13 Ақпан, 08:43 658 0 Әлеумет Анар ЛЕПЕСОВА

ОТАНҒА ДЕГЕН МАХАББАТ ҮЛКЕН ҰРАНДАР МЕН БОС ДЕКЛАРАЦИЯЛАР ЕМЕС

Кеше Мемлекет бaсшысы Қaсым-Жомaрт Тоқaевтың қaтысуымен елордaдa волонтерлердің «Birgemiz» республикaлық фронт-кеңсесі өз жұмысын бaстaды. Шaрaның aшылу сaлтaнaтындa Президент Қaзaқстaндaғы волонтерлер қозғaлысының құрметті елшісі атанды. Қазақтың көне заманнан келе жатқан дәстүрін жалғап, ізгі істерімен Отанды сүюдің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген еріктілердің жұмысына жоғары баға берген Мемлекет басшысы оларды жаңа жетістіктерге жігерлендірді. Волонтерлер жылының кезекті науқан емес екенін ескерткен Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы органдарға волонтерлік істерге қолдаушы ғана емес, бастамашы болу міндетін жүктеді.   

 Волонтерлермен басқосуда  Мемлекет басшысы волонтерлік халқымыздың шынайы болмысы, салт-дәстүрі екенін айта келе, бұл дәстүрді сақтап қалудың маңызына тоқталды. 

– Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – көне заманнан келе жатқан дәстүр.  Бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын АСАР дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету, – деді Мемлекет басшысы.

 Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатын тілге тиек еткен Президент еріктілердің риясыз еңбегі елге деген сүйіспеншіліктің айғағы екенін айтты.

– Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер.  Бұл – күнделікті еңбек, бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. Өзгенің дүние-мүлкіне қол сұғатын, то­наушылықпен айналысатын, жалған пат­риоттық ұрандарды тарататын адамдар пат­риот емес екенін түсінуіміз керек. Мұн­дай адамдар заң бұзған болып саналады, яғни олар – қылмыскерлер, қылмыстық эле­менттер. Сондықтан олар қоғам мен мемлекет алдында заңға сәйкес жауап беруі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Елімізде 200-ден астам еріктілер ұйымы, 50 мыңнан астам волонтер бар екенін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам өмірінің барлық саласында белсенділік танытып жүрген ұйымдарға жекелей тоқталып, олардың жұмысын көпке үлгі етті. Атап айтқанда, ол қиын тұрмыстық жағдайға тап болған адамдарға көмек қолын созуға дайын мыңдаған белсенділері бар ұлттық еріктілер желісінің, Lider.kz, Best for kids, елордалық «28 петель» клубы мен «Қамқоршылар клубының» жұмысын жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлік бастамаларға ел азаматтарын тартудың маңызын айтты.

– Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам еріктілерін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық  World Clean up day  науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халық­аралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді, – деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті ерікті­лерді елдің рухани дамуына атсалысуға ша­қырды.

– Мәдениетімізді дамытпай, өсіп-өр­кендеу мүмкін емес. Сондықтан осы мә­селеге ерекше мән беруіміз қажет. Қазіргі таңда мә­дениет және өнер саласында жас талант­тардың арқасында Қазақстан күллі әлемге танылып келеді. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Яғни ойы ұшқыр әрі дарынды азаматтарды барынша қолдау қажет. Сонда ғана төл мәдениетімізді жаңа бе­леске көтеретін буын қалыптасады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шығармашылық бастамаларды қолдау мақсатында Мәдениет қорын ашу туралы тапсырма бергенін атап өтті.  Президенттің айтуынша, бұл құрылым шы­ғармашылық одақтарға, әлеуетті жоба­ларға қаржылық және басқа да бағытта көмек береді. Қор жұмысына волонтерлерді тартса, олар музей, кітапхана, өнер мекемелерінде өздерінің жобаларын жүзеге асыра ала­ды. Мемлекет басшысы бұл шаралар елі­міздің шығармашылық әлеуетін нығай­туға мол мүмкіндік беретініне сенім білдірді. 

Еріктілер жылы аясында атқарылатын ша­раларға кәсіпкерлерді тартудың да маңы­зы зор. Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қыз­мет мемлекеттік және жеке ком­па­ния­лардың қызметкерлері үшін жұмыс мәде­ние­тіне айналуы тиіс екенін қадап айтты.

 – Әрине, волонтерлік бастамалардың іл­ге­рілеуіне екпін беріп, белсенділер үшін барлық жағдай жасайтын жергілікті ат­қарушы органдар маңызды рөлге ие болуы тиіс. Мен қазір барлық атқарушы орган­дар­дың басшыларына тапсырма берді деп са­наңыздар. Бірінші кезекте, мемлекеттік қыз­метшілер, ұлттық компаниялардың, ком­муналдық кәсіпорындардың қызмет­кер­лері жұмыс аптасының бірнеше сағатын осы бағытқа бөліп, үлгі-өнеге көрсетуі тиіс – деді Мемлекет басшысы. 

Соңғы жаңалықтар