Бұлбұл Кәпқызы: Қолөнер әйел адамның мінезін қалыптастырады

Бұлбұл Кәпқызы: Қолөнер әйел адамның мінезін қалыптастырады

Бұлбұл Кәпқызы: Қолөнер әйел адамның мінезін қалыптастырады
ашық дереккөзі
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Баян-нұр елдімекенінде туып, атажұртқа келген белгілі қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызымен хабарласып, қазақтың қолөнері жайында айтқан әңгімесінен ықшамдап жазып алған едік.  – Терме тоқу немесе терме теру көбінде киізүйдің жаб­дық­та­рын түгендеуге арналған. Менің не­гізі істейтін ісім осы. Терме теру. Біз бұл өнерді әжелерімізден үй­рен­дік. Олар мынаны былай істе, үй­рен демейді. Бірінші көзі нашар­ла­ған үлкен әжелер инесін сабақ­тап бер дейді. Содан бастап бір-бір­леп үйрендік. Бәрі өмірлік тә­жі­рибемен келеді. Қолөнер де бас­қа өнер сияқты, «талант бір пайыз, қалғаны еңбек». Адамды адам қылатын еңбек деген рас сөз. Іс істейтін әйелдің орны қа­шан­да биік. Қазақтың жалпы салт-санасына берік орнаған бір киелі ұғым бар еді. Атқа міне ал­маған жігітті қазақтар «бос та­қым» дейді. Мұны есту қазақ жі­гіті үшін абыройсыздық. Сол се­кілді әйелге қойылатын талап – іс­мер болу. Егер қолынан іс келмесе, оны бұрынғылар «олақ» дей­ді. Мұндай сөз есту қазақ әйелі үшін бұрын үлкен сын болатын. Қа­зір, әрине заман өзгерді. Ең құ­ры­ғанда ұлттық өнерге құрметпен қарау керек еді. Бірде бір үйдің қа­сында әлдебір затты жауап қой­ған тұскиізді көрдім. Көненің кө­зіндей болған ою-өр­нек­пен көм­керілген сол бір әдемі бұйымды қа­лай адам көзі қиып жабындыға ай­налдырып жібереді деп таң­ғал­дым. Сосын үй иесіне айттым, өз анаңыздың көз майын тауысып жа­саған затын қалай далаға қал­дыра­сыз деп. Осындайларды көріп қынжыласың кейде. Бұрын кез келген қыз оң жақ­та оты­рып, жасауын өзі жа­сайтын. Іске ыспар қыздар өзі­нен басқалардың да жасауын жасап шы­ғатын. Бұл оң жақтағы қыз­дың үл­кен өмірге деген дайын­дығы ғой. Бәрінің тәрбиелік мәні зор. Қо­лөнер әйел адамның мінезін қа­лыптастырады. Іс істеу үшін үл­кен төзімділік керек. Қолөнердің пайдасын санап тауыса алмаймыз. Ең бі­рін­ші, қазіргі қоғамдағы жұмыссыз отыр­ған қыз-келіншектер үйінде оты­рып-ақ кәсібін дөңгелетуге бо­лар еді. Екінші қолөнер деген аты айтып тұрғандай, өнер және кә­сіп. Қазақ халқы дүниеге көз­қара­сын, дүниетанымын, айтқысы кел­ген ойын ою-өрнекпен жеткізген. Әрбір ою-өрнек мағынасына, бе­дерінің үйлесімділігіне сай қол­данылады. Мысалы, қыз баланың көй­легіне құстың қанаты іспетті, ал бөркіне, сәукелесіне құс тұмсық тә­різді оюларды бейнелейді. Себебі ұзатылған қыз жат жұртта құс­тай еркін болсын деген мағына бере­ді. Жалпы, қыздардың киіміне ер­кіндіктің символы болатын ою­ларды салып отырған. Ал ұл ба­ла­лардың киіміне, әсіресе бас киіміне тау тектес оюларды салған. Өйт­кені еркін даланың ерке ұлдары әрқашан биік, асқақ болсын деген ұғым бар. Қазір киізүйді мерекелерде ғана көреміз.  Киізүйлерді нақ­ты жағдайда ешуақытта қол­данылмайтын қалың шым-шы­ты­рық, алабажақ термебаулармен шыр­мап тастайтын болды. Бір ға­на мысал, астанаға барған бір са­парымда Ұлттық музейде тігулі тұр­ған киізүйді көрдім. Іші ай­қыш-ұйқыш баудан көрінбейді. Айта берсек, әңгіме көп. Осы өнердің, осы саланың ба­сы-қасында жүрген соң әр нәрсе өз орнымен, мән-мағынасымен қол­данылса екен деген жанашыр­лық­пен айтып жатырмын. Ертең ұр­пағымыздың алдына ұлттық дү­ниетанымымыз орнықты, ұлт­тық құндылығымыз түгел жетсе деген ой.