Эльвира Есмұханова: Волонтерлік негізі – шын ниет, шынайы амалдар

Эльвира Есмұханова: Волонтерлік негізі – шын ниет, шынайы амалдар

Эльвира Есмұханова: Волонтерлік негізі – шын ниет, шынайы амалдар
ашық дереккөзі
– «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы қалай құрылды? – «Астана жастары» орталығы 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігінің бастамасымен қала жастарын қолдау және дамыту мақсатында құрылды. Өзім осы орталық құрылған күннен бастап жұмыс істеймін. Ақпан айында орталығымыздың құрылғанына 6 жыл толады. Орталық құрылған күннен бастап елордадағы ауқымды іс-шараларға атсалысып келеміз. Ресурстық орталығымыз жастар арасында еріктілік қозғалысты дамыту, аула клубтарын дамыту, жастарды жұмыспен қамту және кәсіптік бағдар беру, құқықтық көмек көрсету бағыттарын қамтиды. Өзім Көкшетау қаласында туып-өсіп, білім алдым. Оқу бітірген соң болашағымды бас қаламен байланыстырғым келді. Көзімді жұмып елордаға жұмыс іздеп келдім. Бағыма орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігі құрғалы жатқан жастар орталығына жұмысқа орналастым. Алғаш құрылған кезде орталықта менен өзге қызметкер болмады. Менің алдымда қала жастарын біріктіру мақсаты тұрды. Өйткені бұл қалада ешкімді танымайтын едім. Бірақ алға қойған мақсатты жүзеге асыру үшін білек сыбанып жұмысқа кірісіп кеттім. Сол тұста бір мұнай компаниясы үлкен жоба бастады. Мен осы жобаны жасай аламын деп өзіме сеніп, басынан-аяғына дейін тегін ұйымдастыру жұмыстарын өз мойныма алдым. 3 ай бойы қаламыздың ең білімді, белсенді жастарымен жұмыс істедім. Осылайша менің командама ерікті болып 20-ға жуық жас жиналды. Алғашқы жылдары ірі сауда орталықтарында флешмобтар мен концерттер ұйымдастырдық. Орталық туралы естіген мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері өздері біздің орталығымызға жинала бастады. Ендігі мақсатымыз қоғамға пайдалы іспен айналысу еді. Ол уақытта волонтерлік қызметтің қалай жүзеге асатынын ешкім білмейтін, адамдардың тегін көмектесетіні жайында ғана еститінбіз. – Волонтерлік ұйым ретінде қоғамның қай саласына көмек қолын созып жатырсыздар? – Негізінен көптеген еріктілер ұйымы ондаған жылдар бойы бір-екі бағытта ғана дамиды. «Астана жастары» орталығы қоғамның дамуы мен сұранысына сай бейімделіп отыр. Орталықтың әр жыл сайын бағыты өзгеріп отырады. Өйткені ХХІ ғасыр мобильді, жылдам болуды талап етеді. Біздің ұйымның негізгі бөлігін жастар құрайтындықтан оларға тура жол көрсету, дұрыс бағытта дамыту, ширату маңызды. Алғашында тегін концерт қоюдан бастаған біз кейін балалар үйіне көмек көрсетуді, елордамыздың таза қалаға айналуына үлес қосып, экологиялық бағытқа мән бере бастадық. Биылдан бастап әлеуметтік бағыт пен төтенше жағдайларда көмек қолын созуды мақсат етіп отырмыз. Қаламыздың Төтенше жағдайлар департаментімен меморандумға қол қойып, жәрдем беруді бастап кеттік. Төтенше жағдай бойынша жұмысымыз екі бағытта жүзеге асады. Біріншісі – өрт қауіпсіздігі, екіншісі – суға түсу кезіндегі қауіпсіздік. Қаламыз бойынша жер үйде тұратын соғыс ардагерлері мен жалғызбасты зейнеткерлерімізге өрт қауіпсіздігі шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өкінішке қарай, біз алдымен үй тұрғызуды ойлаймыз, ал өрт қауіпсіздігін кейінге қалдырамыз. Тіпті төтенше жағдай қызметкерлеріне есік ашқысы келмейтін тұрғындар да бар екен. Бірақ сол тұрғындар волонтерлерге сеніммен қарайды. Тағы бір айта кетерлігі – бізде адамдар шомылуға болмайтын жерлерге суға түседі, қауіпсіздікті ескермейді. Сонымен қатар қалада ашық қалған кәріз құбырларының құдықтары қақпақсыз жерлерде тұрғындардың абай болуын ескертуді де міндетіміз деп білеміз. «Астана Тазалық» компаниясымен бірлесіп қалада қар тазалау жұмыстарына да атсалысып жатқан жайымыз бар. Төтенше жағдай бойынша көмек қолын созған еріктілерге аптасына екі рет бассейнге бару мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл – еріктілердің еңбегін бағалау, жағдай жасау, қоғамда оң көзқарастың қалыптасуы деп түсінеміз. – Халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге де атсалысып жүрсіздер ғой? – Біздің қаламызда өте қызықты іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Қала әркез еріктілерге мұқтаж болған және бола да бермек. Егер бұрын қалалық іс-шараларда бой көрсетсек, қазір республикалық маңызы бар және Нұр-Сұлтан және Щучинск қаласында өтетін халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысамыз. Мәселен, 2015 жылы ұйымдастырылған МузТВ премиясына ТМД елдерінен қонақтар келді. Бұл Қазақстандағы жоғары деңгейде өткен ең үлкен концерт болатын. Ал 2017 жылы EXPO көрмесіне атсалыстық. 2018 жылы халықаралық G-Global шарасында робот Софияны біздің 15 жастағы волонтеріміз алып жүрді. Триатлон, күрестен Әлем чемпионаты, пауэрлифтинг, бокс, хоккей, футбол сынды спорттық шаралардың өтуіне атсалыстық. Форумдар мен мәдени іс-шаралардан да қалыс қалмаймыз. Біз жылына 30-40 халықаралық шараны өткізуге қатысамыз, ал жалпы жыл бойына 150-ден астам іс-шараға атсалысамыз. Еріктілер қатарында бірнеше тіл меңгерген жастар баршылық. Халықаралық деңгейде өтетін іс-шараларға екі күннің ішінде 200-400 ерікті жинай аламыз. Волонтерлеріміздің алды шақыртумен Қытайға екі рет, Беларусь, Қырғыз Республикасы мен өзге де елдерге барып келді. – Бүгінгі қоғамның волонтерлерге деген көзқарасы қандай? – Осыдан он шақты жыл бұрын халықтың волонтерлерге деген көзқарасы қалыптаспаған болатын. Кеңестік кезең күйрегеннен кейін көп адам жұмыссыз қалды. Олардың миында тек ақша табу керек деген ой қалып қойды. Қоғамға тегін көмек қолын созғысы келген балаға ата-анасы «Осының саған не қажеті бар? Оның орнына жұмыс істеп, ақша тап» деп айтады. Тіпті «волонтер деген қолдарына ту ұстап концертте мәз болып тұратын жастар ма?» деп сұрайтын. Бірақ 2017 жылы Алматы қаласында өткен Универсиада мен Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған EXPO-дан соң адамдар волонтерлік қызметтің керек екеніне көз жеткізді. Өйткені халықаралық іс-шаралар волонтерлердің көмегінсіз жүзеге асуы қиын екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Жалпы, халықтың еріктілерге деген оң көзқарасы қалыптасып келе жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды Еріктілер жылы деп атауы жұмысымызға жаңа серпін, тың леп әкелді. Қазір халық бір-біріне көмек қолын созып, жұмыла көтерген жүктің жеңіл келетінін көріп жүр. Қаншама отандасымыз өзара қайтарымсыз көмектің арқасында шетелде операция жасатып, дертіне ем тауып жатыр. Кейбір көпбалалы отбасылар халықтың ауызбіршілігі мен қолдауының арқасында үйлі болды. Сонымен қатар балалар үйіне баратын халықтың да қарасы көбейген. Осының бәрі біздің қоғамның ізгілікке, қайырымдылыққа бет бұрғанын көрсетеді. – Адамдар волонтерлікпен айналысуға қай кезден бастап кіріскені дұрыс деп ойлайсыз? – Волонтерлік тәрбие отбасынан, мектеп жасынан берілгені дұрыс деп санаймын. Мектеп жасындағы жасөспірім біреуге көмек қолын созғысы келіп тұрады, өйткен бұл жаста олар мейірімді әрі зерделі. «Менің ақша табуым керек» деген ой жоқ. Волонтерліктің не екенін көрген жас болашақта қайырымдылық жасауды өмір салтына айналдырады. Өзіңіз көріп тұрған мына қораптағы аяқ киімдер жаңа ғана келді. Менің жанымда 6 жыл бойы волонтер болған жігіт бүгін мұқтаж жандарға деп осы аяқ киімдерді сыйға тартып жіберді. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Волонтер болған адам артылған бір затты көрсе, «мұны біреуге беріп, көмектесу керек» деп ойлап тұрады. Өйткені ерікті болу – өзгенің өмірін жақсартуға үлес қосу, қайтарымсыз көмек беру. – Жеке тәжірибеңізге сүйене отырып, волонтерлік қызметтің жастарға қалай әсер ететінін айтып беріңізші? – Волонтерлік әр адамға әрқалай әсер етеді. Өте қатты өзгеретіндер, жайлап өзгеретіндер және  қанша жыл волонтер болса да, ізгілікті жұмыс атқарса да өзгермейтіндер бар. Бұл енді мінезге байланысты дүние. Өзгере алатын және өзгеруді қаламайтын адамдар болады. Өмірде қанша қиындық көрсе де, өзін жоғалтпай сақтап қалған керемет жандар бар. Ал жамандықты көп көргеннен кейін жақсылықтың барына сенбейтіндер де бар. Олар өмір бойы «менде бәрі жаман болған және алдағы уақытта да бәрі жаман болады» деп ойлайды. Өзі өзгеруді қаламаған адамға қол ұшын беру қиын. Кейде ерікті жастар өздерінің жақсы жаққа қарай өзгергенін өздері білмей қалады. Өзгелерге көмектесе жүріп өзіне жақсылық жасап жүргенін байқамайды. Волонтерлік қызметте жүрген жастар уақытты тиімді өткізеді, айналасындағылармен және қоғаммен дұрыс қарым-қатынас құрады, өзіне және өзгеге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Мен біздің орталыққа келген әрбір жасқа «Өз-өзіңмен бол! Қандай адам болғың келеді, осы жерде сондай адам бол. Бұл жерде өміріңнің жаңа парақтарын бастай аласың» деп айтамын. «Астана жастары» базасында  2 800 ерікті тіркелген. Біз ешқашан біздің санымыз көп деп айтпаймыз. Өйткені біздің орталық үшін алдымен волонтердің өзі маңызды, содан кейін барып іс-шараларға қатысамыз. Волонтерлік жастарға өмірде таңдау жасауда адаспау және өзін жоғалтпау үшін керек. Еріктілер – жақсылықтың жаршысы, мейірім дәнін себуші. Адам өзінің адам екенін түсіну үшін де қоғамға көмектесуі тиіс. Өйткені ізгі қоғам өзара көмектің арқасында қалыптасады. Қайырымды адам ата-анасына да, қоғамға да, қоршаған ортаға да, тіпті жануарларға да қайырымды.  

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ