26 Ақпан, 18:55 286 0 Әлеумет Анар ЛЕПЕСОВА

Коронавирус: Алматы әкімдігі қала тұрғындарына үндеу жасады

Алматы әкімдігі аса қажеттілік болмаса адам көп жиналатын жерлерге бармауды ескертті.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығы алаңындағы брифинг барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Алматы қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның расталған жағдайлары жоқ. Қалаға қауіпті аймақтардан келетін адамдарға оқшаулау шаралары қолданылды», — деді Т. Әбілдаев.

Сонымен қатар, барлық медициналық ұйымдардың жеке қорғану құралдарымен толық қамтамасыз етілгені айтылды. Шет елден келгендер медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінетін болса, оларға жете көңіл бөлінетін болады және үй карантині белгіленеді.

Айта кету керек, бұл мәселе Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен Коронавирус ауруын таратпау және болдырмау жөніндегі өңірлік штабтың бақылауында тұр. Тілеухан Әбілдаев әуежай, вокзал аумағындағы коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын сақтау үшін атап айтқанда дезинфекциялық қорғаныс құралдарына тексеру жүргізілгенін хабарлады.

Коронавирусқа қарсы іс-қимыл бойынша санитарлық алдын алу шараларын іске асыру үшін жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау, қолды тиісті дезинфекциялық құралдармен сүрту, сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу ұсынылады.

«Бұл инфекцияның (коронавирус) таралуын болдырмау үшін аса қажеттілік болмаса көпшілік, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға кеңес беріледі. Қазір ЖРВИ мен тұмау ауруының басталған кезеңі. Көп нәрсе жеке гигиенаға байланысты. ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттану кезеңінде адам осы инфекцияны өздерінің жақындарына, туған-туыстарына, бірге жұмыс істейтін әріптестеріне таратпау үшін тиісті шараларды қолдану керек», — деді Т. Әбілдаев.

 

Соңғы жаңалықтар