Алпыс жыл жөндеу көрмеген аурухана биыл толық жөнделіп бітпек

Алпыс жыл жөндеу көрмеген аурухана биыл толық жөнделіп бітпек

Алпыс жыл жөндеу көрмеген аурухана биыл толық жөнделіп бітпек
ашық дереккөзі
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанды  аралады. Алдымен «Жанұя» отбасы инсти­тутын қолдау орталығына барған Ералы Тоғжанов «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасы ая­сында тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруге бағытталған жұ­мыс барысымен танысты. Кездесу ба­рысында Е.Тоғжанов орталық қыз­меткерлеріне тұрғындар арасында көп­балалы отбасыларға 2020 жылғы  1 қаң­тардан бастап енгізілген мемле­кеттік жәрдемақыны рәсімдеу мен төлеудің шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіруді тапсырды. Сонымен қатар мұнда атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері де сөз етілді. Бұдан кейін Премьер-министрдің орынбасары елордадағы №2 қалалық емханасына бет алып, мұнда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің (МӘМС) енгізілу барысымен танысты. Емхана басшылығы тұр­ғындардың тегін медициналық көмек­тің кепілдендірілген көлемімен қан­шалықты қамтылып отырғанын және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көмектің қандай түрлері кіретінін айтты. Елорда тұрғындарына сапалы ме­дициналық қызмет көрсету мәселесін қаладағы орталық теміржол ауруха­на­сында жалғастырған Ералы Тоғжанов бұл жерде өткен жылдың аяғында жөн­деуден өткен стационар жұмысы­мен танысты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қазанда елор­да­ны дамыту мәселелеріне ар­нал­ған жиында 60 жыл бойы жөндеу көр­меген, медициналық құрал-жаб­дық­тары әбден ескірген аурухана ғима­ра­тын сынға алғандығын еске салды. «Бұл нысан Қазақстан Президен­ті­нің бақылауында. Ол жақында осын­да болып, нақты тапсырмаларды жүкте­ген болатын. Жөндеу жұмыстары аяқ­талып, аурухана қазір жұмыс істеп тұр. Хирургиялық блок қана жөнделіп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін бітуі тиіс. Мұны мен де жеке бақылауы­ма ала­тын боламын», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.