Арал ауданында түйе сүтін қабылдау бекеттері ашылды

Арал ауданында түйе сүтін қабылдау бекеттері ашылды

Арал ауданында түйе сүтін қабылдау бекеттері ашылды
ашық дереккөзі
40 мыңнан астам ойсылқара тұқымы бар Қызылорда облысы Арал ауданында түйе сүтін терең өңдеп, оны шетелге экспорттау жобасы жүзеге асырылуда. «Хабар 24» телеарнасының хабарынша, теңіз маржанын теріп жеген жұрт «шөл кемесі» атанған түліктің сан дертке дауа шұбатын бұған дейін өткізе алмай жүретін. Жергілікті билік инвестор тарту арқылы агроөнім шығаратын зауыт салудың орайын тапты. Саусаң сусын, жесең азық, мінсең көлік ойсылқара тұқымы теңізден жырақ қоныстанған Арал жұртын асырап отыр десек қателеспейміз. Шұбат өндірісін жандандырып, халықаралық нарыққа шығу тетіктері жіті сараланып, бірнеше инвестордың жобасы мақұлданды. Алматылық кәсіпкерлер Аралқұм, Сексеуіл мен Жақсықылыш ауылдарында сүттің литрін 800 теңгеден қабылдауды бастап кетті. Тіпті сауын інгені көп түйекештерге автоматты сауу құрылғысы тегін беріледі. Кәсіпкерлікке жасалып жатқан қолдауды тиімді пайдаланып, ата кәсіпті алға оздырса, төрт түліктен түсер табыс көл-көсір екенін аралдықтар ұғынса керек. Көлем күн сайын ұлғайып келеді. Көктем шыға, тәулігіне бір жарым тонна сүт Алматыға жөнелтілмек. Өйткені құрғақ сүт шығарып, көрші елдерге экспорттайтын зауыт Алатаудың баурайында орналасқан. Енді ол өндіріс ошағын шалғайдан осы Аралға көшіру жобасы жүзеге асырылады. «Ең қымбаты түйе сүті, кейін ешкі мен сиыр сүтін іске қосу мақсатымызда бар. Өнімге шетелден көп сұраныс бар. Әсіресе, Аралдың сүтін зертханалық зерттеу нәтижесінде түйенің жеген дәнді дақылдарына байланысты сүті қою әрі көрсеткіштері өте жоғары деңгейде болып тұр», – дейді кәсіпкер Ғалым Кәпу.