Карантинде жатқан қазақстандық продюсер аштық жариялады

Карантинде жатқан қазақстандық продюсер аштық жариялады

Карантинде жатқан қазақстандық продюсер аштық жариялады
ашық дереккөзі
Diamond Princess круиздік лайнерінен эвакуацияланған 4 қазақстандықпен бірге ұшып келгені үшін 14 күндік  карантинге жатқызылған белгілі продюсер, «Кешью» тобының директоры Назым Басқынбаева аштық жариялады. Бұл жөнінде ол Instagram-дағы парақшасында хабарлады.  Продюсер өзінен алынған сынамалардың қорытындысы жөнінде нақты ақпарат беруді талап етіп отыр. Оның айтуынша, ел азаматтарының мұндай құқығына «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 88-бабы, 8-тармағында кепілдік берілген. «Әу баста бізден 3 сынама алынатынын, егер коронавирус анықталмаған жағдайда, үйімізге жіберетіндерін айтқан. Алайда бүгінгі күнге дейін 5 сынама алынды. Мұның себебін ешкім түсіндірмейді. Әлі күнге дейін ешбір анықтама, бірде-бір қағаз көрген жоқпыз. «Біздің рейстегі жолаушылардың бірінен коронавирус анықталған жоқ па?» деп күдіктеніп отырмыз», – дейді Назым Басқынбаева. Сондай-ақ, продюсер өзі карантинде жатқан медициналық мекемеде санитарлық нормалардың сын көтермейтінін айтып,  палатада тазалық сақтау жұмыстарының тұрақты түрде жүргізілуін талап етіп отыр. Назым Басқынбаева уақытша еңбекке жарамсыздығы жөнінде анықтаманы да әлі алмапты. «Карантинге түсуіме өзім емес, өзгелер, нақтырақ айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі кінәлі болғандықтан, маған уақытша еңбекке жарамсыздығым жөнінде анықтама берілуі тиіс», – дейді продюсер. Айта кетейік, бұған дейін Diamond Princess круиздік лайнерінде болған 4 қазақстандықпен бірге Токиодан Нұр-Сұлтанға ұшып келген 16 жолаушының бірі – телепродюсер, «Кешью» тобының директоры Назым Басқынбаева коронавирустың потенциалды тасымалдаушыларымен бірге ұшатыны жөнінде ескертпегені үшін жауапты ведомстволардан моральдық және материалдық шығын төлеуді талап еткен болатын.