылды. Бұдан кейінгі оқиғалар туралы М.Сафаргалиев былай деп жазады: «Ұрыс ханның өзі Тоқ­тамысқа қарсы әскер жинады. Ұрыс ханның қалың қолмен дайындалып жатқанын Тоқтамыс жағына өтіп кеткен, кезінде Ұрыс ханның сарайында бас әмір болған Бал­тық­шының ұлы Едіге қарсы жаққа хабарлап үлгереді. Деректерге сүйен­сек, Ұрыс хан Темірге: «Тоқтамыс ме­нің баламды өлтірді және сенің аймағыңа кетті. Менің жауымды маған ұстап бер, егер де көнбесең, онда соғысатын жерді айт» деген та­лап қояды. Алайда Әмір Темір Тоқ­тамыстың жақтасы және досы бо­лып қала берді. «Ол менің мемлекетімнен өзіне баспана тапты, – деп жауап жазды Темір. – Мен оны ұстап бермеймін, ал соғысты айтсаң мен оған дайынмын». Темір мен Ұрыс хан арасын­да­ғы ашық соғыс 1377 жы­лы қыста басталды. Мемлекет билеу­шілері басқарған екі жақ әскерлері Сығанақ қабырғаларында кездесті, алайда кенеттен өзгерген ауа райынан екі тарап соғыса алмай тарап ке­теді. 1377 жылы көктемде Темір та­ғы Ұрыс ханға қарсы жо­рық­қа аттанды, алайда үлкен шай­қас болмады, өйткені Ұрыс хан қай­тыс болған еді.

Ұрыс ханның қазасы жайлы

Ұрыс ханның қайтыс болуына байланысты да бірнеше пікір қалыптасқан. Ортағасырлық ав­торлар Муин ад-дин Натанзи, Гаффари және Хайдар Разидің хабарлауынша хан ақ өліммен қайтыс болған. Ал Өтеміс қажының хабарлауынша Ұрыс хан Тоқтамыс ханға ілесіп Ұрыс ханнан бөлініп көшкен шырын, барын, арғын, қыпшақ жә­не т.б. елдердің қашқан адамдарын қуған ұрыста қаза болған. Аталған дерек мәліметтерін талдай келе зерттеуші З.Қинаятұлы: «егер 1376-1377 жылдары Ақ Орда билеуші­лерімен Мауераннахрлықтар арасында болған Сауран, Сығанақ шай­қасына Ұрыс хан тікелей қа­тыс­пағанын ескерсек, ал 1379 жы­лы Қараталда Темір-Мәлік хан және Тоқтамыс қолының арасында болған ақтық шайқас кезінде Ұрыс хан бұл пәниде болмағанына мән бе­рер болсақ «Ұрыс хан соғыста өл­ді» делінетін пікір қолдауға тұр­майды. Басқадай көптеген авторлар Ұрыс хан «қаза тапты» демейді, «өлді», – деп жазады. Біз жоғарыдағы жай­ларды ескере келіп, Алаштың қаһар­ман ханы Ұрыс хан «Алланың ажа­лынан өтті»,– делінетін дәйек орын­ды деп танимыз» деген пікір білдіреді. Сығанақ шайқасында жеңі­ліс­ке ұшырап шегінген Те­мір-Мәліктің ізіне түскен Темір-Тоқ­тамыс қолы 13 күн-түн жүріп Бал­қаштың Жирен қамысындағы Ұрыс хан қосынына жеткенде Ұрыс хан дүниеден өтіп, оның орнын ұлы Тоқ­тақия басқаны белгілі болады. Бұл уақыт мерзімі жағынан 1377 жыл­дың қысы немесе 1378 жылдың ерте көктеміне сай келеді. З.Қинаятұлы М. Сафарга­лиев­тің хижраның 779 (1377-1378) жылы Ұрыс ханның атына ақша соғылған деректерге қарап «Ұрыс хан жоғарыдағы оқиғадан сәл кейінірек дүниеден өтті ме?» де­ген пікірлеріне де күмәнмен қа­райды. Ол: «Ұрыс ханның атына со­ғылған ақшалардың датасына қа­рап оның қайтқан уақытын ай­қындау мүмкін емес. Өйткені әке ор­нын басқан Ұрыс ханның ұлдары кейін хан әкесіне арнап ақша соқ­тыруы әбден мүмкін» деген пікір біл­д­ірген. Ұрыс хан мен оның ұлы Тоқ­тақия кезінде Тоқтамыс Деш­ті Қыпшақтағы билікті иелене алмады. Тоқтақия екі ай билік құ­рып, мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін, билікті Ұрыс ханның екінші ұ­лы Темір-Мәлік иеленеді. Осы кез­де Әмір Темірдің қолдауына сүйен­ген Тоқтамыс Шығыс Дешті Қып­шақ­тағы билікке қол жеткізеді. Бұ­дан әрі ол бүкіл Алтын Орда ау­ма­ғын жаулап алғаны белгілі.

Ұрыс ханнан кейін...

Ұрыс хан тарих беттерінде Ақ Орда мемлекетінің тари­хын­да жар­қын із қалдырған билеу­ші ғана емес, жалпы қазақ мемле­кет­тілігінің қа­лыптасуында ерекше ор­ны бар тұл­ға ретінде қала бермек. Муи'зз ал-ансаб дерегі бойын­ша Ұрыс ханның кін­ді­г­інен жеті қыз, сегіз ұл болған. Оның сегіз ұлы­ның аты төмендегідей: 1) Тоқ­тақия, 2) Сайд-али (Сейт-әлі), 3) Сайил-Ахмет (Сейіт-Ахмет), 4) Тоқ­та-Булад (Тоқта-Болат), 5) Тугулук-Булад (Тоғылық Болат), 6) Күтілу-Бука (Құтылық-Бұқа), 7) Тимур-Малик (Темір-Мәлік), 8) Құйыршық немесе Қойыршық. Тоқтақиядан Қазақ хан­ды­ғы­ның алғашқы ханы Керей хан мен оның ұрпақтары тараса, Құйыр­шық (Қойыршық) ханнан Ақ Орданың соңғы билеушісі саналатын Барақ хан тарайды. Ал Барақ ұлы Әз-Жәнібектен Кенесары Қа­сымұлына дейінгі барша қазақ хан­дары тараған. Олардың әрқайсысы қазақ мемлекетінің тарихында ай­шықты орны бар тұлғалар ретінде қалды десек, кейбіреулері ұлттық бірлігіміз бен бейнеміздің бейнесіне айналып кеткені белігілі.

Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

тарих факультетінің деканы