Тоқаев Палымбетовтің отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады

Тоқаев Палымбетовтің отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады

Тоқаев Палымбетовтің отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады
ашық дереккөзі
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 312-бабына сәйкес Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымындағы мерзімнің аяқталуына байланысты Болат Палымбетов өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш жазды. Президент бизнес-омбудсменнің өтінішін қанағаттандырды. 4 жылда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша қандай жұмыс атқарылды? 2016 жылы бизнес-омбудсменнің алдына нақты міндет қойылды, ол– кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бұл, ең алдымен, бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар, Қылмыстық және Қылмыстық-әкімшілік кодекстегі олқылықтар, адал бәсекелестікті және бизнесті дамытуға кедергі келтіретін рұқсат беру, лицензиялық, сыбайлас жемқорлық кедергілері. Төрт жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, олардың жиі кездесетін мәселелері зерделенді. "Түскен өтініштердің басым бөлігі қылмыстық істерді заңсыз қозғау тақырыбына және жалпы алғанда қылмыстық кодекстің репрессивтілігіне қатысты болды. Сондықтан да біздің қызметіміздің негізгі басымдығы экономикалық қылмыстар бойынша қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және қылмыстық сипаттан арылту болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау 600-ден астам бас бостандығынан айырылған кәсіпкерге экономикалық қызметке қайта оралуға мүмкіндік берді", - дейді Болат Палымбетов. Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілді. Бас прокуратура мен "Атамекеннің" экономикалық құқық бұзушылықтар үшін санкцияларды азайту жөніндегі бірлескен ұсыныстары ескерілді. Атап айтқанда, "Жалған кәсіпкерлік туралы" 215-бап алынып тасталды, алты бапқа, егер әрекет алғаш рет жасалса және мемлекет пен қоғамға қауіп төндірмесе, және кәсіпкер залалды өз еркімен өтесе, жауапкершіліктен босату туралы ескертпелер енгізілген. Осылайша, бизнес қызметін тоқтатпай экономикалық айналымда қалуға, экономиканы дамытуға одан әрі үлес қосуға мүмкіндік алды. "Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу рәсімдеріне елеулі өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 8 есе қысқарды, 2015 жылы 8 170 іс тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 1053-ке дейін төмендеді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына және кәсіпкерлік қызмет кедергілеріне қатысты заңнамаға талдау жүргізілді. Бірлескен жұмыс осы мәселелерді шешуге бағытталған", - деп, атап өтті бизнес-омбудсмен. Қазақстан әлемнің көптеген елімен экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр. Сондықтан да басқа мемлекеттердің аумағында отандық бизнесмендердің өз мәселелерімен жалғыз қалмауы біз үшін өте маңызды.  Осы мақсатта Ресей, Өзбекстан және Грузияның бизнес-омбудсмендерімен Өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Осы елдердің бизнес-омбудсмендерімен өзара іс-қимыл аясында бизнесті қорғау мәселелері бойынша ақпарат алмасу жолға қойылған, кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасаған тұлғаларды жауапкершілікке тартуға және олардың мүлкін (тауарларды, ақша қаражатын және т.б.) қайтаруға жәрдем көрсетіледі, сондай-ақ дауларды сотқа дейін реттеу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Жалпы, Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларға халықаралық рейтингтік ұйымдар оң баға беріп отыр. Егер "Doing Business 2017" рейтингісінде Дүниежүзілік банк есебінің деректері бойынша Қазақстан 35-орында болса, "Doing Business 2020" (2019 жылғы 24 қазанда жарияланған) нәтижелері бойынша Қазақстан 25-орынға көтерілді. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Қазақстанда бизнес ортаны жетілдіру бойынша жүйелі және ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Бизнес-омбудсмен институты осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты толықтыруға және күшейтуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының Өкімімен Рустам Манарбекұлы Жүрсінов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды.