Бейбіт шеру өткізу үшін рұқсат сұрау қажет болмайды – жаңа заң

Бейбіт шеру өткізу үшін рұқсат сұрау қажет болмайды – жаңа заң

Бейбіт шеру өткізу үшін рұқсат сұрау қажет болмайды – жаңа заң
ашық дереккөзі
Бейбіт шеру туралы жаңа заң жобасы қызу тал­қы­ла­нып жатыр. Ата заңымыздың 32-бабына сәйкес, аза­мат­тар бейбіт әрі қарусыз жиналуға, митинг, де­монс­тра­ция өткізуге және пикетте тұруға құқылы. Алайда осы жиналыс бостандығы құқығын іске асыру жолында біраз кедергі болды. Сарапшылардың айтуынша, заңнаманы қайта қарап, әлемдегі озық үлгілерді қарастырудың өзі – демократия жолындағы маңызды қадам, – деп жазды aikyn.kz. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдас­тыру және өткізу тәртібі туралы» мүлдем жаңа заң жобасы әзірлен­генін және 1995 жылғы ескі заң күші жойылатынын айтады. Жаңа құжатта бейбіт жиналыс атаулының барлық түріне анық­тама беріледі, ұйымдастырушылар мен қатысушылар жауапкершілігі анықталады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тапсырғандай, нара­зы­лық акциясын өткізуге қала ше­тінде емес, орталықтан орын бөлу міндет. 250 адамнан аз қатысушысы бар бейбіт шара өткізу үшін хабарлама тәртібі енгізілмек. Яғни, рұқсат сұрау қажет болмай­ды. Ірі шеру-митинг өткізу ісін жергілікті әкімдік реттейді. Дегенмен сарапшылар өзек­ті тақырып көтерілген бейбіт жиынға келушілер саны тез-ақ 250 адамнан асып кетуі мүмкін екенін ескертеді. Министрлік өкілінің түсіндіруінше, бұдан көп адам жиылса, олар көлік қозға­лысына кедергі келтіруі, қандай да бір нысанның жұмысына бөгет болуы мүмкін. Сондықтан ондай қарсылық акцияларын арнайы бөлінген алаңдарда, саябақтарда өткізген жөн. Ол орындарды анықтау жергілікті мәслихаттың құзырына беріледі. «Бейбіт жиналыстар – тек азаматтардың өз белсенділігін паш етуінің бір қалыбы ғана. Көп­­теген елдің тәжірибесі сара­ланды. 250-ден асып кетсе, кө­лік­тердің жүрісін, жолаушылар қа­уіпсіздігін қамтамасыз ету қиын­дайтын болса керек. Сол себепті 250 деген сан алынды», – дейді Әлия Қайратқызы. Kun онлайн-тұғырнамасын­дағы талқылау кезінде ондай орындар тізімін заңда бекіту ту­ралы ұсыныс айтылды. Әйтпесе, заң жобасында қала орталығы деп нақты жазылмағасын, мәсли­хаттар орынды заң жүзінде емес, өз қалауынша белгілейді. «Барлығын бір заң аясында тәптіштеп жазып, реттеу мүмкін емес. Жергілікті атқарушы орган­дарға осы мәселеде еркіндік бер­гіміз келді. Жергілікті тұрғын­дарға бейбіт жиналу үшін қай жер ыңғайлы екенін солар біледі. Өйткені заңда елді мекеннің орталығы деп бекітсек, әр ауыл-қалада орталық әртүрлі. Аудан орталығында – орталық алаң болса, басқа жерде әлдебір ірі сауда орталығының жаны болуы мүмкін. Ендеше бұл мәселені жергілікті өзін-өзі басқару билігі­нің құзырына беруді дұрыс көр­дік, – дейді Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы.