ULTAN да ұлтқа қызмет еткісі келеді

ULTAN да ұлтқа қызмет еткісі келеді

ULTAN да ұлтқа  қызмет еткісі келеді
ашық дереккөзі
Газеттің өткен санында (№1/09.01.2020) Ақмола облысы Қоянды ауылындағы Algys аяқкиім тігін цехы жайлы мақала жарық көрген болатын. Сол мақала жарияланғаннан кейін редакцияға қоңырау шалатын оқырман көп. Халықтың отандық өнімге деген қызығушылығы басым екенін содан-ақ байқауға болатындай. Бұл жолы Павлодар облысы Аққу ауданынан тағы бір аяқкиім шеберханасы бар ұстаға кездестік. Он саусағынан өнер тамған етікші  Бейбіт Хадысұлы 1992 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Алтынсөксе елдімекенінен Павлодар өңіріне көшіп келген. 1992 жылдан 2000 жылға дейін әртүрлі кәсіппен айналысыпты. Суретші де болыпты. Аудандық салық бөлімінде де біраз жыл қызмет атқарған ше­­бер ақыр соңында ата­­кәсібіне оралған. Же­ті атасынан ұсталық үзіл­­меген шебердің  бұ­ған дейін аяқ­киім жөндей­тін ша­ғын шеберханасы да болған. 2014 жылдан бастап аяқкиім ті­гетін цех ашқан. Бейбіт Хады­сұ­лы­­ның айтуына қарағанда, Аққу ау­данындағы тұтынушылардың тап­сырысын  жұбайы Күнтуған екеуі ғана әзер тігіп үлгереді. Тех­ни­ка жабдықтары да жеткіліксіз. Әйт­песе сұраныс мол. Тек Аққу ау­даны ғана емес Павлодар өңірі­нен және басқа да облыстардан тап­сырыс алады. Тігілген аяқкиім­дер­ді Қазпошта арқылы жөнелтеді, бірақ тасымалданатын зат 5-6 күнде әзер жетеді екен. «Поштаның қызмет көрсету сапасы баяу. Басқа балама сервис болмаған соң амал жоқ поштамен жібереміз», – дейді. Шебердің шері тарқасын деп бі­раз базынасын тыңдадық. «Елге келіп, ағайынның етігін тігіп беру, адал табыс табу да бір ғанибет. Ата­­­жұрттан ұлтарақтай жер бұйыр­­май шетте жүрген қазақтар қан­шама?» – дейді. Осы орайды пайдаланып «цех­тың атауы қандай?» деп сұрадық. «Же­ке кәсіп атауына асығыста руы­мыздың атын қоя салып едім. Енді оны аяқкиім цехтың шекесіне қалай жазып қоямын? Әзірге әдемі атау таппай жүрмін» – дейді ше­бер аңтарылып. – Онда цехтың атауы ULTAN бол­са, Túrkistan газетінің қойған атауы болсын, – дедік әзіл-шын ара­лас. – Рас, әр нәрсенің атауы сол кә­сіп­ке етене байланысты болуы керек. Қазақта «Өзге елге сұлтан бол­ғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Сол бізге қарата айтылса ке­рек. Ұл­тару, ұлтан, ұлтарақ бәрі де етік­шілікке қатысты сөздер. Әрі айтуға да, жаттауға да жеңіл екен, –  деп қуана келісті шебер. Бұдан соң кәсіпкерден цехты одан ары дамыту туралы ойын біл­ген едік. – Мұндай шағын кәсіпорын­дар­ды қолдайтын несиені алдық. Бірақ несиенің бәрібір өсімі мол. Шығынды жаппайды. Оның үстіне аудандық жерде кепілге қойған үй арзанға бағаланады. Менің кепілге қойған үйім миллионға бағаланды да, небәрі 700 мыңдай несие алдым. Мұндай аз қаржымен кәсіпті жандандыру қиын. Несиенің өсімі аз болса, берілетін қаржы кәсіпті кеңей­туге жетерліктей болса, елі­мізде өнеркәсіп дамитын еді. Өз қо­лымыз өз етігімізге жетпей бол­майды, – дейді кәсіпкер Бейбіт Хадысұлы.