Экономикаға түбегейлі реформа қажет

Экономикаға түбегейлі реформа қажет

Экономикаға түбегейлі реформа қажет
ашық дереккөзі
Өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Министрлер кабинеті мен облыс әкім­дерінің басын қосып, Үкі­меттің кеңейтілген отырысын өткізді. Екі жарым сағатқа созыл­ған жиында өткен жыл­дың әлеуметтік-эко­номи­ка­лық даму көрсеткіштері сара­ла­нып, осы жылдың басым бағыттары айқындалды. Пре­зи­дент 2019 жылдың нәти­же­лері бойынша Үкімет жұмы­сы­ның жетістіктерін  жіпке тізіп, кемшіліктерін көрсетті. Мақтау естігені бар, ескерту ал­ғаны және бейтарап қалға­ны бар – министрлер мен әкім­дердің қай-қайсысы да жауап­кершілік жүгі артқанын тү­сін­гендей.

 Жаңа экономикалық бағыт қажет

Жиында әуелі өткен жылды қорытындылаған Мемлекет бас­шысы еліміз былтыр жақсы нә­ти­желерге қол жеткізгенін, эко­номикалық өсім 4,5 пайызды құра­ғанын алға тартты. Елімізде бірқатар маңызды бағдарлама қа­былданғанын, сайлау алдын­дағы бағдарламаны және Жол­дау­ды жүзеге асыру үшін Парламент пен Үкімет үйлесімді жұ­мыс атқарғанын атап өтті. 2019 жылы әлеуметтің әлеуетін арт­тыру­ға бағытталған бірқатар заң­нама-лық акті қолданысқа енді. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Экономиканы дамыту және бизнеске қолдау көрсету мақсатымен түрлі тек-серістер жүргізуге мораторий енгізілді. Шағын және микро биз­нес салықтан босатылды. Десе де, Президент экономи­к­а­­лық дамудың сапасына қа­тыс­ты әлі де шешілмеген мәселелер жет­кілікті екенін айтып, Үкімет­тің мүлт кет­кен тұстарын көр­сет­ті. – 2019 жылдың 11 айында ішкі жал­­­пы өнімдегі несие портфелінің кө­лемі 23 пайыздан 22 пайызға тө­мендеп кетті. Бұл экономиканы не­­­­сиелендіруді тежейді. Өткен жы­лы біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде инфляция деңгейі бойын­ша «чемпион» болдық. Ең- бек өнім­­ділігінің айтарлықтай артпауы – үлкен мәселе. Бұл – проблема. Ши­­кізат экспортының үлесі жай өсу­де, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ел алдына қойған мақсаты мен мін-деттері өзгермейтінін, бұған дейін қолға алынған бағдар­ла­ма­ларды жүзеге асыру жалғаса бере­тінін айтқан Мемлекет басшысы Үкі­мет экономиканы түбегейлі реформалайтын жан-жақты бағдарла­ма дайындауы керек деген ұстаны­мын да аңғартты. – Бізге негізгі проблемаларды нақ­ты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа жасау үшін ерік пен жігер ке­рек екені белгілі. Мен Үкіметті осы­ған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актіге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңыз­ды шешімдерді баяу қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек, – деп мәлімдеді Президент.

Қымбат көліктер сатып алуға тыйым салынды

Қасым-Жомарт Тоқаев тапсыр­ма­сы бойынша имидждік шараларға бөлінетін қаржы қысқартылды. Осының арқасында 30 миллиард теңге оңтайландырылды. Мұндай тиімсіз шығындарды анықтау шаралары квазимемлекеттік секторда да жүргізілмек. – Үкіметке осы жылдың 1 мамырына дейін жұмыс нәтижелерін баяндауды тапсырамын. Маңыз­ды­лығына сәйкес кейінге қалдыруға бо­латын шығындарды анықтауы қа­жет. Соның бастамасы ретінде қым­бат көліктер мен жиһаздарды са­тып алуға, түрлі форумдар, семи­нар­лар мен конференциялар өт­кізуге ұзақмерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Елімізде өте­тін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пай­далы болуы тиіс. Ысырапшыл­дық­қа жол бермеу керек. Шығыстар орын­ды болуы қажет. Бөлінген қа­ражат елдің мүддесіне қызмет еткені жөн, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы ішкі на­рық­тың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үкіметке 2025 жылға дейінгі Сауда саясатының бағдарламасын әзір­леуді, Сертификаттаудың ұлт­тық жүйесін дамытуды, Ұлттық стан­дарттарға се-німді арттыруды, сон­дай-ақ «Техникалық реттеу туралы» заң қабылдауды тапсырды. Сон­дай-ақ жобаларды еселеп қым­баттату үрдісі жалғасып жатқанын, құрылыс құнының сметасын жасауда түйткілдер бар екенін ескертті. – Мемлекеттік органдардағы са­­­тып алулардың 49 пайызына дейін және квазимемлекеттік сек­тордағы сатып алулардың 70-тен 90 пайызына дейін бір көзден жүзеге асырылады. Сатып алу барысында ерекше жағдай деп белгілеп, оны ең төменгі шекке дейін жеткізіп, бә­секенің болмауына негізделген т­ә­сілдерді қысқарту керек. Мысалы, 8 өңірде жеткілікті түрде жеке тасымалдаушылары бар муниципалды автопарктер құрылған. Үкімет қалалық жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға міндетті. Бұл – маңызды әлеуметтік мәселе. Орындауға екі ай уақыт беремін, – деп қадап айтты Президент.

Жалақы теңсіздігі жойылады

Мемлекет басшысының айтуын­ша, 2019 жылы әлеуметтік қолдау мақсатындағы шығын 3,5 триллион теңгені құраған. Бұл жалпы бюд­жеттің 30 пайызы. Әлеуметтік қор­ғау шаралары шамамен 4 миллион адамды қамтыды. «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары бойын­ша 20 мыңға жуық қазақстан­дық отбасы займ алды. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет жұмысының ба­сым бағыты болуы тиіс. – Үкімет азаматтарды кәсіпкер­лікке баулу үшін «Бастау» жобасын жүзеге асыруды жалғастыруы тиіс. Үш жылдың ішінде 90 мыңға жуық адам бизнес-жобасын ұсынды. Бі­рақ соның үштен біріне ғана қаржы бөлінген. Осы бағдарламаны уақ­тылы әрі толық қаржылан­дыру­ды қамтамасыз ету қажет. Еңбек заң­намасын сақтау, Қазақстан және шетел жұмысшыларының жалақы­сы­­на және еңбек жағдайына қа­тысты теңсіздікке жол бермеу мә­се­лесін де бақылауда ұстау керек. Биыл бірінші қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа фор­маты енгізілді. Олқылықтар жойылды, негізгі мақсат балаларға жүйелі қолдау көрсету болып отыр. Бірақ әлі күнге дейін нақты ұстаным жоқ. Жағдайдың ыңғайына қарай жүріп келе жатырмыз. Үкімет әлеу­меттік саладағы заңнаманың жоқ-жітігін түгендеуі, яғни инвентаризация жүргізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент зейнетақы аудары­мындағы қаржының бір бөлігін тұр­ғын үй алуға және басқа да қа­жет­тіліктерге пайдалану жайына тоқталып, бұл маңызды мәселені шешудің алғашқы қадамы жасалға­нын айтты. – Мұндағы мақсат – барлық жи­налған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қартайғанда лайық­ты зейнетақысыз қалдырмау. Еңбеккерлердің жұмыс берушілерден зейнетақы жарналарын төлеуін талап етуі үшін ынталандыру тетіктерін ойластырып, еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асыруды бастайды. Осындай мүмкіндік берілетін азаматтардың қатарын біртіндеп көбейте беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Білім мен денсаулық – басты назарда

Білім беру және денсаулық сақ­тау саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2019 жылы білім беру саласында маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, «Педагог мәртебесі туралы» заң және Білім мен ғы­лымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қолданысқа енді. Мұғалімдердің жалақысы 25 пайыз­ға көбейді. Білім және ғылым ми­нис­трлігі білім беру бағдар­ла­ма­ларын жаңартуға, сондай-ақ жо­ғары оқу орындарының акаде­мия­лық дербестігін арттыруға ден қойды. Алайда бұл салада шешімін күт­кен мәселелер аз емес. Президент солардың негізгілерін атап, министрлікке нақты тапсырмалар берді. – Қазіргі таңда елімізде білікті ұстаз­дардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мамандардың жасы ұлғайған сайын олардың орнын баса­тын лайықты мұғалімдер жетіс­пей жатыр. 338 мың мұғалімнің 27 пайызы – зейнет жасына жақында­ған және жеткен азаматтар. Мұға­лімдерді даярлайтын жоғары оқу орындарына көбінесе үлгерімі нашар түлектер барады. Олардан кә­сіби деңгейі төмен маман шыға­тыны осыдан. Мемлекет тарапынан тиісті өкілеттік берілді, қажетті ре­сурс­тар бар. Сондықтан қалып­тас­­қан жағдайды түбегейлі өзгер­туіміз керек. Бізге жаңа талаптарға сай мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орындары қажет. Диплом сатып, жоғары білімнің беделін түсі­ретін жекеменшік оқу орындарынан біржола құтылу керек. Бұл мә­се­лені осы жылы шешуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы. Министрлікке жүктелген тағы бір маңызды міндет –  балалар қауіп­сіздігін қамтамасыз ету. Соңғы жылдары балаларға зорлық-зом­былық көрсету жағдайлары көбей­гені белгілі. Президент министрлікке Үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен бірлесіп, мұндай теріс үрдістің алдын алу үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Бала­бақшалар мен мектептерді биыл 100 пайыз бейнебақылау камераларымен жабдықтауды міндеттеді.

Шетелдік автокөлік әкелу ел заңнамасын бұзбауы тиіс

Мемлекет басшысы Үкіметті әлеу­меттік және экономикалық қа­терлерге жол бермеу үшін өз бас­та­­маларын мұқият әзірлеуге ша­қыр­ды. Оның айтуынша, мемлекеттік орган­дардың шешімдері азаматтар тарапынан жиі сыналады, кей жағ­дай­ларда, тіпті халықтың ашу-ызасын тудырады. Бүгінде Қазақ­станға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қатысты проблема қоғам назарын аударды. – Елімізге әкелінген мұндай ав­то­­мобильдердің көпшілігі тіркеуге қойыл­майды. Ондай көліктер  саны – ондаған мың. Бас прокура­тураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тап­­сырамын. Аталған мәселені ше­шу үшін Үкімет Қазақстанға Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әке-лінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тір-кеуді қам­тамасыз етуі қажет. Бұл автокө­ліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын тө­леуі тиіс. Уақытша тіркеу автомо­бильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына беріл­мей жүзеге асырылуы тиіс. Авто­көлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж са­лығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қи­мыл­дарды жүзеге асыру кезінде са­лынатын утилизация алымын төлеуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды тапсырды.

Міндетін атқара алмағандар орын босатады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық баяндаманы тыңдап болған соң ешкімге сөгіс немесе ескерту жарияламағанын, Үкімет мүшелері мен әкімдерге жіберген кемшіліктерін көктемге дейін түзетуге мүмкіндік беретінін айтты. – Халық тұтынатын ең қажетті тауарлардың бағасын өсіріп жібергені үшін қатаң шаралар қолдануға болар еді. Жалпы алғанда, сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл – менің нақты ұстанымым. Бүгінгі жиын барысында берілген тапсырмаларды зор жауап-кершілікпен орындау қажет. Көктемде бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде түрлі себептерге байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағандарды қызметінен босату жөнінде нақты шешім қабылдай­мыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қайрат ИСАҒАЛИЕВ, Қазақстан­ның еңбек сіңірген дипломаты, Сорбонна-Қазақстан институты­ның профессоры:

Жекеменшік университтерді жабу мәселесін қолдаймын

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген мәселелерін, министрлер мен әкім­дерге берген тапсырмаларын тұшы­нып тыңдадым. Өзім педаго­гикалық қызметте жүргендіктен, әсіресе, бі­лім және ғылым саласына қатыс­ты айтқан сын-ескертпелерін түртіп алдым. Кез келген мемлекеттің дамуы, ең әуелі, сол ел тұрғындарының білім-білігіне тәуелді. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ғана елді ұш­паққа шығара алады. Ондай аза­маттарды тәрбиелейтін кім? Әрине, ұс­таздар. Президенттің педагогика­лық оқу орындарына айрықша көңіл бөліп отырғаны сондықтан. Ұрпағымыздың ертеңін, еліміз­дің келешегін ойласақ, мұғалімдерді даярлау ісіне жүрдім-бардым қа­рау­ға болмайды. Дипломын сатып ал­ған түлекті «ұстаз» деп қалай атаймыз? Баламыздың болашағын оған қалай сеніп тапсырамыз? Мемлекет басшысының жоғары білімнің беделін түсіретін жекеменшік университеттерді жабу туралы тапсырмасын қолдаймын. Санды емес, сапаны көтеретін уақыт жетті.   Бауыржан ШӨЖЕЕВ, информатика пәнінің мұғалімі:

Балалардың қауіпсіздігінен маңыз­ды ештеңе жоқ

– Мұғалім өзінің алдында отыр­ған оқушылардың сапалы білім алуына ғана емес, қауіпсіздігіне де жауап­ты. Елімізде балаларға зор­лық-зомбылық көрсету оқиғалары, адам ұрлау деректері көбейгендік­тен, ата-ана атаулының уайымы кү­шейген. Бұрынғыдай баланы са­баққа жіберіп қойып, өз тірлігіңмен бей­ғам айналысып жүру қиын. Әсі­ресе, қала тұрғындары балаларын мектепке жетектеп апарып, алып қайтуға мәжбүр. Өйткені ата-ана үшін перзентінің амандығынан қымбат ештеңе жоқ.  Осы орайда, Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың мектептер мен балабақшаларды 100 пайыз бейнебақылау камераларымен жабдықтау туралы тапсырмасына мұғалім ретінде де, ата-ана ретін­де де қуандық. Бақылау бар жер­де тәртіп болады, ал тәртіп бол­ған жерде еңбек өнеді, сапа артады.