Мұхтарбай Өтелбаев: Профессор болсам да, бірінші сыныпқа математика оқулығын жаза алмаймын (видео)

Мұхтарбай Өтелбаев: Профессор болсам да, бірінші сыныпқа математика оқулығын жаза алмаймын (видео)

Мұхтарбай Өтелбаев:  Профессор болсам да,  бірінші сыныпқа математика оқулығын жаза алмаймын (видео)
ашық дереккөзі
– Халықаралық PIAAC зерт­теуі Қазақстанда ересектердің ма­тематикалық сауаттылығы мен оқу деңгейі өзге елдермен са­лыстырғанда төмен деңгейде және халық математика бойын­­ша алған білімдерін өмі­р­де қол­данбайды деп тұжырым жа­­саған.  Осы зерттеу нәти­же­сі­мен келісесіз бе? – Математика білімін бірден өмір­де қолданудың қажеті шамалы. Ал техникалық білімдерді қолдануға болады. Математикалық білім – ол халықтың интеллект дең­гейінің ең басты көрсеткіші. Ин­теллектісі жоғары халықтың ал­ға озатынына сөз жоқ. Бүгінде ха­лықтың интеллект деңгейі жо­ғарылап келеді. Мысалы, бізде «Мәңгілік ел» болу деген мақсат бар, бірақ бұл қиын мәселе. Математикалық тұр­ғыдан болжам жасасақ, мәңгілік ел болу үшін ең басты параметр орын­далуы керек. Ол – халық са­ны­ның өсуі. Мысалы, 100 жыл бойы өсетін халық 100 жылдан кейін өсуін тоқтатуы мүмкін. Біз ең соңғы өсімтал халықтың бірі болуымыз керек. Халық саны өс­песе, жұтылып кетеміз. Өкінішке қа­рай, біздің тіліміздің де сақталу заңдылығы өте төмен. Осыдан бірнеше жыл бұрын 100-150 жылдан кейін қандай ұлттар мәңгі ел болып сақталатыны туралы ағыл­шындардың зерттеуін оқыдым. Қа­зақ халқы бұл тізімге енбеген, ше­шен ұлтын көзім шалып қалды. Кей халықтың не себепті тізімге енбегенін жазады. Мысалы, Афри­каның көптеген халқы тілінен, мәдениетінен ажырайды екен. Қа­зақ халқының жер аумағы үл­кен, бірақ халық саны аз және ті­лін қолданыста ұстамағандықтан жоғалып кететін халықтардың қ­а­тарында деп жазып қойған. Себебі тілін қадірлемеген халықтың рухы төмен деп тұжырым жасайды. Болжам жасаған адамның жа­ғы қарыссын дейміз, бірақ ой­ла­саң қорқынышты. Қазір қолданып жүрген дауысты ау­дармашының (голосовой переводчик) қазақша базасын жасауымыз керек. Адамның тіл білу мүмкіндігі шектеулі, ал компьютерге әлемдегі 6 700 тілдің сөздік қорын сыйдыра аласыз. Дауыстық аудармашы 20 жыл өткеннен кейін кез келген маман аудармашыдан әлдеқайда жақсы аударатын болады. Бір мысал келтірейін, 1978 жылы шахмат ойнайтын бағдарламаны жасап шығарды. Сол кезде адамдардың көпшілігі «Ол бағдарламаны кез келген адам жеңеді, ешқашан да компьютер адам­ды басып озбайды» деп соққан. Бірақ қазір компьютердегі бағдар­ла­маны жеңе алатын адам жоқ, тіпті 1 000 жылға дейін туылмайды да. балаларға ағылшын, орыс тілін қосымша оқуға көп уақыт пен ақша кетіп жатыр. Екі жылдың ішінде 100 ғалым отырып аударма жұмысымен айналысып, әзірге қазақ-ағылшын, қазақ-орыс, қазақ-түрік, қазақша-араб, қазақша-қытай тілдерінің аудармасын жасап шығарса керемет болар еді. Біз жер бетіндегі барлық халықпен өз ана тілімізде сөйлесе алатындай жағдайға жетер едік. Егер де бізде мұндай дауысты аудармашы болмаса, біз артта қалған сорлы халыққа айналатынымызға, ұлт ретінде ыдырап кететінімізге кепілдік беремін. – Бүгінгі ғылымның дамуына көңі­ліңіз тола ма? – Еліміздегі ғылымның осы дамы­ға­ны жеткілікті деп тоқмейілсудің қа­жеті жоқ. Өйткені бүгінде ғылым мен тех­н­ология үлкен жылдамдықпен дамып жатыр. Ғылымсыз, сөз жоқ, халық артта қалады. Ғылымның үлкен жаңа­лы­ғын дұрыстап пайдаланған халыққа ол көптеген жақсылық әкеледі. Кімде-кім ғылымның жаңалығын дұрыс пай­даланбаса, ал сол халыққа қарсы жұ­мыс істей бастайды. Өйткені ол ғылым­ның жаңалығын бас­қа ел пайдаланып кетуі мүмкін. Сон­дықтан біз ғылымның кез келген үлкен жаңалықтарын жабыса кетіп пайдалануымыз керек. Елімізде ғылымға көңіл бөлініп жа­тыр, бірақ жемқорлық және жалған ға­лымдар ғылымның бірінші жауына ай­налып отыр. Олар ғылымның дамы­ғанын қаламайды, себебі «қылмысы» ашы­лып қалады. Осылайша өзінің нанын тауып жеу үшін автоматты түрде ғылымға қарсы қимылдарды амалсыз­дан жасай береді. Тіпті, жас кезінде ғы­лымды дамытсам екен дегендердің өзі осындай жағдайға жеткеннен кейін өзіне-өзі дұшпанға айналады. Бүгінгі ғылым өзінің даму жолында осындай кедергіге тап болып отыр. Мен бір мысал келтірейін. Осыдан он шақты жыл бұрын маған бір жігіт «Ағай, мен докторлық диссертациямды қорғайын деп едім» деп келді. «Дис­сер­тацияңды әкел, көрейін» дедім. Ер­теңі­не жолығып, «Балам, мына жұмысың док­тор болуға жарамайды екен. Екеуміз де ұятқа қаламыз» дедім. Ол «Сіз не айт­саңыз да ғылыми кеңес істейді ғой» деп жалынып қоймайды. Мен «Жоқ, бол­майды» дедім. Өзі былай жақсы адам. Мәскеуде оқып жүргенде ұстаз­дары­мыз «Хороший ученый хорошим пар­нем не бывает» деп айтатын. Ол ма­ған жалынады, мен өкпелеп қал­ма­сын деп оған жалынамын. Әйтеуір оны көн­дірдім, бірақ ол кетерінде маған «Мен бәрібір не педагогика, не информатика, не экономика ғылымы бойынша қорғаймын. Ол салаларда математи­ка сияқты кедергі жоқ» деп айтты. Жар­­ты жылдан кейін келіп тұр. Бұрын­ғы докторлық диссертациясын қорғап алыпты. Ең қызығы, жоғарыда аталған педагогика, информатика, экономика емес, математика ғылымы бойынша қор­ғаған. Көршілес республикадан қор­ғапты, өзінің айтуынша ол жақта ма­т­ематикадан қорғау бұл жақта педагогика, информатика және экономика ғы­лымдары бойынша қорғаудан әлдеқайда «ар­зан» екен. Тағы бір мысал. Жақында менің шә­­­кіртімнің шәкірті халықаралық жур­налға жақсы мақаласын шығарды. Мен қуанып құттықтадым. Он шақты күн өтпей өзімнің тікелей шәкіртім маған келіп «Шәкіртім менің мақаламды ай­на-қатесіз көшіріп алыпты» деді. Ол ма­қала баяғыда Қазақстанның бір жур­налына шыққан екен. Шәкіртім екеуіміз оған «мынауың ұят қой, мұның не?» десек, ыржың-ыржың етіп күледі. Ауыз­ша кешірім сұрады. Сосын мен «Га­зетке жазып ресми түрде кешірім сұра. Сенің кешірімің плагиаторларға әсер етер, басқалар да ойланып, ұяла бас­тайды» десем, «Плагиаторлар көп қой, онда ана ректор сұрасын, мына министр сұрасын» деп плагиаторларды түгендеп, көнбей қойды. Өзі плагиатор болғанына қарамай, тағы бір жігітті авторлас етіп қосып алыпты. Өкінішке қарай, осындай ұры ғалымдар көп. Үл­кен қызметтегі, атағы дардай адам­дардың талайы сондай. Сен пла­гиа­тор­сың десең, артыңа түсіп алады екен. – Плагиаторлармен қалай кү­ре­су керек? – Плагиаторларды анықтайтын ан­тип­лагиат деген бағдарлама бар. Бі­рақ бүгінде кез келген бағдарламаны ал­дап соғу оңай. Қазір студенттер де, жал­­­ған ғалымдар да ондай бағдарла­ма­ны оп-оңай алдайды. Себебі формуланы кішкене ғана қисайтып, сөйлемді өз­гертіп немесе теоремасын, нәтижесін бө­лектеу етіп жазса жұмысы таза болып шыға келеді. Антиплагиат бағдар­ла­­масы ғылыми жұмыстың мағынасын то­лық қарай алмайды. Бүгінде интернет плагиатордың қайнар көзі болып тұр. Министрлер ғалымдарға, ректорлар мен проректорлар студенттерге пла­гиатор болмаңдар деп айғайлайын десе, өздері плагиатор. Қазір студент кім­нің плагиатор, кімнің жалған ғалым еке­нін біледі. Плагиатордың педагог болу­ға құқы жоқ. Бұрынғы замандарда плагиаторлар жақсылап тұрып жауап бе­ретін. Плагиаторлармен қалай күре­сетінімізді білмеймін, бірақ бара-бара бір амалы табылатын шығар деп ойлаймын. Бізде көптеген ғылым саласының да­муы нашарлап кетті, оны мойындауымыз керек. Ғылыми кеңес жабылды, одан диссертация сату деген орын ал­ды. Осы диссертация сатудан аман қал­ған тек математиктер. Өйткені бұл мә­селемен ғылымның басы-қасында жүр­ген Ө.Сұлтанғазин, Т.Кәлменов се­кілді таза, бірбеткей адамдар күресті. Кезінде информатика бойын­ша ішінде іліп алары жоқ, еш­теңеге тұрмайтын диссертациялар қор­ғалды. Педагогика бойынша Кеңес өкі­меті құларда бір-ақ ғылым докторы бар еді. Қазір олардың саны математика докторларының санынан 1-2 есе көп болып кетті. Себебі кім көрінген қорғай бастады. Педагогтер біздің математик­терге келіп «Сен бізден қорға, мен же­текші болам, кө­мек­тесем» дейтін. «Жа­ман доктор бол­ған­ша, жақсы кандидат болып жүргенім жақ­сы» деп қор­ғамағандар да болды. –  Бір сұхбатыңызда «шетелден келген қандастарымыздан мықты математиктер шығады» депсіз. Бо­ла­шағынан үміт күттіретін жас ға­лым­дардан кімдерді атай аласыз? – Қандастарымыз орысша жақсы білмейді, сондықтан компанияларға жұ­мысқа кіре алмайды-ау деймін. Сосын амалсыздан ғылыммен айналысып жүр. Қытайдан келген бір шәкіртім бар. Тәп-тәуір математик болып жүр, бұйырт­са жақсы жұмыс істейтін сияқ­ты. Дурвудхан Сұраған деген Моң­ғо­лиядан келген математик бала бар. Қа­зақстанның оңтүстігінен, Өзбек­стан­нан келген балалардың біразы өте жақ­сы математик болып өсіп келе жа­тыр. 1990 жылы Қытайда өткен матема­тик­тердің Дүниежүзілік конгресінде әлем бойынша көрнекті математик­тер­дің тізімі жасалды. Сол тізімге қазақтың 15-20 математигі енген болатын. Бұл деген біз үшін өте жоғары көрсеткіш, адам басына шаққанда біз Еуропаның талай халықтарынан, орыстардан да озып кеттік. Ал қазір кейіндеп қалдық. Математикамен айналысатын Сұраған сияқты жастарымыз көбеймей жатыр. Бірақ Олимпиадаға барған балалар жақсы орын алып келіп жатыр. Олимпиадаларда жақсы көрсеткішке жеткен 20-30 балаға шетелдіктер жабыса кетеді. Осы күні өздерін менеджерміз де­­ген біреулер пайда болыпты. Бір жо­лы Олимпиадаға депутаттар келді, оларға ілесіп бизнесмен сияқты біреу келді. Ол балалардың алдына шығып ал­ды да «Үздік орын алғандар маған келің­дер. Шетелге барып оқимын деген ба­лаларға грант алып беруге көмек­тесе­мін» деп бірнеше елдің атын атады. «Кім­­нің ақшасына оқиды?» десем, «ше­телдің ақшасына оқиды» дейді. Оқы­ған ақ­шасын қайтару үшін сол жақ­та кемінде 5 жыл жұмыс істейді ғой, ал шетелдіктер жақсы оқитын ба­ла­дан өлсе ажырамайды. Сол менеджермен бірталай айтыстым. Бір депутат оны қолдап «Ба­лалар шетелге кеткенімен, сол жақ­тан үйреніп түбінде бір күні елге қай­тып келеді» деп қояды. Бес жыл­дың ішін­де немістің немесе фран­цуздың қы­зына үйленеді де, сол елде қалады. Тіп­ті, оның басының, миының күші ға­на емес, белінің күші де сол жақ­қа ке­теді. Осындайда менің есіме бір профессор түседі, ол шетелде жүріп-жүріп, зей­­нет жасына келгенде жұмыстан шы­­ғып қалған соң елге қайтып келді. Бұл 2002 жылдар шамасы. Бір уни­вер­си­теттің ректоры «Келсең студенттерді оқытасың, кейін ел қатарлы үй аласың» десе, «маған 3 мың доллар айлық керек» деп сұрапты. Ол жылдары ондай айлық еш­кімнің түсіне кірмейтін. Ректор «Мен­де ондай жағдай жоқ, бере алмаймын» дейді. Әлгі профессор өзінше өк­пелеп кетіп бара жатыр. «Өкпелейтін жө­нің жоқ, барлық күшіңді шетелге бер­дің, ең құрығанда бел күшіңді қа­зақ­қа бермедің» дедім кетерінде. Бірақ ол қайта айналып келіп екі жыл Алматыда жұмыс істеді де, шетелге қайта кет­кен. Енді Ресейге келіп жұмыс істеп жүр екен. Шетелге кеткен адам оңай­шы­лықпен қайтып келмейді. Кейбіреу­лер балаларының шетелге кеткенімен мақтанады. Әрине, 2-3 жыл оқып, тіл үйреніп келуге болады. Бар білім­ді осы жерден алып, сол жаққа тайып тұру дегенге қарсымын. Бірақ бұл заманда жұрт тіл алмайды ғой. Үлкен ше­неунік­тердің балалары шетелден үй алып, ке­тіп жатыр. Олар халыққа онша жақ­сылық істегісі келмейтін болуы ке­рек, сондықтан олардың кеткені де дұ­рыс шығар. – Ғалымдар математикалық есептердің шешімін табу бойынша жиі бас қосып тұра ма?  – Бүгінде қаптаған жеке оқу орындары ғылымға көп зиянын тигізіп жатыр. Бұрын Алматыдағы Математика институтында ғалымдардың басы жиі қосылатын, бетпе-бет әңгімелесіп, семинар өткізетін. Себебі көптеген  ЖОО-лар профессорлар құрамын таратып алды. Мысалы, атом бомбасы жарылу үшін оның массасы 1 кг-нан асуы керек. Ал 1 кг-ды екіге бөліп, арасын алыс қойсаң, ол жарылмайды. Ғалымдардың бас қосып, семинар өткізуі де осы сияқ­ты құбылыс. 3-4 профессор бір аудиторияда студенттермен жиналып есептің шемімін табу жолдарын тал­қы­ласа, сыни жиынтық пайда болады. Мықты профессор өзінің білгенімен жүре берсе, ақырындап сөне береді. Қазақтың жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас дейтіні осы. – Қазақстандық матема­тик­тер­дің халықаралық журналдарда жарияланған ғылыми мақалалары­мен танысып отырасыз ба? – Қазақстан шетелдік журналдарда ғы­лыми мақала жариялау бойынша ма­тематиктер басына шаққанда біз ал­дамыз. Математика институтының ғылыми мақалаларының саны шетелдіктермен тең түсіп отыр. Жалпы өзі­міз­ден шығатын халықаралық жур­нал­дардың деңгейін көтеруіміз керек. Дең­гейін шетелдік журналдарға жет­кізу­дің бірден-бір жолы ағылшын тілін­де жариялау болып отыр. Себебі оған жасалатын сілтеме көбейеді, сілтеме көбейсе журналдың деңгейі жо­ғарылайды. Қазір орысша жазған ма­қалаға көп сілтеме жасалмайды. Себебі ағылшын тілін қолданатын ғалымдар саны орыс тілін пайдаланатын ғалым­дар санынан 40-50 есе көп болып отыр. – Қазіргі ата-аналар мектеп бағ­дар­ламасындағы математика пәні қиын, есептер өте күрделі дейді. Ра­сында солай ма? – Баяғыда мектепте бір жыл сабақ бер­генім бар. Сонда балалардың жартысы зейін салып оқып, түсіне алатын, ал қалған жартысы қанша түсіндірсең де түсінбейтін жағдайда еді. Қазір де со­лай. Балаларға математиканы оқыт­қан­да не оқыту керек екенін әлі біліп жат­қанымыз жоқ. Мен профессор бол­сам да 1-сыныпқа оқулық жаз десе, жа­за алмаймын. Өйткені нені үйрету ке­рек екенін білмеймін. Менің бір бі­летінім, балалар оқулықтағы мате­риал­дың бәрін біліп шығуы шарт емес. Математикадан қалатын нәрсе – ол ойлау әдістері. Математика баланың ойлау қа­білетіне әсер ететіндей жағдайда болу керек. Ал «математика қиын» дегені соншама қиын емес, өйткені қазіргі балалар дұрыстап сабақ оқымайды. Екіншіден балалар білімді интернеттен алып жа­тыр. Кей балаларға мектепте оқы­ған­нан үйге келіп интернеттен көшір­ген оңай. – Бала үшін мектепте білім алу маңыз­ды ма, әлде тәрбие алу ма? – Әлбетте тәрбие. Менің ойымша ең бірінші кезекте балаға адамгершілігі жоғары деңгейде болатындай етіп тәр­бие беру керек. Тәрбие алмасаң бі­лім зиян болып шығуы мүмкін. Тәрбиесі жоқ адамда ешқандай тұрақты білім болмайды. Тәрбиесі жақсы, адамгершілігі мол бала болашақта қандай білім алған болса да жақсы адам болып қалады.  Ал математиканы жаттап алғанмен  өзі ху­лиган болса, түкке пайдасы жоқ. Елге, халыққа қызмет ететін адамға мінез бен білім, күш-қуат керек. Білімсіз адам президент болса, министрлер ал­дап не болса соған итермелеп қор қы­лады. Менің ректор, директор болуға біл­імім жетеді, бірақ күш-қуатым аз. Мен сияқты жарамайтын шалдардың көбісі қызметте отыра бергісі келеді. Ол, әлбетте, дұрыс емес. – Математик ретінде қоғамда қан­дай мәселеге алаңдаулысыз? – Қазақ ұлт ретінде сақталып қала ма, әлде жұтылып кете ме деген мә­селе­ге қатты алаңдаулымын. Жоғарыда ағыл­шындардың болжамын айттым ғой. Олардың айтуы бойынша қазақ халқының рухы төмендеп кеткен, құлдық мінез, өзге ұлтқа табыну айрық­ша байқалады. Егемендігі бола тұра 100-200 жылдан кейін жұтылып кете­тін халық деп болжам жасаған. Бұрын бір орыс отырса жиналысты орысша жасаушы едік, қазір қазақтар жиналып алып орысша сайрап отырамыз. Міне, осыдан соң тіл жұтылмай қайтсін. Тіл жұ­тылса – ұлттың жұтылуы да алыс емес.

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ