6 Ақпан 2020, 18:29 1131 0 Тұлға Арайлым Бимендиева

Елбасы кітаптарының тұсаукесері өтті

Елордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жасампаз идеялары мен жаһандық бастамалары туралы кітаптардың тұсаукесері өтті.

Жаңа басылымдар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттілікті құру мен жан-жақты нығайтудағы, көпұлтты Қазақстан халқын біріктірудегі, тұрақты, гүлденген және рухани қоғамды жасақтаудағы, жетекші әлемдік алпауыттармен ынтымақтастық пен серіктестікті дамытудағы көпқырлы саяси қызметі мен бірегей тәжірибесін, сондай-ақ оның бітімгерлік идеяларын көрсетеді.

«Нұрсұлтан Назарбаев: көшбасшылық стратегиясы» атты екі бөлімнен тұратын құнды кітап Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан мемлекетінің тізгінін ұстап, Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы болып тағайындалған кезінен бастап, 30 жыл ішінде ел іргесін бекемдеп, Қазақстанның экономикалық-саяси тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін, егеменді елімізді төрткүл дүниеге танытып, әлем қауымдастығына мойындатудағы тарихи рөлін кеңінен баяндайтын мағынасы терең әрі маңызды дүние.

«Біз білетін Елбасы» – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында егеменді жас мемлекетті дамытудың жаңа жолы мен үлгісін іздеген тұста Тұңғыш Президенттің жанынан табылған, одан кейін бейбіт елдің бақытына куә болысқан, қол жеткізген әр жетістігіне бірге қуанып, қолдау көрсеткен Елбасының замандастарының естеліктер жинағы. Бұл Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің тарихына, мән-мағынасы мен маңызына арналған құнды кітап.

«Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бітімгерлік бастамаларына және оның барша адамзат мүддесі үшін ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі саясатына арналған жинақ.

«Мәңгілік Ел» идеясы: кеше, бүгін, ертең» – Елбасы кітапханасының бастамасымен жарыққа шыққан ұжымдық монография. Кітапта халықтың әл-ауқаты мен оның жарқын болашағын ойлайтын, қазақстандық қоғамның жаңа моделінің негізін қалаушы ретіндегі Елбасының рөлі айқындалады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов: «Жас ұрпақ алдыңғы ұрпақтың көрген қиындығын басынан өткізуге міндетті емес. Біз аға ұрпақ Кеңес одағындағы тәуелсіздіксіз көрген күнімізді ендігі ұрпақ көрмесін. Жас ұрпақ тек бостандықтың аясында өмір сүрсін. Біздің жастарымыздың мемлекетшіл болып өсуі, мемлекетімізді қорғау мен сақтау, мемлекеттік қауіпсіздік дегеннің мағынасын түсінуі – әрбір мемлекеттің тұлғасына байланысты. Мына кітаптағы дүниелер тәуелсіздіктің құнын көрсетіп, соның бағасын мен қадірін білдіреді. Бұл жинақтарда жазылған барлық шығармаларда Елбасының естеліктері мен естелік сөздері мемлекетшілдіктің қасиетін жоғары көтереді. Сол үшін де біздің рухани өмірімізде бүгін үлкен жаңалық деп есептеймін. Осындай шығармаларды кеңінен насихаттау – баршамыздың міндетіміз. Бұл – біздің рухани қорымызға қосылып жатқан зор дүние», – деп атап өтті.

Тұсаукесерге мақалалар мен естеліктердің авторлары, ел тәуелсіздігінің қалыптасуына ерекше үлес қосқан мемлекет қайраткерлері, сонымен қатар ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, оқытушылар және жастар қатысты.

Соңғы жаңалықтар