Қытайдан жүк тиелген көлікпен қашып шыққан Адалбек ақын қайда?

Қытайдан жүк тиелген көлікпен қашып шыққан Адалбек ақын қайда?

Қытайдан жүк тиелген көлікпен қашып шыққан Адалбек ақын қайда?
ашық дереккөзі
Аtajurt  жобасы қолға алынып, шеттен келген қан­дас­тары­мыздың арасынан айтары бар азаматтарды із­дестіре бастағанымызда ойға ең әуелі оралған жандардың бірі – қазақтың Адалбек Ахмади есімді ақыны. Сонау сындарлы жыл­дары Қытайдан қашып, Моңғолия арқылы ел шекарасын бұзып кірген ұлтжанды азаматтың атажұртқа жету жо­лындағы табанды әрекетін әріптестеріміз аңыз қы­лып ай­тысатын. Елге оралғаннан кейін Алматыда ор­ны­ғып, шы­ғармашылығын қолға алып,  әдеби ортада айтар­лықтай та­нылған ақынды соңғы жылдары жоғалтып алдық. Сұрастыра келе, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауда­нын­дағы Айнабұлақ ауылынан таптық. Өткен жылдың күзінен бері сол жақта тұрып жатыр екен.

Өлеңнен  басталған қуғын

– Адалбек аға, кетіп бара жатқа­ныңыз­ды айтып, мекен­жайыңыз­ды беріп кетсеңіз болмас па еді, сабылып ұзақ іздедік қой сізді, – дедік ә дегеннен қалжыңдап. Іздеген себебімізді тү­­сін­діріп, өзі жайлы жазғымыз келе­тінін айтып едік, қуанып, дау­сы жадырап сала берді. Ол кісі туралы үзеңгі­лес­­терінен есті­геніміз, әріптестердің жаз­ғанынан оқығанымыз біршама бо­л­­ғанымен, ақынның талайлы тағ­дырын өз аузынан естігіміз кел­ді. Бә­рін басынан бастап баяндауын өтіндік. – Әкем Бекбақыт, шешем Ырыс­жан­ның тұла бойы тұңғышы болған­дықтан, атам Мұхамадидің кенжесі атанып, сегіз жасқа дейін сол кісінің тәр­биесінде өстім. Атам «негізгі ата­жұр­тымыз Зайсан төңірегіндегі Маңы­рақ деген кішкене тау еді» деп айта бере­тіні есімде. Ал Ахмади Мұхамади атам­ның туған інісі. Үркін­­ді жылдары 27 жасында мерт болыпты. Одан тұяқ жоқ. Сол себепті белгісіз кетпесін деп мені Ахмади көкемнің атына жаз­дыр­ған, – деп бастады әңгімесін. 1988 жылы орта мектепті бітірген бозбала Шың­жаң университетінің Әлем тілдері факультетіне оқуға түсіпті. Ата-анасы қуа­нып, той жасап, баласын Жеменейден Шыңжаңға шығарып салады. Өкініштісі, сол қуаныштың соңын ала ана­сы дүние салған. Тоғыз құрсақ кө­терсе де, ауру-сырқауды білдірмеген әйел небәрі отыз жеті жасында опат болыпты. Қаралы хабарды кеш естіген Адалбек Бекбақытұлы шешесіне то­пырақ сала алмағанына әлі күнге дейін өкінетінін ұқтық. Сол қасіреттен соң бұ­рындары азды-көп өлең жазып жүр­ген жігіттің көкірегін анаға деген сағы­ныш кернеп, ешкімге айтпаған сырын ақ қағазға төгіп, өлеңге шындап бас қой­ған. Өлең демекші, ақынның Қытай елінің мемлекеттік қауіпсіздік ко­митетінің «қара тізіміне» енуіне жаз­ған жырларының бірі себеп болыпты. – Университетте бірге оқыған Ақи Әсейұлы деген ақын жігітті бір күні  қы­тай жігіттері жабыла сабап, басынан теп­кілеп өлімші еткен. Осы оқиға бала­лық шақтағы ұмытыла бастаған бір жай­ды есіме салып өтті. 10-12 жастағы топ бала ауыл сыртында доп ой­нап жүр едік. Бір шұқа­нақ­тан бас сүйек тауып алып, доп орнына жа­была теуіп кеттік. Соны көрген Құ­нияз шал «Балаларым-ай, кім біледі, бұл бір батыр бабамыздың басы шығар? Неге тебесіңдер?» деп қу басты еппен к­өтеріп алып, қырат басына жер­леп, құран оқыды. Ақи Әсейұлы оқиғасынан соң «Әттең-ай, топталып барып бір ақын­­ның басын тептік пе екенбіз?» деген өкініштен байыздай алмадым. Теп­кеніміз Махамбет ақынның басы бо­лып елестей берді. Ақыры, «Бабамның бас сүйегі» деген өлең жаздым. Ол 1989 жы­­лы біздегі «Таң-Шолпан», «Жұлдыз» сияқты Қытайда шығатын «Шұғыла» журналында жарық көрді. Көзі ашық жұрт пікір білдіре бастады. Содан бас­тап Қытайдың Ән Чән Жүйі (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) мені тексере бастады. Аңдитын болды. Мұндай қуғынды әкем де басынан өткерген. Университеттен шығарған. Соттаған. Бұл арғы беттегі екі қазақтың бірі тартатын тақсірет. Өз ұлтының тағдыры туралы айта бастаған дарынды қазақ­тың етегінен тартып, өңменінен итеру ежелгі әдет, – деп күрсінді ақын. Адалбек Бекбақытұлының айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздік ал­ғанда, Қытайдағы қазақтар, әсіресе, Жеменейдегі қандастарымыз қатты қуа­ныпты. «Енді атамекенге кетеміз. Жұртпен тең өмір сүреміз» деп той жа­саған. Сол үмітпен 1992 жылы атажұрт­қа жиналған ақынға Қытай Қазақстанға шығатын төлқұжат бермей қойған.  «Бабамның бас сүйегі» деп ұлтшыл өлең жазғаны, соған байланысты қуғынға түскені сылтау болған көрінеді. Оның үстіне, кезінде әкесінің сотталғаны, әу­летінің Бақтыбай, Жәке билерден тара­ғаны да себеп болса керек. Өйткені содан біршама уақыт бұрын Қытайда би мен бай атаулының ұрпақтарын түр­меге қамап, шетінен соттату үрдісі бе­лең алған. Қашудан басқа амалы қалма­ға­нын ұққан жас жігіт Зайсан тұ­сындағы шекарадан түнделетіп өт­пек­ші болғанда тұтылып, сотты бола жаз­дапты.  Әкесінің беделімен аман қа­лыпты. Көп ұзамай Қытайдың Ән Чән Жүйінде қызмет етіп жүрген таны­сы­ның бірі: «Сенің аты-жөнің Ән Чән Жүйдің тізіміне түсті, енді Қазақ­станға қа­лайда жет. Әйтпесе, атып тастауы мүм­кін» деген астыртын хабар жеткізді. Бұрындары Моңғолия шекарасы арқылы қашпақшы болған Қызырбек Оралұлы деген ақынның атылғанын есіне алған Адалбек Бекбақытұлы қа­лай­да атажұртқа жетуге бекінеді. Ұлы­ның алған бетінен қайтпасын аңғарған әкесі: «Қайда жүрсек те көретініміз бір қаза. Не аман жетерсің, не бір шұқырда қа­ларсың. Егер сау жетсең, осы то­пырақта айта алмағанымды, жаза ал­ма­ға­нымды ата­жұрт­тағы қандастарға сен жеткізерсің» деп батасын беріпті.

Атамекенге  бет алу

Атамекенді бетке алған жігерлі жі­гіттің ұзақ сапары 1995 жыл­ғы 11 тамызда басталады. – Біз өсіп-өнген Жеменейден 500-600 шақырым жерде Шыңгіл деген аудан бар. Шыңгілдің Тайкешкен ауылы Моң­ғолиямен шектеседі. Осы Тайкешкенге Моңғолия қазақтары сауда жасай келеді. Арғы бетке зат тасиды. Ойым – жан дүниемді түсінетін, мені арғы бет­ке өзімен бірге ала өтетін адам табу. Сөй­тіп жүріп Мұхтар деген саудагер жігіт­пен таныстым. Мұхтар шекарадан өтуге көмектесе алмаса да, Моңғолия жақ­қа өткен соң, суретімді жапсырып, жал­ған төлқұжат жасатып беруге уәде етті. Шекара 15 күн ашық, 15 күн жабық тұрады. Ашық кезінде Тай­кешкеннен, Шыңгілден адам іздеймін. Шекара жабылысымен Үрімжіге тайып тұрамын. Көзге түсіп қалуым мүмкін. Милиция деген қаптап жүр. 15 күн Үрімжіде тығылып жатып, Тайкешкенге қайта келемін. Бірде Шыңгілде, бірде Үрімжіде қашып-пысып жүргенде арада төрт ай өтіп кетті. Желтоқсан туды. Шекараның та­ғы бір кезекті ашылуы ке­зін­де Тайкешкенге келіп, қонақ үйлерді аралап жүр едім, бір бөлмеден дом­быра­ның қоңыр дауысы, оған ілесе қазақша шырқалған ән құлағыма шалынды. Әнге елтіп, есік маңында біраз бөгелдім. Халық әндері. Жүрегім елжіреп, тама­ғыма өксік кептелді. Көзіме ыстық жас кел­ді. Қазақтың әні жан-жүйемді қоз­ғады. «Кешіріңіздер ағалар, сіздердің дауыс­тарыңызды естіп, ән тыңдауға ерік­сіз бұрылдым», – дедім есік қағып, ішке енген соң. Моңғолдан келген 4-5 қа­зақ жігіті алқа-қотан жайғасыпты. Дом­быра шертіп, ән шырқағаны көзіме сон­дай ыстық көрінді. «Өзің де қазақ кө­рінесің, інішек, әу дейтінің бар шы­ғар», – деп әнші жігіт біраздан соң дом­бырасын ұсынды. Мен «Бабамның бас сүйегі» атты өлеңімді оқыдым. Өлеңім кәдімгідей әсер еткен болу керек, қаума­ласа тыңдасты. Өлең оқып, ән шырқап дегендей, бірер сағат жақсы отырыс бол­ды, – деп өміріндегі тағдыршешті кеш туралы баяндады. Сол отырыстың соңында Адалбек Бекбақытұлы әнші жігітті оңа­шалап, жағдайын айтады. Жәрдем­десуін өтінеді. Бірер күн ойланған ол ақыры өзі­мен бірге әкетуге уәде береді. Межелі түн. Желтоқсанның қа­қа­ған аязы. Түнгі сағат үште се­ріктері Адалбек Ахмадиді мәшиненің жүк бөлігіне жатқызып, үстіне тең-тең жүк тиейді. Қас қылғандай сол күні ше­кара жабық тұрған. Кері қайтады. Ер­теңіне тағы да жүкке көміледі. Бу­ма­лардың астындағы азаптан гөрі, тексерсе, ұстап алады екен деген үрей, қорқы­ныш басым болғанын айтады. Құдайға жал­барынып, ақыры аман-есен Моң­ғо­лияға жеткен. Ертеңіне Өлгей қаласына келеді. Сонда тұратын Мұхтар атты та­ны­сы Секен Сапар деген атпен төлқұжат дайын­дап береді.  Оны алған соң тағы да бір айдай Өлгейде тығыла жүріп, Қа­­зақстанға өтудің қамын жасайды. Тек қаңтардың 6-сында Алматыға қа­ты­найтын ұшаққа отырғанда ғана көңілі жайланған. Алайда әуе кемесі дәл қозғалар алдында моңғолдың екі милициясы ұшаққа жүгіре кіріп, тура Адалбек Ахмадидің жанына келген. –  «Бітті бәрі, – деп ойладым, – енді мы­налар мені не осында соттайды, не қай­тадан Қытай асырып тастайды. Одан ары Қырғызбек ақын киген кепті мен де киемін». Денемді суық тер жуды. Кө­кірегімдегі ежелгі мұң ұли жөнелді. Қос милиция құжаттағы суретіме бір, міз бақпай отырған маған бір, жалтақ-жалтақ қарайды. Қуғынға түскенім, аң­дуда жүргенім бұл – бір емес. Етім үй­ренген. Сыр бермеуге тырыстым. Құ­жаттағы суретімде мұрт бар. Сол мұр­тымды сапар алдында қырып та­с­та­ғанмын. Тек оң қабағымда кішкене мең бар еді, құдай қарасқанда сүгіретте болар-болмас сол мең көрінеді. Сақ милициялар сонда ғана жібіді. Атқақтаған жүрегім сонда ғана орнына түсті. Ұшақ жер­ден көтерілгенде, сілікпем шыға мыл­жа-мылжа боп шаршағанымды сездім, – дейді ақын.

Санда бар, санатта жоқ

Атамекенін аңсап жеткен қа­зақ­ты Алматы құшақ жая қарсы ала­ды. Алайда әуелі орысша сөйлескен жұртты, айналасындағы самсаған орыс ті­лін­де жазуларды көрген ақын қазақ­тың астанасына келдім бе, әлде адастым ба деп күдіктене бастайды. Тек  Медеуге көтеріліп, Алатаудың қырқасына шық­қанда ғана атажұртына адаспай жет­кеніне көзі жетіп, көзіне жас алыпты. Орнығатын жер тапқан соң аза­маттық алудың қамына кірі­седі. Ол үшін тезірек үйленуі қажет еке­нін түсінеді. Алматы халықшаруа­шы­лығы институтында хатшылық қыз­метте жүрген Жанар есімді қызбен та­нысып, оған бар шындығын ақтарады. Сүйкімді ару Төлеген Рахымжанов деген ақынның қызы болып шығады. Ақын­ның жан дүниесін түсінген қыз үй­лену­ге келісімін берді. Сол жылы маусым айын­да екеуі отау құрып, неке куәлігін алған. Ерлі-зайыпты көп ұзамай қызды болып, Сағыныш деп атын қояды. Неке туралы куәлікте де, Сағыныштың туу туралы куәлігінде де Адалбек Бекбақы­тұлының аты-жөні «Секен Сапар» деп жа­зылады. Шын есімін жазу мүмкін емес еді. – Бір күні мен үйде жоқта милиция­дан адамдар келіп, барлық құжатта­ры­мыз­ды алып кетіпті. Ертеңіне қорқа-қор­қа Әуезов аудандық Ішкі істер бө­лі­міне бардым. Мемлекеттік қауіпсіздік ко­митетінің 3-4 жігіті отыр екен. Бастан кеш­кеннің бәрін ашып айттым. Жалған құжатты алып қалып, өзгесін қайтып бер­ді. Бір апта тексеріп, оны да қолыма ұстат­ты. Бірақ «қайда жүргеніңді бізге ха­барлап тұр» деп ескертті. Олар маған жа­маншылық ойлаған жоқ. Тіпті, көмектескісі келді ғой. Келесі 1998 жылы Моңғолдың Мем­­лекеттік қауіпсіздік коми­те­тінің бір қызметкері жетті соңымнан. Оған да болған жайдың бәрін ашып айттым. Жалған құжат алып беруге жәр­демдескен Мұхтар екенін жасырмадым. Жасырмаған себебім – Мұхаң бұл дүниеден өтіп кеткен болатын. Отбасы Есік қаласында тұрады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері моңғол жігіті екен. Екеуміз қытайша сөйлестік. Ол да түсінді мені. «Біз деген дала адамдарымыз. Екі ел ежелден қоян-қолтық араласып, көшіп-қонып жүрген. Қонысы, өрісі, малы бірге бол­ған. Қыз беріп, қыз алысқан. Біз са­ған еш кінә артпаймыз. Атажұртыңа адал жүрегіңмен жеткен шығарсың. Тек анау жалған төлқұжатты өзімізге қайтар» деп, тіпті өз еркіммен келгеніме рақмет айтып, мен туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне нота түсіріп, жө­ніне кетті. Тиіскен жоқ. Қолымда енді қалған бар құжат: Моңғол Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерінің Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне түсірген қағаздың көшірмесі. Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының Алматы қала­лық Ішкі істер басқармасының бастығы Т.Қаттаубаевқа жолдаған хаты. Секен Сапар атындағы неке куәлік, қызым Сағыныштың Секенқызы деген Туу туралы куәлігі, Секен Сапардың атына жазылған жалған төлқұжаттың көшір­месі, Моңғолиядан шығарда берілген виза қағазы, Әділет басқармасының Секен Сапар атына берген куәлігі ғана. Одан басқа ештеңе қалмады. Қытайдың өз атыма берген төлқұжатын қорқып өртеп жібергенмін. «Мен сонда кіммін?» деп мұңға батқан, торыққан кездерім көп, – деді бір кездегі шарасыз күндерін еске алып. Қолында құжаты болмаған соң Адалбек Бекбақытұлының аза­маттық алу мәселесі қиындаған. Ел қатарлы жұмысқа орналасуы да мұң бо­лыпты. Генерал Ораз Рақышев Қор­ғаныс министрлігіне аудармашы болып істеуге шақырғанда, кейіннен «Хабар» арнасындағы «Бармысың, бауырым?» бағдарламасында қызмет ету мүмкіндігі туғанда да құжаттың жоқтығы қолбай­лау болғанын айтты. Амалсыздан базар­ға шығып, сауда жасаған. Бетті қарыған аяз бен кенезені кептірген аптапқа қара­май ұзақ жылдар бойы далада тұ­рып балқарағай сатқан.

«Қарашықты»  аяқтасам деймін...»

Жоқшылық жанына батып, азаматтық алғанша алшаң ба­сып жүре алмасын түсінген соң 2007 жылы сол кезде «Руханият» партиясына төра­ғалық ететін Алтыншаш Жағанова­ға барып, көмек сұрапты. Сол жылдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары болған Талғат Мамашев пен Алтыншаш Қайыржанқызы екеуі шекараны бұзып кірген ақынның мәселесін қолға алып, құжатын реттеуге, азаматтық алуына қол ұшын созған. Баспана алуына да көмектесіпті. Содан кейін ғана көңілі жайланған қаламгер өзін Қазақстанның толыққанды азаматы сезініп, еркін тыныстай бастағанын айтады. Шығар­ма­шылығына алаңсыз көңіл бөліп, екі кіта­бын шығарыпты. Алайда Алматыда ақынға лайық жұмыс табылмаған сыңайлы.  Бір кездері ұлының тілеуін тілеп, шекараның арғы бетінде қалып қойған әкесі Бекбақыт Мұхамадиұлы  мен  бірге туған іні-қарындастары 2005 жылы елге көшіп келіпті. Ал­матыдан алыстаған ақын қазір Зайсандағы қара шаңы­рақта әкесімен және інісінің отбасымен бірге тұрып жатыр екен. «Әкем, бауырларым, н­е­ме­релер бар – бәріміз он шақ­ты адамбыз. Інім мен келініме рақ­мет, жақсы қарап жатыр» дейді Адалбек Ахмади. Өз хәлін білгеннен кейін қа­ғаз-қаламының қуа­тын сұрадық. «Қарашық» атты поэ­ма жазып жатқанын, биылғы мақ­саты соны аяқтау екенін айтты. Әде­биеттегі үзеңгілес достары, өкшесін басқан інілерімен тұрақты байланыста екен. Жиі хабарласып, жағдайын біліп тұратын Қанат Байдоллаұлы, Мұрат Шай­маранұлы, Жәди Шәкенұлы, Жақ­сыл­ық Қазымұратұлы сынды қаламгер бауыр­ларының есімін атап, достық пейіл­деріне разылығын білдірді. Ата­жұр­тына жету үшін басын қатерге тіккен ақынды аялай алмаған халқының айыбын жуып-шайып, атпал азаматқа рухани демеу болып жүрген сол санаулы қазаққа біз де іштей алғысымызды айттық. Ұзақ әңгімеміздің соңын «Уайым етеріңіз не, шүкір етеріңіз не?» деген сұрақпен түйіндедік. Біраз кідірді. Күрсінді. Сәлден соң: – Анамның өмірден тым ерте қайт­қа­нын, жас күнімде туған-туыста­рым­нан жырақтағанымды уайым қы­ламын. Әкем мен бауырларымның аман жүр­ге­нін, немерелердің туған топырақ­та ау­нап-қунап жүргеніне шүкір етемін, – деп аяқтады сөзін.