Арманжан Байтасов: Қазақстанда бақуатты өмір сүруге мүмкіндік мол

Арманжан Байтасов: Қазақстанда бақуатты өмір сүруге мүмкіндік мол

Арманжан Байтасов: Қазақстанда бақуатты өмір сүруге мүмкіндік мол
ашық дереккөзі
  Ол – өзін-өзі қалыптастырған адам. Асқақ армандарын жүзеге асыру жолында маңдай тер мен өз күшіне деген сенімділік қана демеу болды. Ол адал еңбектің ақталатынын, елімізде өз кәсібін дөңгелетем дегендерге жол ашық екенін өз тәжірибесімен дәлелдеді. Жуырда отандық медиа-бизнестегі ең ықпалды азаматтардың бірі, «Forbes Kazakhstan» журналының, «Muzzone», «Таң» телеарналарының, «Icon» телекоммуникациялық компаниясының иесі Арманжан Байтасовпен әңгімелескен едік. Сұхбат барысында ақпараттық кеңістіктің өзекті мәселелері қозғалып қана қоймай, жеке ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін бастамашыл жастарға пайдасы тиер ақыл-кеңестер айтылды.

«Көрерменнен жасыруға болмайтын жайттар бар»

– Арманжан Мерекеұлы, ақпарат құрал­дарындағы ғұмыр­на­маңызбен танысып шыққан адамға мансап жолыңыз орта жолдан бастап жазылғандай әсер қалдырады: 1992 жылы университетті бітіре салып, төл жобаңыз – «31 арнаны» аштыңыз. Бұл салада талай тәжірибесі бар мамандардың өзі мұндай тәуекелге бел буа бермейді. Қолына дипломды енді ғана алған, саланың қыр-сырын танып үлгермеген жас журналистің бойында өз күшіне деген сенімділік қалай пайда болды? – Мен 7 сыныптан бастап өзімнің болашағым туралы саналы түрде ойлана бастадым. Оған әкем екеуіміздің арамыздағы әңгіме түрткі болды. «Балам, мектеп бітірген соң қайда баратыныңды, кім болатыныңды қазірден бас­тап шешуің керек. Қандай маман болатыныңды анықтай алмасаң, барар жерің белгілі», – деді әкем. Ол кезде болашағын бағдарлап үлгер­ме­гендерді сегізінші сыныптан кейін ПТУ, СПТУ секілді оқу орындарына жіберетін. Сондықтан ұзақ ойланып, қай салаға баратынымды сол кезде-ақ шешіп қойдым. Журналист болуға дайындық 8 сыныптан басталып кетті.  Журналистика факультетіне түсу үшін талапкерлер екі шығармашылық емтихан тапсыратыны белгілі. Бірінен өту үшін жазуға жүйрік екеніңді дәлелдеу керек болса, ал екіншісінен жақсы баға алу үшін басылым бетінде жарық көрген мақалаларың, шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орын алғаныңды айғақтайтын мақтау қағаздарың көп болуы тиіс. Мақсатыма қол жеткізу үшін 8 сыныптан бастап республика көлеміндегі әр түрлі газет-журналдармен тығыз байланыс орнатып, жазуға төселе бас­тадым. «Қазақ радиосының» балалар редакциясының жұмысына белсенді араластым. Ондағы Лариса Коковинец, Игорь Денисов сынды жетекші мамандармен таныстым. Радиомен қатар Қазақ телевизиясымен де танысып, Олег Кациев, Марина Софронова, Ирина Кациева, Ерлан Ақшалов, Мұхтар Ысмайылов сияқты білікті журналистердің тәлімін алдым. Яғни журналистика факультетіне тәжірибелік тұрғыдан дайын болып келдім деуге болады. 1987 жылы біз оқуға тапсырғанда ұлты қазақ талапкерлерді қатты тек­серді. Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлттық мәселе ушығып тұр­ған кезең. Кімнің баласы, қай­дан келді, жоғарғы білім алуға лайық па – бәріне күдікпен қарап, құжаттарымызға шұқшия қарайтын. Сондықтан қателесуге қақым жоғын түсініп, емтихандарға мұқият дайын­далдым. Емтихан тапсыру кезінде комиссия төрағасы Марат Кәрібайұлы Барманқұлов Игорь Курепин екеуміз көтеріп әкелген жарияланымдардың көлеміне қарап, қатты таңғалғаны әлі есімде. Сөйтіп ең жоғарғы ұпаймен журналистика факультетінің студенті атандым. Оқып жүрген кезімде-ақ, 1989 жылы Қазақ телевизиясына штат­тық қызметке алынып, «Азия дауысы» байқаулар мен фести­валь­дер бөлімінің кіші редакторы болдым. Дәл сол кезеңде Горбачев жылы­мығы басталып, оқу үлгерімі жақсы студенттерге жұмыс істеуге рұқсат берілген болатын. Соның арқасында алаңсыз оқуымды да оқып, қызметімді де атқарып, теория мен тәжірибені ұштастырып жүрдім. Қолға диплом алатын уақыт таяғанда, 1992 жылдың көктемінде қасымдағы пікірлес жігіттермен бірге ары қарай не істейміз деген мәселеге бас қатырдық. Еліміз тәуелсіздігін алып, жеке кәсібімді дөңгелетем, өз тірлігімді бастаймын дегендердің алдынан мол мүмкіндіктер ашыла бастаған кезең еді. Өз ісімізді бастағымыз келді. Коммерциялық жобаларда, жарнама саласында да тәжірибе жинап үлгерген болатынбыз. Сондықтан біз «31 арнаны» ашуға толық дайын­ болдық. Арқа сүйейтін көкеміз де, қыруар қаржымыз да болған жоқ. Жастық жалын мен айқын мақсат жолындағы тынымсыз еңбек қана алға жетеледі. – Көптің күмәнданғанына қара­мас­тан, сіз «31 арнаны» аяқтан тік тұрғыздыңыз. Қазір ол өзгенің меншігінде. Телеарнаның бүгінгі келбеті сіз 24 жыл бұрын жіті жоспарлаған, келешегін бағдарлап қойған жобадан қаншалықты алшақ? – «31 арнаның» мен армандаған, кейбір ұйқысыз түндерде кірпік қақпай көз алдыма елестеткен бейнесі қазіргіге мүлдем ұқсамайды. Айырмашылық жер мен көктей. Өйткені әлем адам танымастай өзгерді, ақпарат нарығында біз бұрын-соңды естіп-білмеген жаңа құндылықтар пайда болды. Контент жасау, оны таратудың бүгінгі мүмкіндіктерін 25 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Бүгін сіз қолыңыздағы «Айфонмен» видео түсіріп, оны монтаждап, бір ғана құралдың көмегімен дайын сюжетті аудиторияға ұсына аласыз. Ол кезде бізге қарапайым ұялы телефондардың өзі жете қоймаған. Бейнекамералар зілдей ауыр болатын, оны белгіленген нысанға апарып, түсірілім жасап келу қиямет еді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Гарвард, Оксфорд сынды атақты білім ошақтарында білім алып, Батыстың озық ғылымы мен техникасын игерген күннің өзінде біз ХХІ ғасырдың басында ақпараттық технологиялардың мұндай әлеуетке ие болатынын болжай алмас едік. Ол кезде қиялымыздың өзі шектеулі болатын. – Бір кездері өзіңіз құрған жо­баның кейін бәсекелесіңізге айналуы мүмкін екенін де болжамаған боларсыз? – Бәсекелеспіз деуге келмейтін болар. Қазір телевизия саласымен бұрынғыдай белсенді айналысып жүрген жоқпын. Музыкалық бағыттағы «Muzzone» телеарнасына және «Таң» телекомпаниясының 50 пайыздық үлесіне иелік етемін. – Бір кездері көрермен наза­рынан тыс қалып келген «Таң» телеарнасы «Qazaq news» бағ­дарламасы эфирге шыққаннан бас­тап, яғни 2014 жылдан бері кең танымалдыққа ие бола бастады. Бірақ танымалдылық әрқашан жоғары рейтингтің кепілі бола бер­мейтіні белгілі. Кімнен ілгері, кімнен кейін тұрсыздар? – Дұрыс айтасыз, рейтинг әдетте таны­малдылықтан кейін жүреді. Әуелі көптің аузына ілінесің, содан кейін ғана көрермендеріңнің қатары арта бастайды. Контенттің сапасына, объективтілігіне көңіл бөле бермейтін ақпарат құралдарының көбеюі аудиторияның отандық теле­арналардағы ақпараттық бағдар­ла­маларға сенімін төмендетіп жібергені жасы­рын емес. Бір оқиғаның екі арнада екі түрлі қырынан баян­далуы қалыпты құбылыс. Десе де, бұқараның көз алдында өтіп жатқан кейбір жайттарды бұрмалау, жұрт бес саусағындай білетін кейбір деректердің өңін айналдырудың оң нәтиже беріп жатпағанын мойындауға тиіспіз. Әдемі сөзбен алмастырсаң да жұмсартуға көнбейтін құбылыстар болады. Мәселен, бір кездері 180 теңге тұрған 1 доллардың 360 теңгеге дейін құлдырауы девальвация емей немене? Қалай құбылтсаңыз да ұлттық валютамыздың құнсызданып кеткенін жасыра алмайсыз. Өйткені халық бәрін көріп отыр, ақша айырбастау нүкте­лерінің тақтайшасына телмірумен күн өткізіп жүргендер бар. Егер ақпа­рат беруші аудиторияның көргі­сі келіп отырғанын көлегейлеп көрсетсе, естігісі келгенін айтпай кетсе, көрермен басқа ақпарат көзіне ауы­сып кетеді. Яғни, ақпараттық саясат­тағы кейбір шектеулер мен бұр­ма­лаулар телеарнаның рейтингіне кері әсерін тигізеді. Оның үстіне, интернеттің даму қарқыны дәстүрлі ақпарат құралдарының жағдайын тіпті қиындатып жіберді. Сіздің сюжетіңіз дайын болып, қорытынды жаңалықтарға шыққанша немесе орын алған жағдайды талдап-таразылап берген көл-көсір мақалаңыз апталық газеттің бетінде басылып шыққанша ақпараттық сайттар алдыңды орап кетуі мүмкін. Әрқайсысының өз аудиториясы бар екені даусыз, десе де ұсынып отырған өнімі – ақпарат біреу-ақ болғандықтан бәрі бір-біріне бәсекелес. – Телеарналар әдетте рейтингтік компаниялар ұсынатын ста­тистиканың объективтілігіне күмән­мен қарайды. Сондықтан құрылғылардың көрсеткішіне көз жұма тұрып, сауалды төтесінен контент иелерінің өзіне қойғанымыз жөн шығар. «Таңның» бүгінгі көрермендері кім? – Қазіргі таңда «Таң» телеарнасы жан-жақты ізденіс үстінде. Біз соңғы уақытта спорттық контентті көбірек беруге дағдылана бастадық. Жаңалықтар, өзге ақпараттық бағдарламалар да назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. Десе де, арна спорттық бағдарламаларға басымдық беруде. Өйткені спортқа деген қызығушылық әрқашан тұрақты. Айталық, өзге мәселелер тау боп үйіліп тұрса да, футбол жанкүйері өзінің сүйікті командасының ойынын ешуақытта жібермейді. Сондықтан біздің бүгінгі көрермендеріміздің дені – ерлер аудиториясы. Ер азаматтар арнаның мақсатты аудиториясы емес. Спорттық және ақпараттық телевизияның синтезі болғандықтан «Таң» телеарнасын барлық көрермен көргенін қалаймыз.

«Көлеңкелі жолмен байығандарға «Forbes»-та орын жоқ»

– «Іс тетігін кадр шешеді» демекші, сіздің жобаларыңыздың сәттілігі оларды жүзеге асыратын мамандардың арқасы екені даусыз. Кадр таңдағанда неге сүйенесіз? – Маман таңдаудың ұзақ уақыттан бері қалыптасқан өзіндік технология­лары бар. Мен де, қарамағымдағы директорлар да кезінде сол технологияларды оқып меңгердік. Әйтсе де, менеджменттегі қатып қалған қағидалар әрқашан саған керекті қызметкерді табуға көмектесе бермейді. Кадр іздеу процесінің 90 пайызында біз түйсік пен жеке қарым-қатынасқа сүйенеміз. Егер жұмысқа эфирлік маман қабылдануы қажет болса, хабарландыру жарияланып, үміткерлер арасында кастинг жүргізіледі. Ал басқару бөліміне немесе техникалық бөлімге қызметкер алынуы тиіс болса, үміткерлерді әуелі түйіндеме бойынша жіті саралаймыз, одан кейін жеке кездесіп, әңгіме-дүкен құрамыз. 10-15 минуттық әңгімеден кейін-ақ алдыңда отырған адамның кәсіби портретін жасап, күшті және осал тұстарын анықтап, қойған міндеттеріңді орындай алатынын-алмайтынын білуге болады. – 2011 жылдан бері сіздің есіміңіз «Forbes» іріктеуі бойынша анықталатын «Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені» рей­тингісінде тұрақты түрде жария­ланып келеді. Өткен жылы 28 орын­нан көріндіңіз. Ықпалдылық қан­дай критерийлер бойынша анық­талады? – Ықпалдылар тізіміне енетін бизнесмен ең әуелі өз саласы бойынша көшбасшылардың бірі болуы тиіс. Оның өзі де, атқаратын ісі де көпке белгілі болуы қажет. Қоғам дамуы­на қандай пайда тигізгені, қандай қайырымдылық шараларға қатысқаны, ел экономикасының дамуына қосқан үлесі – барлығы ескеріледі. Есімі бұқаралық ақпарат құралдарында қаншалықты жиі аталатыны да назарға алынады. Елімізде жеке кәсібін ашу арқылы үлкен жетістіктерге жеткен кәсіпкерлер жетерлік. Еңбектің арқасында қол жеткізген табысты нәтижелері оларды Қазақстанның ықпалды азаматтарының қатарына қосты. Рейтингті 50 адаммен шектемей, 100-ге дейін жалғастыра беруге болар еді. Бірақ сұрыпталатын деректер қоры молайған сайын іріктеу процесі күрделеніп кетеді. Ықпалдылық кестесі барынша объективті әрі нақты болуы үшін тізімді 50 есіммен тәмамдағанды құп көрдік. – Ғаламдық желіден сіз туралы ақпарат іздеген адамның алдынан ең әуелі «Арманжан Байтасовтың меншігінде не бар?» деген сарын­дағы айқайлаған айдарлар шығады. Екінің бірі қалтаңызды санайтыны шар­шатқан жоқ па? – Өзіміз «Forbes Kazakhstan»-ды шығарып отырғандықтан, өзгенің ақшасын санап, меншігін түгендеу күнделікті жұмысымыз болғандықтан, мен үшін бұл үйреншікті жайт. Оның несіне шамданайын? Сіз айтып отырған материалдардың авторлары кімге соқтығарын білмей, іші пысып отырған адамдар емес, қызмет бабында берілген тапсырманы орындаушылар. Олардың жұмысына түсіністікпен қарау керек. Оның үстіне, сол ақпарат құралдары арқылы еліміздегі табысты азаматтардың жетістігіне қаныққан жастар жақсы нәтижелерге ұмтылары анық. «Forbes Kazakhstan»-ды ашудағы ең басты мақсатымыз оқырманға еліміздің кәсіпкерлерін таныстыру, тапқан табыстарын күнгейге шығарудан қашқақтайтын ықпалды бизнесмендерді жариялылыққа шақыру еді. Ел тұрғындарына Қазақстанда еңбек еткен адамға бақуатты өмір сүруге жол ашық екенін ұқтырғымыз келді. 5 жылдан бері осы мақсаттан айнымай келеміз. Бір нәрсені баса айтқым келеді: «Forbes»-тің тізіміне жиған байлығын тек маңдай терімен, адал еңбегімен тапқандар ғана ене алады. Ал көлеңкелі жолмен байығандарды жарнамалаудан аулақпыз. Қызмет бабын асыра пайдалану, бюджет қаржысын жымқыру, сыбайлас жемқорлық жасау жолымен миллиардтаған қаржының иесі атанған талай бай-бағланды біледі жұрт. Бірақ олардың аты-жөні біздің басылымға ешуақытта басылмайды. – «Forbes» – аты да, заты да мойын­далған әлемдік бренд. Журналдың қазақ­стандық нұсқасын ашу­дың машақаты аз болмаған шығар. Америкалықтарды өз мүмкін­дік­те­рі­ңізге қалай сендірдіңіздер? – Ғасырға жуық тарихы бар «Forbes» журналы әлемнің барлық түкпірінде үлкен сұранысқа ие. Америкалықтардың кез келгенмен байланыса бермейтіні белгілі, әріптестерін мұқият таңдайды. Біз журналды Қазақстанда ашу туралы ұсыныс білдірген соң «Forbes» жетекшілері менің өмірбаянымды жіті зерттеді. Медиа-бизнесте тәжірибемнің молдығына  Йорктағы бас кеңсесіне барғанымда журнал басшылығы көп созбақтамай, бірден келісім берді. Сөйтіп Қазақстан «Forbes»-ты шығаруға лицензия алған 18-ші ел болды. – Демек, өз әлеуеттеріңізді дәлел­деу үшін ешқандай сынақтан өткен жоқ­сыздар ғой? – Жоқ, америкалықтар біз туралы ақпараттарды қанағат тұтып, бірден сенім білдірді. Бұл сенім жауап­кершілікті еселей түсті. «Forbes»-тың бас кеңсесімен келіссөздеріміз 2010 жылы, жаһандық дағдарыс дендеген қиын кезеңде басталған болатын. Бұл салада біраз тәжірибе жинап үлгергендіктен үлкен тәуекелге барғалы тұрғанымызды жақсы түсіндік. Қорқыныш болды, оның несін жасырамыз? Жоспарымыз нәтижелі болу үшін ұзақ іздендік, Мәскеуден арнайы мамандар шақырттық. Жұмыс тобымызға қосылған ресейлік кадрлардың көмегімен журналды құрылымдауға кірістік. Дайындық жұмыстары бір жылға созылды. Басылымның алғашқы нөмірі 2011 жылдың қыркүйегінде шықты. Содан бері өзімізге артылған сенім үдесінен шығып келеміз.

«Тасада жүрген таланттарды танытқымыз келеді»

– Медиалаңдағы тағы бір табысты жобаңыз – «Muzzone» телеарнасы. Оны ашуға алғышарт болған не? – Медиалаң да нарық нысаны болғандықтан, мұндағы кез келген жоба коммерциялық мүдделерді айналып өте алмайтыны түсінікті. Десе де, «Muzzone» материалдық мұраттан гөрі рухани қажеттілікті қанағаттандыру мақсатынан туған жоба. Музыкалық арна болғандықтан елдің мәдени дамуына, жастарды эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосып келеді. Бұл арна мен үшін сонысымен қымбат. Кезінде «Muzzone»-ды ашарда телерадиолық жиілікке қол жеткізе алмай, талай әуре-сарсаңға түсуге тура келгені есте. Ештеңеге қарамастан, біз тәуекелге бел байлап, музыкалық телеарнаны кабелдік желі арқылы көрсете бастадық. Биыл «Muzzone»-ның жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқанына 10 жыл толады. Осы уақыт ішінде біз кабельдік телевизияның әлеуеті зор екенін дәлелдей алдық деп ойлаймын. Өз телеарнасын ашқысы келетін жастар бұл жобаны табысты бизнес-кейстің үлгісі ретінде қолданып, өз бастамаларында басшылыққа алуына әдбен болады. Оның үстіне, қазір мұндай жобаларды жүзеге асыру бұрынғыдан әлдеқайда арзан. Өйткені дыбыс жазу, бейне түсіру, оны өңдеу құрылғыларының қолжетімділігі артты, контент те, оны тарату арналарының құны да айтарлықтай арзандады. – Бұрын музыкалық арналар­ санаулы болса, қазір елімізде «Muzzone»-ға бәсекелес көп. Дара­лану жолындағы ізденістердің нәти­жесі қандай? – Ақпарат құралдарының бәрі де өз бағыты бойынша үздік болуға, өзгелерден даралануға талпынады. Бұл заңдылық. Десе де, біздің бүгінгі мақсатымыз аудиторияны көбейту, жоғары рейтингтерге қол жеткізу секілді мақсаттардан ауқымдырақ. Қоғамға, қазақ өнеріне пайдасы тиер істермен айналысқымыз келеді. Біздің халқымыз таланттарға бай. Әсіресе, музыка дейтін құдыретті өнер дарыған дарындар жетерлік. Сахнаға шығып, көпке танылғандардан гөрі елеусіз жүргендері көп. Тұла бойды шымырлатар әсем дауыс иелерінің та­сада жүргені қынжылтады. Сондықтан сондай таланттардың танылуына, өз есімін қалыптастыруына көмектескенді жөн көрдік. Қалтасына сенгендердің көлеңкесінде қалып қойған шын өнерпаздарды іздес­ті­рудеміз. Әндерін жазып, бейнебаян­дарын түсіруге жәрдемдессек, оны арнамыздың эфирінен жиі-жиі көрсетіп, жұрттың көзіне үйреншікті, құлағына сіңісті етсек, одан әрі өз жолдарын тауып кетер еді. Жаңа есімдердің қалыптасуына септігіміз тиіп жатса, біздің де, өнердің де ұтқаны аз болмайды. – Жәрдемдесу дегеннен кейін еріксіз ойға түсіп отыр. 2013 жылдан бері «Ана үйі» қоғамдық қорына қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқаныңызды білеміз. Өткен жылы Қарағанды облысындағы су тасқыны кезінде де жергілікті тұрғындарға материалдық көмек көрсеттіңіз. Қайырымдылықты пиар үшін жасайтындардың қатарынан емес боларсыз? – Жоқ, теледидардан немесе басылым беттерінен жылт ете қалу мақсатым емес. Бір емес, бірнеше ақпарат құралын басқарып отырмын, өзімді жарнамалау керек болса, қайырымдылықтан басқа да түрлі пиар-қадам жасауға болар еді. Оның үстіне, тағдырдың тәлкегіне түскен адамдардың жағдайын көлденең мұраттарға пайдалануға арым жібермейді. «Ана үйі» – қиын жағдайға тап болған аналарға демеу болып келе жатқан қоғамдық қор. Айдын Рахымбаев осы жобаны жүзеге асыру туралы ойымен бөліскенде, бірден қолдау білдірдім. Өйткені бұл елімізде бұрын-соңды қолға алынбаған бірегей жоба. Мақсаты – қиын жағдайға тап болған аналарға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету. Қоғамдық қордың оң жақта отырып дүниеге сәби әкелген жас аналарға немесе жолдасынан айрылып, шиеттей бала-шағасын жалғыз асырап отырған әйелдерге жәрдемі мол. Соңғы кездері елімізде некесіз туған сәбилердің, тастанды бала­лар­дың саны артып барады. Нәрестесін тастап кетіпті деген ақпаратты естісек, таңғалмайтын болдық, етіміз өліп кеткен. «Ана үйі» қоғамдық кеселге айналған осындай жайттардың алдын алуды мақсат тұтады. Күйдім-сүйдім деген жігіті теріс айналса, сәбиін некесіз дүниеге әкелген қыз баланың өмірі тозаққа айналады. Баланы жалғыз бағып-қағудың машақаты өз алдына, ата-ананы қарабет қылдым, туған-туыстың алдында масқара болдым деген ой жегіқұрттай жей береді. Психологиялық қысымға шыдай алмаған жас қыз баладан бас тартудан басқа жол таппайды. Нәтижесінде өзінің өмірін де, сәбиінің болашағын да баянсыз етеді. Егер мұндай аналарға дер кезінде психологиялық және әлеуметтік қолдау жасалса, тығырықтан шығудың дұрыс жолы көрсетілсе, істің ақыры бұлай аяқталмас еді. «Ана үйінің» ашылғанына небәрі екі-ақ жыл болса да, бұл қор қазақтың талай қаракөзін жетімдіктен құтқарды. Мәселен, 2013 жылы тек 46 жаңа туған сәби аналарымен бірге «Ана үйіне» тап болса, өзге 1600 нәресте жетімдер үйіне аттанған еді. Ал 2015 жылдың көрсеткіштері көңіл қуантарлық: «Ана үйі» баласынан бас тартқысы келетін аналардың 51 пайызын райынан қайтарып, қанатының астына алды.

«Көрерменге көршілердің ықпалы басым»

– Сұхбаттарыңызда сіз Қазақ­стан­­ның ақпарат алаңын үнемі ре­сейлік БАҚ-пен салыстырасыз. Ресейдің медиа алаңы мен бюджетінің көлемін біздікімен қатар қоя алмаймыз, ендеше нәтижені салыстыру қаншалықты қисынды? – Салыстыруда тұрған ештеңе жоқ, олардың қаншалықты озық, біздің қаншалықты қалық екенімізді ақшамен де, аудитория санымен де, басқа да өлшем бірліктермен өлшеуге болады. Халқымыздың саны, медиа алаңы көлемі Ресейден әлдеқайда аз болғанымен, ел аумағын ақпаратпен қамту мүм­кіндігіміз көршімізден кем емес. Соған қарамастан ресейлік БАҚ-тың қазақстандықтардың санасын жаулап алғанын мойындауға мәж­бүрміз. Қазақстан мен Ресейдің ақпарат құралдарын салыстырып, ел тұрғындарына қайсының ықпалы жоғары екенін анықтау керек болса, көрсеткіштер көршінің пайдасына шешіліп кете ме деп қорқамын. Қазақстан көрермендері «Россия» мен «Хабардың» қайсысын көбірек көреді, ақпаратты «Россия-24»-тен ала ма, әлде «24.kz»-ке сүйене ме, «ОРТ»-ның бағдарламаларын құп көре ме, әлде таңдауы «Қазақстан» телеарнасына түсе ме? Медиаөлшемдердің көрсеткіші отандық арналардың басымдыққа ие екенін көрсетуі мүмкін. Бірақ ықпалдылық тұрғысынан қазақстандық БАҚ-тың Ресейге есе жіберетінін жасырып қалу мүмкін емес. Бұған көз жұма қарауға болмайды, өз ықпалымызды арттырудың жолын іздеу керек. Әрине, ХХІ ғасырда шекараны тас-түйін бекіту, елімізде өзге мемлекеттердің ақпарат құралдарына тыйым салу тығырықтан шығатын жол емес, оның кері әсері көп. Оқшауланудың ешкімге абырой әпермейтініне алыс-жақын шетелдердің тәжірибесі арқылы көз жеткіздік. Демек, біз өзгелердің өніміне бәсекелес бола алатын өз контентімізді жасауымыз қажет. Бұрын қазақтілді контент бәсекеге қабілетсіз, қазақтілді аудитория үшін телеөнім өндіру басы артық шығын деген сыңаржақ көзқарас үстемдік етті. Өкінішке қарай, қазір де бұл пікірді ұстанатындар кездеседі. Десе де, біз өз тәжірибеміз арқылы қазақтілді аудиторияның ауқымы да, талғамы да үлкен екенін және оған арнап контент жасау арқылы табысқа да, танымалдылыққа да қол жетуге болатынын дәлелдедік. – Соңғы кездері ақпараттық кеңіс­тікте әлеуметтік желілер мен бло­гер­лердің белсенділігі жоғары. Журналистермен салыстырғанда олар­дың оқырманға ықпалы да артып келеді. Бұл құбылыстан қорқу керек пе? – Жоқ, қорқуға негіз жоқ. Керісін­ше, әлеуметтік желілердің дамуы, блогерлер белсенділігінің артуы журналистерге үлкен көмек. Айтар ойы бар, жақсы жаза алатын адамдар әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, өз парақшасын масс-медиаға айналдыра алады. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ғаламторда отырады, әлеуметтік желілерді қолданады. Мәселен, бүгінде Фэйсбукта немесе Инстаграмда көп оқырман жинап, кең танымалдылыққа ие болған азаматтарға жарнама берушілерден көп өтініш түседі. Өйткені ондағы жарнамалар елеусіз қалмайтыны анық. Яғни танымал блогерлер әлеуметтік желідегі аккаунттарының көмегімен-ақ табыс тауып отыр. Сіз журналиссіз, ойыңызды тартымды әрі оқылымды етіп жеткізудің тәсілдерін меңгергенсіз. Оның үстіне, қолыңызда сапалы контент даярлаудың барлық құралы бар. Ендеше, сіз де белсенді блогерге айналып, аудиторияға ықпалдылығыңызды арттырып қоймай, қосымша табыс табуға мүмкіндігіңіз бар. – Қазақтандық медиа-бизнестің даму болашағына қатысты болжам­да­рыңызбен бөліссеңіз. Алдағы бес-он жылда еліміздің ақпарат нары­ғында қандай құндылықтар үстем болуы мүмкін? – Болашаққа болжам жасау қайыр­лы іс емес. Алдағы уақытта қан­дай жағдай боларын тіс қаққан мамандардың өзі дөп басып айта алмайды. Мен одан да қазақстандық медиа-бизнестің болашағынан не күтетінімді, не көргім келетінін айтайын. Отандық БАҚ нарықтық талаптарға сай дамығанын қалаймын. Ол үшін экономикамыз нарық шарттарына жауап беруі тиіс. Кәсібін дөңгелетіп отырған отандық кәсіпкерлерді қолдауды арттырған жөн. Сапалы тауар өндіріп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына мұрындық болатын азаматтардан көмекті аямау керек. Өнім өндірушілер артқан сайын бәсеке артады, бәсеке қызған сайын­ сапа артады, сапа артқан сайын­ тұтынушылардың ішкі нарыққа сенімі нығаяды. Бұл өз кезегінде жарнама нарығының қарқынды дамуына сеп болады. Ал жарнама берушілер көбейген сайын отандық БАҚ-тың тынысы ашыла түседі. Яғни, ақпараттық кеңістігіміздің ілгерілеуі шағын және орта бизнестің дамуына тікелей тәуелді. Жеке ісін бастаған кәсіпкерлердің жолын бөгемей, тексерістермен қажытпай, кәсібін дөңгелетіп әкетуіне мүмкіндік берсек, бұдан ұтқанымыз көп болмақ. – Сөз соңында сіздің жас кәсіп­кер­лерге, жеке кәсібін бастағысы келетін азаматтарға кеңесіңізді тыңдасақ... – Кез келген кәсіп асқақ армандардан бастау алуы тиіс. Армандаудан қорықпаңыз, өз мүмкін­дік­теріңізді бағалай біліңіз. Ойыңыздағыны жүзеге асыруға күшіңіз жететініне сеніңіз. Екіншіден, жобаңызды жүз рет пысықтап, артық-кем тұстарын түзеп, әбден пісіріп алыңыз. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген сөз бар ғой, жіті ойластырылған жос­пар сәтсіздікке ұшыратпайды. Мәселен, сіз қарындаш өндіретін болсаңыз, оны жасаудың ғана емес, тиімді сатудың да жөн-жобасын әзірлеп алуыңыз керек. Тұтынушы қытайдың немесе өзге өндірушінің емес, нақ сіздің тауарыңызды таңдайтынына көзіңіз жеткенде ғана іске кірісіңіз. Ең бастысы, армандар орындалатынын, адал еңбек ақталатынын ұмытпау керек. – Әңгімеңізге, пайдалы ақыл-кеңестеріңізге рахмет!

                                               Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА