23 Қаңтар, 20:23 752 0 Атажұрт Túrkistan Gazeti

Науқас отбасының баспанасын банк неге тартып алды?

Элбира Рахамдолда – 1992 жылы Қарағанды облысына Моңғолияның Қобда аймағынан көшіп келген. Қарағанды қаласы 23-шағынауданы 29-үй 13-пәтерде барлығы 11 адам, яғни 3 отбасы бір баспанада тұрған. Пәтерді әжесі Сәду Қазайқызы мұрагерлікпен Элбира Рахамдолдаға қалдырған. Негізі бұл пәтерді Қарағанды қаласының әкімдігі тарихи Отанына оралған этникалық қандастарға квота ретінде беріпті.

Үй иелері 2014 жылы 23 сәуірде «ЦентрКредит» банктен үйді кепілдікке қойып, 3,4 миллион теңге көлемінде несие алады. Несиенің төлемін 3 жылға жуық уақытында төлеп тұрған. Алайда 2016 жылы үй иелерінің денсаулығына байланыс­ты екеуі де жұмыссыз қалады. Элбира жүктілікпен операцияға түсіп, жаны әзер қалады (нәрестесі шетінеген). Осы стрестен (үйдің дауы) күйеуі Бекмұрат Алтайханның ми қантамыры жарылып, 10 сағатқа созылған күрделі операция жасалады.  Осылайша үш отбасын асырап отырған бір үйдің екі адамы қатарынан жұмысқа жарамсыз болып қалған. Сол себепті несиенің ай сайынғы төлемі кешіктірілген. Банк осыдан кейін үйді олардан алып, басқаға сатып жіберген.

Ары қарай істің анық-қанығын  Элбира Рахамдолда қысқаша былай деп баяндап берді:

– Банк сот орындаушыны және сатып алушымен ымыраласып істеген жемқорлығының кесірінен күйеуім Бекмұратты өлім
халіне жеткізді.

2017 жылдан бері несиені ақша болғанда анда-санда төледік, оны банк кассасына емес, «ЦентрКредит» банкінің проблемалар бөлімінің маманы Асхат деген қызметкеріне төлеп отырдық. Ол ақшаны банкіге төлемей өз қалтасына баса берген. Сол себепті банк бізді несиені мүлдем төлемеді деп  сотқа беріп сот несиені жабу үшін пәтерді сатуға шешім шығарыпты.
Сотқа бізді шақырған жоқ. Біздің қатысуымызсыз біржақты өткен. Сол заңсыз шешімнің негізінде Жеке сот орындаушысы adilet.gov.kz сайты арқылы электронды аукционмен баспанамызды сатып жіберді. Жеке сот орындаушысы сататынын хабарлады, мен оған барып жағдайымды айтып, соттың шешімі шыққанын білмедім дедім, ол оған да қарамады. Жай кезде айлап-жылдап өтпейтін пәтер бұл жолы аукционға қойған күні сатылып кеткен. Яғни бұлардың арасында сыбайластық байланыс болған.

Біздің бұл баспанамызды сыртымыздан, рұқсатымызсыз, қатысуымызсыз сот арқылы заңсыз шешім шығарып сатып жібергеніне, біз осында отырған 3 отбасы түбегейлі  қарсымыз.

Аталған мәселедегі кейбір түсініксіз нюанстарды тереңірек түсіну мақсатында атамекенге оралған қандастардың құқығын қорғаушы, Қарағанды облысында көптеген қандастарды құжаттандыру ісінде тәжірибесі мол білікті маман Талғат Мүрсәлидің бұл жағдайға қатысты пікірін сұраған едік.

 

Талғат МҮРСӘЛИ, «Атажұрт» оралмандар мен босқындарды қолдау қоғамдық қорының төрағасы:

– Бұл іске басында өзім аралассам, осыған дейін біржақты етер едім. Денсаулығыма байланысты іске қатыса алмадым. Бірақ даулы мәселенің барлық қыр-сырын зерттеп болдым. Элбира Рахамдолданың құқығы тапталып отырғаны рас. Әзірге мынандай бас­ты құқықбұзушылық бар деп ойлаймын:

Элбира Рахамдолда несиені өзі төлеуден бас тартқан жоқ;

Сот біржақты шешім шығарған, себебі жәбірленушіні сотқа қатыстырмаған, хабарламаған;

Соттың шешімін Элбира Рахамдолда мүлдем түсінбейтін орыс тілінде шығарған. Бұл бірінші – адам құқығы,
екінші – мемлекеттік тілді қорлау;

Бұл істе соттың шешімі заңсыздықты қадағалайтын прокурордың қатысуынсыз шығарылған;

Жеке сот орындаушысы пәтерді Бағалау компаниясымен ымыраласып, нарықтағы бағадан арзанға сатқан;

Элбира Рахамдолда және «ЦентрКредит» банкінің арасындағы несие алған кездегі келісімшарт мерзімінен бұрын банк тарапынан біржақты заңсыз бұзылған.

Алайда Элбира Рахамдолда «ЦентрКредит» банкімен қайта бейбіт келісімге келуге, жаңа графикпен төлеуге дайын және туысқандары да көмектесуге уәде беріп отыр.

 

Бақытбек ҚАДЫР

 

 

Соңғы жаңалықтар