Жұмағұлованың жұлдызды сәті

Жұмағұлованың жұлдызды сәті

Жұмағұлованың жұлдызды сәті
ашық дереккөзі
Челябинскте Ресей Федерациясының Халық әртісі В.Ми­ло­сердов атындағы VIII Халықаралық жеке ак­терлік жұ­­­­м­ыстардың фестиваль-байқауында қазақ актрисасы Ре­сей елінен 12 театр қатысқан аламанда алдына қара салмай, үздік шығып, елор­даға үлкен абыроймен оралды. Қа­ли­бек Қуанышбаев атын­дағы Мемлекеттік ака­демиялық музыкалық қа­зақ драма теат­рының акт­рисасы Бақыт Жұмағұлова  клас­сик жазушы Шың­ғыс Айтматовтың «Ана – Жер ана» тра­ге­дия­сын негізге алып, «Ана мен ала» деген атау­мен шығарды. Моноспектакльдің қою­шы-ре­жиссері жас та болса сахна кеңіс­тігінде дара қол­­таңбасын танытып үлгер­ген Абай атын­дағы Семей драма теат­рының режиссері Айдын Салбан. «Новый художественный театр» мекемесінің директоры А.То­­каревтен Нұр-Сұлтан қаласын­дағы Қалибек Қуанышбаев атын­дағы Мемлекеттік академия­лық му­зыкалық қазақ драма театрының директоры Асхат Маемиров пен театрдың көркемдік жетекшісі Тал­ғат Теменовтің атына жеке-жеке құттықтау хат келді. Хатта  қа­зақ театрының актрисасы Бақыт Жұ­мағұлова аса жоғары кәсіби дең­гей көрсеткені сарапшылардың жо­ғары бағаларымен дәлелденді, сіз­дердің тамаша ұжымдарыңызды осы марапаттарымен құттық­тай­мыз, шығармашылық байланыста бола берейік делінген. Көрші мемлекетте тұрақты өт­кізіліп тұратын жеке ак­тер­лер фестиваль-байқауында мо­носпектакль жанрында бақ сы­на­ған Бақыт Жұмағұлованың тал­май ізденген еңбегі, төккен тері ақ­талды. Жер бетіндегі күллі ана­лар­дың  арман-мұратын, иығына түскен ауыр қасіретін арқалап алған Толғанай бейнесін сомдаған Бақытқа негізгі салмақ  түссе, Әли­ман – Жасмина Тұрашева, акт­ри­са­ның қызы, мектеп оқушысы өз де­бютінде кейіпкердің рухын ала­сартпай алып шықты. Кілең ресейлік әртістер қатысқан театр конкур­сын­да Бақыт Жұмағұлова қос бір­дей – «Ең үздік әйел рөлі», «Ең үз­дік спектакль» атауын  жеңіп ал­ды. Ре­жиссердің еңбегі ескеріл­мей тұр­ған жоқ, фестивальдің шар­тына сәйкес жеке дара актер­лік жұмыс­тарға арналған жарыста барша назар жеке актерге түсіп, баға­ла­на­ды. Фестивальге қатысқан 12 мо­носпектакль білікті ма­ман­дардың, кәсіби сарапшылардың сүзгісінен өтіп, объективті көз­қа­рас, адалдық пен әділдік салтанат құр­ды. Бұл Нұр-Сұлтан қаласының Қал­леки театры үшін зор абырой бол­ғаны шындық. Актриса ыңылдап, жанды дауыспен берілген сарын­мен спектакльдің арқауын, асыл өзе­гін ұстап отырады. Тұрсынжан Ша­пайдың «Сәуле ғұмыр» атты әні­нің әуені. Спектакльде жалғыз де­корация бар – ескі тігін ма­ши­насы. Осы бір мүлік арқылы ре­жис­сер Айдын Салбан адамзат тра­гедиясын метафоралық қисын­мен тұңғиық бере білгеніне орыс аудиториясы тәнті болғанын еш жа­сырмады. Спектакль аяқталы­сы­мен Людмила Федорова  сахнаға шығып, Бақытты құшақтап жылап біраз тұрды. Людмила Федорова: «Мен көп­тен бері мұншалық қат­ты толқыған емеспін. Шегелеп тас­тағандай тапжылмай отырып көр­дім. Тілді білмеймін, жүре­гім­мен ұқтым. Аударманың маған ке­регі жоқ. Тамаша режиссер, аза­мат! Ал сіз, әрине,  ұлы актрисасыз! «Құдайым-ай, құдайым-ай!» деп отыр­дым ішімнен. Бұл орасан ыр­ғақ. Анау қыз бала, ол қалай ой­найды.. (Автор: Әлиман рөліндегі Жас­минаны айтады) кәсіби  акт­риса емес, қимылында шынайы та­залық жатты». Елена Покорская ара-ара­сын­да сөзін Бақыт Жұма­ғұло­ва­ға бағыттай келе, былай деп айтты: «Біздер әлбетте, Айтматовты білеміз. Аудармасыз да бәрін ұқ­тым. Моноспектакльде не бәрін тү­сі­несің, болмаса ұйқы басады. Акт­риса өз нұсқасын жасаған. Де­тальдарды өте мұқият, қатаң таң­даған. Спектакль басындағы Тол­ғанайдың өмірінің жарқын ке­зеңін алып тастаған соң, қалай­ша ол бір сағаттық спектакльді ойнап шы­ғар екен деп қобалжыған едім. Алайда Сіз адам тарихын тра­гедиялық биікке көтердіңіз, барша әйел қауымының қайғылы жаз­мы­шы көрінді. Мифтегі мойралар еске түседі. Тағдыр жібі үзілсе бір өмір өшеді. Нәресте туды, бәрі қай­тадан басталады. Ға­ламат ак­терлік ойын. Әлиман өл­­генде мен еңіреп жы­лап жі­бердім. Мұндай рөл­ді шынайы беруге әркімнің күші жете бер­мейді. Сізге күш­ті актер­лік темпера­мент­пен бұ­лай істеудің орайы келді. Бір­ден шерлі әуен­нен бастап кеттіңіз. Бұл өмірдің шексіз полот­носы. Жер ананы тігін машинкасы ауыстыр­ған. Таза траге­дия­лық спектакль. Бұл – сирек кез­де­се­тін құ­былыс. Сізге басым­ды иіп, құ­р­мет білді­ре­мін». Андрей Ва­га­нов: «Күш­­­­­­ті әсер етті. Адам­­­­нан қайғылы тол­қын тараса, бұ­­­ған қарсыласу мүмкін емес. Со­ның бәрі осы әйел­дің жан дүниесі ар­­қылы беріледі. Симвлоикаға кел­­сек, тігін машин­касы шаруа ең­­бе­гі­нің тұспалы, акт­рисаның күш­ті­лігі, ол осы тігін машин­ка­сынан 300 %-ға басым түсті. Бәрін қолы­мен епті береді. Бұл бізді ерекше қай­ран қалдырды. Керемет актер­лік шеберлік», – деп бағалады. Евгений Вильтовский: «Ме­нің­ше, бәрі жанды ойын арқылы берілген. Мұнда бүкіл адам тағдырлары жатыр. Үзілген жіптер – үзілген өмірлер. Тігін ма­шинкасы бүкіл музыканы беріп тұр. Кейіпкер қайғыратын кездегі са­рын жүректі қозғайды. Мен не­гізі осы Челябинсктің  тумасымын.Осында бар театрлардағы қойы­лым­дарды көріп, өзгеше бір жаңа­лық іздеймін. Қарап отырсам театр­ға жақсы қаржы бөлінген, де­корация костюмдер керемет, актерлер да жаман емес, бірақ театр жоқ. Кенет сахнаға геог­рафиялық көрші елдің теат­рынан келген актриса бір ғана  өткен  ғасырдың дүние таңдауымен шы­ғып бәрімізді қайран қалдырды.  Питер Брук айтқандай, екі орын­дық, бір актер. Міне, нағыз театр! Мұның бәрі күтпеген жерден. Мық­ты режиссура бар. Оларда театр бар, мұны мен көзіммен көрдім. Әрекет ту­дыратын сөз, айқын қимыл. Актрисаның қасындағы әріптесіне, зат­тарға қарым-қатынасы керемет. Сө­зім жоқ. Театр өлген жоқ. Мені ерек­ше толқытқаны осы болды», – деді. Сөз соңында актриса Б.Жұ­­ма­ғұлованың фес­ти­­валь жай­лы ойымен бөлісуді жөн сана­дық: – Әрине, бұл жалғыз мен үшін емес, өзім 22 жыл еңбек етіп келе жат­қан киелі Қаллеки театрымыз үшін де үлкен жетістік. Осы орай­да, мұндай күрделі классикалық бей­не жасау барысында маған өзі­нің өнердегі ізгі қасиетін көр­сеткен Қазақстанның Халық әртісі  Ті­лектес Мейрамов ағам. Осындай мо­носпектакль жанрында қа­зақ­стандық театрлар ішінде жеке жұ­­мыс істеген актер,  оншақты ең­­бегі бар. Тілектес ағаның бойын­дағы өнерге деген тазалықты, адал­дық­ты, актер еңбегіне деген ба­ға­лау қасиетін көрдім. Ағаға бас­ым­ды иіп алғыс айтамын. Ал жас ре­жиссер Айдын Салбан «жүрегінің тү­г­і бар» дегендей, жүректі ре­жис­сер екенін нақты дәлелдеді. Оны Ресейлік сыншылар да баса айтты. Бо­лашақта А.Салбанның қазақ театр өнеріне үлкен дүниелер әке­летініне күмән келтірмеймін. Жеке шы­ғармашылығыма әріптестік қол­дау білдірген театрымыздың көр­кемдік жетекшісі Т.Теменов пен театр директоры А.Маеми­ров­ке де алғысым шексіз.  

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Нұр-Сұлтан қаласы