«Отандастар» оқу залы ашылды

«Отандастар» оқу залы ашылды

«Отандастар» оқу залы ашылды
ашық дереккөзі
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтар қауым­дастығының бастамасымен «Отандастар» оқу залы ашылып, қазақ және орыс тілдерінде электронды нұсқасы жарық көрген «Қазақ әлемі» («Мир казахов») туындысы таныстырылды. Ұлттық академиялық кітапхана аясында «Отандастар цифрлы кітапханасы» құрылды. Бұл қандастарымызға әлемнің кез келген жеріннен қалаған кітабын оқуға мүмкіндік береді. «Отандастар» оқу залының ашылу сал­тана­тына қоғам қайраткері, Мырзатай Жол­дасбеков, түркітанушы ғалым Қаржау­бай Сартқожаұлы, белгілі қаламгер Сұлтан Ора­залин және журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. «Бұл жұмыс ары қарай жалғасуы қажет. Өз басым «Отандастар» кітапханасына 100-ден аса кітап бердім. Ең бастысы – кітап ха­­лыққа жетуі керек, әсіресе шетелде жүр­ген қазақтарға», – деді түркітанушы ға­лым Қаржаубай Сартқожаұлы. Сондай-ақ жиында сурет көрмесі ашылды. Әлем сұлулығын қылқаламмен бей­нелеген атажұртқа қытай елінен келген Тол­қын Табысбек, Зерде Бақытбек, Қайрат Жәйірбекұлы, Жалын Бауырқан қатарлы су­ретшілердің туындылары ұсынылды. Қандастардың шығармашылығын көрермен қауым жоғары бағалады. Тұсаукесерден соң, мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, түркітанушы ғалымдар, зия­лы қауым өкілдері және «Отандастар қо­ры» мен Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығы қызметкерлерінің қатысуымен арнау­лы дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында «Бұл біз көптен бері аң­сап, армандап жүрген жобаның бірі еді. Осы уақытқа дейін «Отандастар қоры» ауыз тол­тырып айтар ауқымды істер атқарып ке­леді. «Отандастар» оқу залына шетел қазақ­та­рының кітаптар қоры қойылды. Кітапхана қоры 2 000 кітаптан асты. Одан бөлек 2 500 кітап шетелдегі қазақ мәдени орталық­тарына таратылады», – деді «Отандастар қо­рының» вице-президенті Мағауия Сарбасов. Шара барысында әлем елдеріндегі қан­дастар да онлайн түрде сөз сөйлеп, тілегін білдірді.