«Заңсыздық әкімдік тарапынан болып отыр». Bek Air мен ұшақ құлаған үй иесінің соты 20 наурызға шегерілді

«Заңсыздық әкімдік тарапынан болып отыр». Bek Air мен ұшақ құлаған үй иесінің соты 20 наурызға шегерілді

«Заңсыздық әкімдік тарапынан болып отыр». Bek Air мен ұшақ құлаған үй иесінің соты 20 наурызға шегерілді
ашық дереккөзі
Алматы облысы Талғар аудандық соты Bek Air әуе компаниясының талап арызын қарауды кейінге шегерді. Бүгін әуе компаниясына тиесілі ұшақ соғылған ғимарат құрылысын заңсыз деп тану жөніндегі шағымы қарсы тараптың сотқа дайындықсыз келуіне байланысты 20 наурызға белгіленді. azattyq-ruhy.kz сайтының жазуынша, Гүлдала ауылдық округіндегі ұшақ құлаған үй иесі Решет Қалибек қаржылық қиындықтарға байланысты адвокат жалдауға мүмкіндігі болмағанын айтты. Сондай-ақ сот қазысы жауапкердің орыс тілін білмегендіктен аудармашы қамтамасыз етілмегенін ескеріп, соттың алдын ала тыңдауын бір айға шегеруге мәжбүр екенін жеткізді. Өз кезегінде үй иесі Решет Қалибек әуе компаниясына қарсы талап арыз дайындайтынын мәлімдеді.
«Мен Bek Air компаниясының талабын түсінген жоқпын. Мені не үшін сотқа беріп жатыр? Бұл жерде заңсыздық жергілікті әкімдік тарапынан болып отыр. Мен өз тарапымнан заңгерлермен ақылдасып, әуе мекемесінің өзін сотқа беремін. Бүгінгі сотқа адвокат жалдап үлгермедім. Ақшам болмады. Сөйлескен қорғаушылар қымбат сұрады», – дейді Р. Қалибек.
Ал Bek Air әуе компаниясының президенті Нұрлан Жұмасұлтанов апатқа ұшыраған ұшақ оқиғасына осы заңсыз салынған үй себепкер болғанына сенімді, және жауапкердің үйінің заңсыз салынғанын сот арқылы дәлелдейтінін айтты. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air ұшағы апатқа ұшырады. Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан лайнер ұшу кезінде орнынан көтеріле алмай, әуежай қоршауын бұзып өтіп, үйге соғылған болатын. Ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 12 адам қаза тапты. Bek Air компаниясы ұшақ соғылған үйдің иесін сотқа бергені және 21 ақпанда соты болатыны жайлы ақпар тарады. Соғылған үйдің иесі Решет Қалибек Қытай елінен көшіп келген қандасымыз болып шықты. Осыған орай, Túrkistan газетінің қандастарға арналған ATAJURT жобасы бұл іске бейжай қарай алмайды. Сондықтан бірінші үй иесі Решет Қалибекпен хабарласып, мән-жайды сұрап көрді. Оның айтуына қарағанда, үй салуға арналған жердің «госактісі» қолында бар. Жерді Гүлнәр Өмірғазиева деген азаматшадан сатып алған. Túrkistan газеті Bek Air компаниясының қандасымыз Решет Қалибекті сотқа беруіне қатысты белгілі мамандардың пікірін білген еді, оқи отырыңыз. Ұшақ апатына қатысты іс әлі аяқталған жоқ. Қоғам да бұл іске алаңдаулы. Кімнің кінәлі екені де анық­талмай келеді.