Алмас Арзықұлов: Ысырапқа жол бермей, ырысты арттырамыз десек...  

Алмас Арзықұлов: Ысырапқа жол бермей, ырысты арттырамыз десек...  

Алмас Арзықұлов:  Ысырапқа жол бермей, ырысты арттырамыз десек...   
ашық дереккөзі
 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңей­тілген отырысына қа­тысып, еліміздің эконо­ми­ка­лық һәм әлеуметтік тұрғыдан дамуын саралаған болатын. Атал­ған жиында Президент нақ­ты тапсырмаларды да жүк­теді. Осы отырыста көтерілген мә­селелер турасында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер инс­титутының жетекші ғы­лыми қызметкері Алмас Арзықұлов­пен аз-кем тілдескен едік.  – Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент айтқан қан­дай мәселелерді ерекше атап өтер едіңіз? – Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірінші кезекте Қазақстанның экономикалық жағдайына баса назар аударылды деп айтуға болады. Негізінен, 2020 жылғы даму мүмкіндігімізге байланысты көп мәселе айтылды. Оның ішіндегі ең маңыздысы – мак­роэ­кономикалық ахуалдың тұрақ­ты­лығы. Ал ол тұрақтылықты сақтауға мүм­кіндік беретін «Индустриалды-ин­новациялық даму», «Бизнестің жол картасы», «Өңірлерді дамыту», «Ден­сау­лық сақтау» сынды бағдарла­ма­лар­ды жүзеге асыру барысы сөз болды. Сондай-ақ сүт өнімдерін дайындау бойынша бұрын қабылданған бағдар­ла­мадағы регламенттің көнеріп кетуіне байланысты Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ ішінде сәйкессіздіктер пай­да болғаны айтылды. Соған қа­тысты маңызды мәселелердің бірі Пре­зиденттің «алдағы уақытта қол қойған құжаттар барысында біздің ұлттық мүддемізді есепке алу маңызды болуы керек» деп айтқаны. Демек, қан­дай да бір өзіміздің мүддемізге қайшы ке­летін құжаттарға ойланып қол қоюымыз қажет. Сонымен қатар экономиканы тегін және күрделі реформалау мәселесі де сөз болды. Демек, экономиканы жаңа заманға сай іргелі өзгерістерге ұшыратуымыз керек. Экономика саласында цифрландыруды күшейту, сандық жүйеге көшу қажеттігін де атап өтті. Айта кетейік, «Бәйтерек» ұлт­тық холдингінің даму жоспары бойынша елдегі шикізаттық емес өндірісті күшейтуге баса мән береміз деген еді. Бірақ олардың бұл жоспары бүгінге дейін орындалмай келеді. Президент осы мәселені баса айтып, біз бірте-бірте тек шикізат сатып қана емес, одан дайын өнім шығаруға мән берудің маңыздылығына тоқталды. Бұдан басқа, қаржы саясаты және сол саладағы жағдайды түзету, қар­жылық сауаттылықты көтеру жайы сөз болды. Осы ретте ысырапшыл­дыққа жол бермеу мәселесі көтерілді. Бұл – өте маңызды мәселе. Президент өз сөзінде биылға жоспарланған Абайдың 175 жылдығын қатардағы тойлар секілді асып-тасыған думанмен ерекшелеуден аулақ болуға ша­қырды. Яғни, асып-тасудың орнына Абай мерейтойының пайдалы жақ­тарын ескеруге баса назар аударуды сұрады. Әсіресе, ғылыми жағына баса мән беру тапсырылды. Абайдың шы­ғармаларын шет тілдеріне аударуды да міндеттеді. Сонымен қатар әрбір бөлінген қаражаттың ел мүддесіне жұмсалуы қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы қазақстандықтарға қымбат көліктерді, жиһаздарды сатып алмауды ұсынды. Яғни, шығындарды оңтайландыру қажеттігі ескертілді. – Еңбек нарығындағы қажет­тілік­ті ескеру туралы сөз болды. Сұра­нысқа сай мамандар дайындау жайында ойыңызбен бөліс­сеңіз... – Қазір заман өзгеріп, технология да­мыған сайын қоғамға қажетті ма­ман­дықтардың түрі де өзгеріске ұшы­рау­да. Бүгінгі күні электронды саудаға деген сұраныс жоғары. Мәселен, Пре­зидент жиында Alibaba сияқты электронды сауда ұйымының қаншама қы­тайлықты жұмыспен қамтып отыр­ғанын атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің елде де осындай жұмыс орындарын ашу керек. Қазақ­станда да жаңа заманға байланысты жаңа мамандықтар пайда болуы тиіс. Осыған байланысты сұранысқа сай мамандарды әзірлеуге баса мән беру тап­сырылды. Бұл ретте жоғары оқу орын­дарының қоғамға қажетті маман­дарды дайындауы үшін еңбек на­рығындағы ахуалды саралауы керек. – «Ғылымды қаржыландыру ісі тиімді болуы керек әрі оның эко­но­микалық қайтарымы болуы тиіс», – деді Президент. Бұл туралы сіз­дің пікіріңіз қандай? – Білім мен ғылым саласы, бұл са­ланы қаржыландыру мәселесі қай кезде де өзекті тақырып. Сондықтан Үкі­меттің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы да бұл мәселені айналып өткен жоқ. Президент өз сөзінде қазіргі  уақытта білім беру са­ласына көп көңіл бөлініп, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын, ұстаздардың жалақысы көтерілгенін, ғылымға бөлінген қаржының 1,5 есе көбейгенін атап өтті. Дегенмен мұның бәрінің қайтарымы болуы керектігін де қадап айтты. Яғни, ғылым саласында ғалымдар ашқан жаңалықтың ком­мерциялық жағы да ескерілуі тиіс. Бұл дегеніңіз ашылған жаңалықтың қоғамға қандай пайдасы бар екенін саралауға келіп тіреледі. Қазіргі уақытта жоғары оқу орын­да­рында аттестация жүріп жатыр. Тікелей ғылымға салынған қара­жат­тың қайтарымы болуы үшін жоғары оқу орнын бітірген түлек жұмысқа ор­наласып, мемлекетке пайда әкелуі тиіс. – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерді тіркеу мәселесі туралы не айтасыз? – Қоғамда біршама дау туғызған та­қырып – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген ав­токөліктер мәселесі. Президент Үкі­меттің кеңейтілген отырысында аталған даулы мәселеге нүкте қойды деп айтуға болады. Мұның әлеуметтік жағ­дайға қаншалықты әсер ететінін тү­сініп, автокөліктерді бірден айып­пұл тұрағына қою емес, көлік иелеріне 1 жыл уақыт беруге шешім қабыл­дады. Яғни, уақытша тіркеуге отырып, келесі жылға дейін осы мәселені шешуге мүмкіндік берілді. Ал Бас про­куратураға «Мәселені шешу үшін Үкі­мет бір ай ішінде бір реттік тәртіппен 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының ЕЭО-дан жеке пайдалану үшін әкелінген автокөліктерді уақытша тір­кеуді қамтамасыз етуі керек» деген тапсырма берілді. Бұл шешім Пре­зиденттің қоғамдағы түйткіл мә­се­лелерді әрдайым назарында ұстай­тынын көрсетті. Өйткені көліктерді қазақстандық тіркеуден өткізу немесе шетелге қайтаруға бір жыл мерзім берілуі автокөлік иелері үшін үлкен мүмкіндік. Ал ЕЭО мүше елдерінен көлік сатып алған жүргізушілер бір жыл ішін­де қажетті қаржыны тауып, тіркеуге тұрғыза алмаса, автомобильді шетелге қайтадан қайтаруға және бөлшектеп сату арқылы шығындаған қаржысын қайтарып алуға құқылы. Бұл мәселе қайдан туындады? Қа­зақстанның жол ережесіне байланыс­ты кез келген шетелдік көлік елімізге келген жағдайда 10 күннің ішінде тіркеуден өтуі қажет. Олай болмаған жағдайда бұл заңбұзушылық болып есептеледі. Мұның бірінші кезекте экономикалық зияны бар, қалада жүр­ген көліктерге ешқандай салық са­лынбайды, айыппұл төленбейді. Бұл біздің инфрақұрылымға күш түскен­нен, олардан еш пайда келмейді деген сөз. Сондықтан шетелден келген кө­лік­тер мәселесін шешу күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналған.