14 Ақпан, 12:40 372 0 Өнер Арайлым Бимендиева

СӨЗДЕН ЖҮЙЕ КЕТСЕ, САХНАДАН КИЕ ҚАШАДЫ

Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім. Сатирик Сейіт Кенжеахмет ағамыз осы бір ауыз сөзімен сахнада кие барын ұқтырып кеткендей ме қалай?! Бірақ кейбір өнер өкілдерінің осы бір қанатты сөзді қаперге алмайтыны өкінішті. Қазір шыны керек, поэзияның прозаны артқа тастап шарықтауы секілді өнерде де сатира саласында ілгерілеушілік бар, оны жоққа шығара алмайсыз. Бұрын ақын-жазушыларымыз, сазгер, әншілеріміз қоғамда орын алып жатқан саяси келеңсіз оқиғаларға өз туындылары арқылы үн қосып, қарсылық білдіретін. Қазір бұл үрдіс сатира саласында жалғасып жатыр. Белгілі әзілкеш Қанат Әлжаппаровтың түс туралы монолгының өзі неге тұрады! Бірақ көрерменнің кейбірі өнер адамына қатысты «Оқымаған әртіс сахна мәдениетін ескере бермейді» дегендей теріс пікір білдіріп жатыр. Ал мен білімі бар тәжірибелі сатириктердің де сахнада сөйлеу мәдениетін Нұржан Төлендиевше айтсақ, ептей алмай жатқанына талай куә болдым.

Айтпақшы әзілдік әлі, қалжыңдық қуаты бар, айтқаны өтіп, атқаны тиетін азаматтың отбасылық өмір жайындағы осы бір сөзі расында сахна мәдениетіне тым келмейді. Қалың бұқараны күлкіге қарық қыламын деп бейәдеп сөзге ерік беру қай жағынан қарасаңыз да бассыздық секілді. Жалпы қазаққа «Тука» деген атпен танымал Нұржан Төлендиевтің бұған дейінгі қойылымда да бейәдеп сөзіне көрермен куә болған. Шымкенттік сатириктің білім саласындағы кейбір мәселелерді көпке паш етемін деп «Сабағыңның шшшс» деген сөзді мектеп оқушысының аузына салуын сіз қай мәдениетке жатқызасыз? Рас, көрермен күлді, бірақ одан не өнеге алды? Сатиралық шығармада мазмұн жоқ емес, көрерменге айтайын деген ойы да анық. Бірақ бір ғана бипіл сөз бір түйір құмалақтың бір қарын майды ластағанындай көрінді маған.

Бұрын аталған салада сын тек бір-ақ бағытта айтылатын. Ол – жанрлық бағыт. Яғни театрдың жанры драма ма, көбіне диалогқа басымдық беру бірінші кезекке қойылады. Ал сатиралық бағыт болса, онда қойылым құрылымы көбіне әзілге бағытталып, айтар ой көрерменге қалжыңмен жеткізілуі тиіс. Бұған қатысты ешқандай ереже жоқ. Бірақ бұрынғылар алдыңғы буыннан қалған осындай тұжырымға құлақ асатын. Қазір ше, кейде әзіл-оспақ театрларының бірқатар қойылымында көрермен көзіне жас үйіреді.

Шығарманың ішкі құрылымы мен ондағы ойдың көрерменге жеткізілуіне шындап зер салсаңыз, қазір мұндай кемшіліктің көптігіне көз жеткізесіз. Бірақ жиылған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаймын деп, бейәдеп сөзді бөсе беретіндер барда біз талдаудың бұл түріне жақын арада жете алмаймыз. Бұрын мектептегі іс-шараларда тақпақ айтардың өзінде апаларымыз «Балам, сахнаның киесі бар, сондықтан барыңша әдеп сақта» деп ақыл айтатын. Кешегі екі ауыз сөзге қарап, апам айтқан сахнадан кие қашқан ба деп қалдым. Білдей әзіл-оспақ театрының басшысы сахнада сөзін ептей алмай жатқанда қалған өнер өкілдерінен не қайыр, не үміт. Сіздерді қайдам, өзбасым осыған дейін «Епсіз» дегенді естідім, бірақ «Ептей алмайт» деген сөзден сахна былай тұрсын, қарапайым қоғамда да құлағдар болған емеспін.

Менің бұл жазбам жалпы сатира саңлағына не оның басқарып отырған театрына түбегейлі қарсы екенімді білдірмейді. Әрине, бұл ұжымның да қоғамның кейбір кемшін тұстарын астарлы әзілмен жеткізген қойылымдары да болды. Әсіресе «Алдараспанның» евромола мен етікші хақындағы қойылымдарына қазақ сатирасындағы ұлы шығарма деп баға берер едім. Бірақ әр жылдары тың жаңалығымен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын театр ұжымы бейәдеп сөздерді сахнада көп пайдалана бермесе дейсің ғой. Рас, бұл сұрақты театр өкілінің біріне тікелей жолдасаң «Оның бәрі қоғамда бар нәрсе, сондықтан оған үрке қараудың қажеті жоқ» дегендей үн қатуы мүмкін. Өмірден алынған нәрсенің бәрін сөзіңе арқау етсең мына қоғамда не жоқ десің. Үлгі алатын да, жиренетін де дүниелер жетерлік. Ал халыққа соның елеп, екшеп тек қажеттісін ұсынған дұрыс сияқты. Мұндай маңдайалды театрлар арзан сөзге аяқ баспау керек, себебі ұлттық арнадан апта сайын көрерменге жол тартатын «Жайдарманның жұлдызсымақтары» ұсақ дүниелерге халықты шөліркетпейді. Бір жағынан бір кездері «Шөп те өлең, шөңге де өлең» деген халық руханиятына тағылған теріс айдар сияқты уақыт өте сатиралық шығармаларға да осындай баға беріле ме деген алаңдау ғой біздікі.

 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ,

Қызылорда облысы

Соңғы жаңалықтар