Айна Досмахамбетқызы: Бағдарламашы болу үшін 4 жыл оқу міндетті емес

Айна Досмахамбетқызы: Бағдарламашы болу үшін 4 жыл оқу міндетті емес

Айна Досмахамбетқызы: Бағдарламашы болу үшін 4 жыл оқу міндетті емес
ашық дереккөзі
Технология мен инновация дамыған заманда әлем бойынша IT-мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты бойынша IT-мамандарды даярлауға баса көңіл бөлініп отыр. Тәжірибе мен еңбекті көп қажет ететін мамандықты игеру үшін IT-мамандар шетел тәжірибесінен хабардар болу керек. Metod бағдарламалау мектебінің директоры Айна Досмахамбетқызы TechWomen бағдарламасы бойынша Қазақстан атынан Сан-Франциско қаласына барып тәжірибеден өтіп келді. Ақпараттық технология саласы бойынша көкейімізде жүрген сауалдарға жауап алудың сәті түсті. – TechWomen бағдарламасына іріктеліп, Қазақстан атынан кремний алқабы Сан-Францискоға барып келдіңіз. IT саласы бойынша ең мықты мамандар сол жерде дайындалатынын білеміз. Мұндай ауқымды жобаға іріктелу оңай болмаған шығар? – Сан-Францискода біз білетін ең мықты деген барлық танымал IT-компаниялардың кеңсесі орналасқан. Дәл осы жерде жүздеген идеялар туындап, жүзеге асырылады. Мұнда әлемнің ең талантты IT мамандары жиналып, біздің ертең қандай әлемде өмір сүретінімізді шешеді десек те болады. Ал TechWomen бағдарламасы STEM саласында (ғылым, технология, инженер, математика саласы) жұмыс істейтін әйелдерге арналған. Бұл бағдарлама АҚШ-тың қолдауымен STEM  саласында жұмыс істейтін әйелдердің жоғарғы технологиялардың көмегімен өздерінің мүмкіндіктерін барынша іске асыруға көмектесуге және олардың жағдайын жақсартуға бағытталған.

 width=

Бағдарлама 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді, ал Қазақстан, қателеспесем, 2017 жылдан қатыса бастады. Биыл Қазақстаннан 380 жуық үміткер болса да, тек 6 адам іріктеуден өтіп, бес апталық тәжірибеден өтіп келдік.  Іріктеу кезеңінде сенің біліміңді арнайы тәжірибе жүзінде тексермейді. Негізінен барлығы жазған эссе мен қоғамда жасап жатқан жұмысыңа, белсенділігіңе байланысты. Жақсы маман бола тұра, қоғамға ешқандай пайдаң болмаса, сен бағдарламаның жеңімпазы бола алмайсың. Мысалы мен өтініш бергенде өзімнің «Ажыраспа» атты блогым мен әйелдердің дамуына арналған  түрлі онлайн-марафондарым туралы, ұйымдастырып жатқан  шаралар, жұмысым туралы жаздым. – TechWomen бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту барысында әріптестеріңізден, жалпы тәжірибеде не үйрендіңіз? – Сан-Францискода бағдарламашылар ең көп сұранысқа ие мамандық. Мұнда IT-саласының қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған. Мықты бағдарламашыны ақшаға сатып ала алмайсың, жалақымен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Мысалы, маған бір компания жоғары жалақы ұсынса, келесі компания мені сатып алу үшін одан да жоғары жалақы ұсынады. Компаниялар мамандарды жоғарыда аталғандай жағдайлармен қызықтырып, ерекшеленгісі келеді. Сондықтан олардың компанияларында кеңселік артықшылықтар үлкен маңызға ие болып отыр. Тағылымдама барысында өзімнің алға қойған мақсаттарым болды және бәрі өзім қалағандай  орындалды. Бағдарлама бес аптаға жалғасты, ал SS&C Advent компаниясынан кәсіби тәжірибеден өтуіме үш апта берілді. Қай елде болсын, үш аптаның ішінде бір техникалық дағдына толығымен үйреніп шығу мүмкін емес. Сол себепті мен негізгі басымдықты Soft skills және нетворкинг дағдыларын үйренуге бердім. Және бір ай бойы көпшіліктің алдында сөйлеу, өз идеяңды тыңдата алу, техникалық емес дағдыларды қалыптастыру бойынша да курсқа бардым. Өкінішке қарай, елімізде ата-аналар да, мектеп оқушылары да көпшілік алдында өз идеяңды айту, ой бөлісу, коммуникация құру, конфликттен шығу мәселелеріне көп мән бермейді. Ал дамыған елдерде мұндай дағдылар болмаса, сен ешкім емессің. Техникалық дағдыларың мықты болса да, сені жұмысқа алмауы мүмкін. Олар жұмысқа алатын кезде қызметкердің компаниядағы басқа адамдармен қаншалықты қатынас құра алатындығына және сол компанияның мәдениетіне қаншалықты сіңісіп кете алатындығына мән береді. Сен он жерден мықты маман бол, бірақ адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната алмасаң, жұмыссыз қаласың. Тіпті жиырма жыл бойы бір компанияда жұмыс істесе де, осындай курстарға барып оқиды. Адам қанша жасқа келсе де, өзін дамытуын тоқтатпауы қажет екенін көресің.

 width=

– Бағдарлама бойынша әр ел өзінде болып жатқан өзекті мәселені ұсынып, оны технологиялар арқылы шешудің жолдарын көрсету керек. Сіздер қандай мәселенің шешу жолдарын ұсындыңыздар?   – Жемқорлық – еліміздегі нөмірі бірінші өзекті мәселе. Бірақ жемқорлықты технология арқылы шешудің жолын таба алмадық, өйткені біз ұсынған жоба міндетті түрде жүзеге асырылатын болуы керек. Жемқорлық мәселесі бізге өте қиын тапсырма болды. Сондықтан біз балаларға арналған ғылым мұражайына ұқсайтын орталық жасаймыз деген жобамызды ұсындық. Орталықта балалар мен оқушыларға қажетті барлық нәрсенің болғанын қаладық. Өйткені біздің елімізде мектептердің материалдық-техникалық базасы толық қалыптаспаған, балалар ғылымды тек кітаптан оқиды, пробирканың не екенін білмейтін оқушылар да бар. Оны қолына ұстап көрмеген, не екенін кітаптағы суреттен ғана көреді. Мектеп оқушыларына эксперимент жасауға жағдай қарастырылмаған. Ал еліміз дамып, озық елдер қатарынан көрінсін десек, теория мен тәжірибе ұштасуы мектеп қабырғасынан басталуы керек деп ойлаймын. – Metod бағдарламалау мектебінде оқуға қызығушылық танытатын жастардың саны көп пе? – Балалар мен ересектерге арналған Metod бағдарламалау мектебі бес жылдан бері Алматы және Астана қалаларында жұмыс істеп келеді. Мектепке балаларды 8-9 жастан бастап қабылдаймыз, ал ересектердің жасына шектеу жоқ. Оқимын деген адамға қанша жаста да білім алса кеш емес. Бағдарламашы болу үшін 4 жыл білім алу міндетті емес, қажетті білім мен дағдыны қысқа мерзім ішінде меңгеруге болады. Біздің мектепке өздері қызығушылық танытып келетін балалардың саны аз. Оқуға көп ретте бағдарламашы, IT-инженер саласының мамандары балаларын әкеледі, өйткені олар болашақта қандай мамандықтың үлкен сұранысқа ие болатынын біледі. Сондықтан балаларын осы салаға бейімдеп, оқытып жатыр. Менің ойымша Қазақстанда  ғылым, технология, инженер, математика саласының негізін қалайтын мектептегі пәндер дұрыс оқытылмайды. Информатика пәні NIS, қазақ-түрік лицейі, РФММ жақсы өткізілуі мүмкін, ал қалған қарапайым мектептерде бағдарламауды жақсы үйрететіндеріне күмәнім бар. Мысалы бала информатика саласына қызығуы мүмкін, бірақ ол білімнің тәжірибемен ұштаспайтынын көреді де сол баяғы заңгер немесе экономист мамандығын таңдайды. Біз балалардың таңдаған мамандығы бойынша оны дамытатын ортаны жасай алмай отырмыз. Мысалы біздің қоғамда кез-келген инженерлік мамандықты қиын деп ойлаймыз. Өзіміз солай ойлағандықтан балаларымызға да сол ойымызды таңамыз. Өзіміздің қорқыныштарымыздан, қалыптасқан таптаурын көзқарастарымыздан арылатын кез келді. Біз балалардан математиканы, физиканы жақсы оқығанын талап етеміз, бірақ өмірде қажетті дағдыларды үйретпейміз. Талап етуден бала математик, физик болып шықпауы мүмкін. Баланың академиялық оқуына ғана емес, қарым-қатынас жасау, жобалармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру керек, ал оны жасау оңай. Біздің мектептерде сабақта жыбырламай отыру керек, қолды көтеріп сөйлеу керек, кітапты оқып айтып беру керек деген сынды «керектер» көп. Мұғалімдерде креатив болмағандықтан, балаларда тұлғалық қасиеттер қалыптаспайды. – Сан-Францискода жинақтаған тәжірибеңіз бойынша мектебіңіздің даму жоспарына қандай өзгерістер енгізгіңіз келеді және бұл еліміздің IT-саласының дамуына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз? – Әзірге ой үстінде жүрмін, мектептің негізін қалаушылармен бірлесіп ақылдаса отырып шешеміз. Біздің елімізде онлайн оқу жақсы дамамыған, орыс тілінде онлайн-бағдарламалау жасайын десең бәсекелестік өте жоғары. Қазақ тілінде бағдарламалауды үйрету туралы жоспарым бар. Бірақ менің ойымша ол дұрыс жүзеге аспайды. Өйткені біздің елімізде бағдарламалаудың керек екенін дұрыс түсінбейді, бұл ретте онлайн-курс туралы айту тіптен артық. Оның үстіне бұл өте үлкен қаржылай тәуекелді қажет етеді. Оқушыларға арналған онлайн-сабақтар өткізейін десең, ата-аналарда сенім жоқ, оффлайн оқытқысы келеді, бірақ оффлайн жасасаң, баланы тасымалдау қиын деп сылтауратып балаларын тағы әкелгісі келмейді. Роботтандыру, яғни робот техникаларды енгізу туралы ойым бар, оларды сатып алу көп қаражатты қажет етеді және бәсеке көп. Алдағы уақытта оқу әдістемесі бойынша өзгерістер енгізуді қолға аламын. Мысалы, бізде әрбір оқушы бағдарламалауға келгенде курстың соңында өзінің жобасын жасап шығарады. Мысалы бір топта 7 адам болса, жеті жоба жасалады. Енді менің мақсатым – сол жеті баланы біріктіріп, бір жобаны жасап шығару. Себебі бұл балаларға болашақта керек дағдыларды үйретеді. Балалардың бойында жоба бойынша топтық жұмыс істеу дағдыларын қалыстастырғым келеді. Олар бір-бірімен қарым-қатынас құрып үйренеді, бір жобаны аяғына дейін жеткізіп шығады. Біз кремний алқабына Қазақстанның атынан 6 қыз бардық, тапсырма бойынша бәріміз бірігіп бір жобаны жасауымыз керек. Алтауымыздың әрқайсымыз өз алдымызға көшбасшымыз, топта жұмыс істеу, ортақ тіл табысу, жұмыстарды бөліп алып жасау өте қиынға соқты. Бұл жерде адамдармен араласпасаң, білгеніңмен бөліспейтініңді ұғасың. Ал білім бөліскенде ғана көбейеді, қоғамға пайда әкеледі. Сондықтан осыны әдістемені бағдарламалау мектебімнің оқу жоспарына енгіземін. – Қазақстанның цирфлық болашағын қалай болжайсыз? – Бізде кез-келген саланың дамуына бір кедергі бар, ол – жемқорлық. Сонымен қатар адамдар дамығысы келмейді, әсіресе осы үрдіс белгілі бір қызметте отырғандар арасында байқалады. Дамыған елдерде адамдар өздерінің ойлап тапқан жаңалығын,  қоғамға тигізген пайдасын айтып мақтанса, бізде адамдар киген киімі, жеген тамағы, астына мінген көлігі, атақ-абыройы, қызметімен мақтанады. Бір ғана қарапайым мысал айтайын, сапар барысында Елшілікке бас сұқтық. Бізді қоғаммен байланыс бөлімінің 24 жастағы қазақ жігіті қарсы алды. Білесіз бе, сол жігіт бізбен әңгімелесіп отырып менің басқа кездесуім бар еді деп тұрып кетіп қалды. Біз аңтарылып отырып қалдық. Тіпті бір кесе қара шәй ұсына алмады. Бірақ өзінің қызметін қайта-қайта айтып, есімізге салып мақтануды біліп отырды. Оның анасы балам Вашингтонда қызметте деп мына жақта мақтанып отыр-ау деп ойладым. Басқа елден барған қыздар өз елшіліктінің қалай құрметпен, жылы көңілмен қарсы алғандарын жарыса айтқанда Қазақстаннан барған қыздар үндемей қалдық. Біз осылай тамыр-таныстықпен, жемқорлықпен қолымыз жеткен қызмет орнымызды мақтаныш етіп отырғанымызда, дамыған елдер одан әрі дамып жатыр. Біз ақ пен қараны ажыратпайынша, дұрыс нәрсені мақтан тұту қажеттігінін түсінбейінше, бізде осылай ақша, қызмет, мансап алдыңғы орынға шығып, дұрыс цифрлы Қазақстан құра алмаймыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ