Олардың қай-қайсысы да қазаққа қызмет қылды

Олардың қай-қайсысы да қазаққа қызмет қылды

Олардың қай-қайсысы да қазаққа қызмет қылды
ашық дереккөзі
Тарих – ортақ, тұлға – ортақ. Бұлай болғанда пікір алуандығы, ой қайшылығы болуы да заңды. Газетіміздің 2020 жылғы алғашқы санына «Қазақ авто­номиясына – 100 жыл» деген шағын ғана мақала жазған едік, сол мақаланы оқыған оқырманымыз Асылбек Дербісін өзінің пікірін жазып, редакциямызға жолдапты. Демократиялық мемлекетте өмір сүрген соң, оқырманның сөзіне құрметпен қарап, хаттың толық мәтінін көпшілікке ұсынуды ниет еттік. «Мақаладағы қате ақпарат және Ж.Мыңбаев  туралы» Түркістан газетінің 2020 жылғы  9 қаңтардағы №1(1327) санында Елдос Нүсіп­ұлы­ның «Қазақ автономиясына – 100 жыл» деген ма­қаласы басылыпты. Сонда «1925 жылы ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин Қырғыз АКСР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы (Үкімет) болып тұрған кезінде республика атын «Қазақ» деп түзетуге декрет шығарып, байырғы төл атауымызды қайтарған болатын» деген ақ­парат келтіріпті. Бұл ақпарат қате: Рес­пуб­ли­каның «Қазақ» атын қайтару туралы қаулы Ақ­мешітте 1925 жылғы 15-19 сәуірі аралығында бү­кілқазақстандық Кеңестерінің V съезінде қабылданды. Ол съезге дейін Қыратком төрағасы С.Меңдешов болды, осы съездің басында ол баяндама жасады, Үкімет төрағасына Жалау Мыңбаев сайланды, съезге Қазатком басшысы ре­тінде төрағалық етті және республика атын «Қазақ» деп түзетуге қаулының соңында төраға Ж.Мыңбаев пен хатшы Б.Аралбаевтың қолдары қойылды. Осы ақпарат қазақ халқының тари­хында өшпес із қалдырған көрнекті тұлға  Ж.Мыңбаевтың сан салалы қызметтерін мұрағат құ­жаттары мен естеліктер арқылы шынайы баян­даған Сейсен Демеубайдың «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты кітабында (Алматы, «Үш қиян» бас­пасы, 212-219 беттер) келтірілген. Ж.Мың­баевтан бұрын Үкімет төрағасы С. Меңдешов болды, оған дейін С.Сейфуллин болды, бірақ олар Қырғыз аткомының төрағасы болды, Республиканың «қа­зақ» атын қайтарған жоқ. Ж.Мыңбаев 1925 жы­лы қыркүйек айында республиканың партия ұйымын басқаруға И.Сталин жіберген  Ф.Голощекиннің «Қазан төңкерісінің дауылы қазақ ауылын жанап қана өткен, оған ешқандай әсер етпеген, сондықтан да бұл жерде «Кіші Қазан» төңкерісін жасау қажет», – деген идеясымағын іске асыруына 1928 жылдың күзіне, өзін Үкімет төрағасынан Голощекин кетіргенге дейін жол бермеді. Оның орнына сол күзде Голощекин Е.Ерназаровты қойды. Оны көріп С.Сейфуллин «бұл қазақ халқын қорлау, ел Үкіметінің басына кімді отырғызғаны» деп жаны шырқырап аттан салған. Сол Е.Ерназаров тәркілеу (қазақтар «кәм­песке» деп кетті, орысша «конфискация» деген сөзден) туралы қаулыға қол қойды. Қазақ халқын қырғынға ұшыратқан нәубетке жол берді. (сонда, 223, 418 беттер) Асылбек Рзаұлы Дербісін», – деп жазған екен. Енді біздің алып-қосарымыз мынау ғана: 1923 жы­лы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №66 санына «Қазақты «Қазақ» дейік, қатені түзетейік!» деген ма­қала шыққан. Авторы – Манап Шамиль. Бұл – Сәкен Сейфуллиннің бүркеншек есімі. Міне, Сәкен сол 1923 жылдан бастап-ақ Киргиз атанған елдің байырғы төл тарихи атын қайтаруға қызмет еткен. Қазақ тілінің кеңсе тілі болуына (мемлекеттік іс-қағаздарды қазақша жазуға көңіл бөлген) орай 9 мақала жазған, халықтың бұрынғы атауы туралы келелі ой-пікір тастаған Сәкеннің сөзі – сол кездегі оқыған азаматтардың бәрі мақұл десіп, бірге көтерген зор мәселеге айналған. Бұл – бір. Екіншіден, Жалау Мыңбайұлының мемлекеттік қызметтегі ісін ешкім де жоққа шы­ғара алмайды. Сәкен де, Жалау да бір мүдде жо­лында қызмет еткен азаматтар. Сәкеннің мем­лекеттік қызметтегі ерен еңбегі туралы арнайы көлемді мақала жазамыз, сол мақала барысында архивтік құжаттарды келтіріп, оқырман талқысына саламыз. Және мақалада Сәкеннің бірге істескен қатарлас-замандастары С.Мең­дешов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев т.б. азаматтар тура­лы да айтуды жөн санадық. Тұлғаларды бір-бірімен жарыстырмай, қазаққа деп еткен зор еңбегін, кеудесін оққа тосқан ерліктерін ғана айтайық. Сөз соңында айтарымыз: олардың қай-қай­сысы болмасын қазаққа қызмет етті...

Елдос НҮСІПҰЛЫ