20 Қаңтар, 17:55 637 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Алматы тұрғындары қатты жер сілкінісіне дайын болуы керек – Сейсмология институты болжам жасады

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

Сейсмология институтының аймақтық сейсмикалық зертханасының меңгерушісі Алла Садықова ғалымдардың жер сілкінісін болжау бойынша қалай жұмыс істеп жатқанын айтып берді, – деп жазды ҚазАқпарат.

«Үш жыл болды жер сілкінісін ерте ескерту жүйесінің әдіснамалық негіздерін құру бағдарламасымен жұмыс істеудеміз. Айта кету керек, алдын ала хабарлау жүйесі адамға немесе тұрғындарға жер сілкінісі болатындығы туралы ескертуді білдірмейді. Бұл дегеніміз бірінші толқын келгенде жүйеге автоматты дабыл беру. Ол, мәселен пойызды тоқтату, газды, суды, жарықты сөндіру үшін қажет. Алдын ала ескерту жүйесі жер сілкінісін болжауға емес, халықтың, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйені автоматтандыру үшін жасалғанын түсіну керек», – деді ол.

Ол жапон ғалымдары қазақстандық әріптестеріне қазір сынақтан өтіп жатқан 5 датчикті сыйға тартқанын атап өтті. Олар сейсмикалық толқынның бірінші бөлігінің келуіне және белгілі бір амплитудаға байланысты болады. Егер құрылғы мекемеде немесе тұрғын үйде орнатылған болса, дабыл қосылып, жер сілкінісінің екінші толқыны келе жатқанын хабарлайды.

«Сейсмология институтында 30 жыл бойы болжамдық комиссия жұмыс істеп келеді. Бұл комиссияның негізгі міндеті – 7 балдық немесе одан да көп жер сілкінісі туралы болжам жасауға тырысу. Ал үстірттің әлсіз тербелістерін (5 баллға дейін) тіпті болжай алмаймыз. Алматы аумағындағы желі геофизикалық параметрлердегі барлық аномальды өзгерістерді байқай алмайды. Алматының айналысындағы белсенді жерлерді көрсете отырып, бірнеше жылға ұзақ мерзімді болжам жасаймыз. Сонымен қатар, жыл сайын орта мерзімді болжам әзірлейміз. Қаңтардың аяғында және ақпанның басында 2019 жылдың материалдарын негізге ала отырып, 2020 жылға болжам жасаймыз. 2020 жылы 7 балл немесе одан да жоғары, MPV магнитудасы – 5,6 болатын жер сілкінісі болып-болмайтынын анықтаймыз», – деді Алла Садықова.

Ол Алматы қаласының сейсмоқауіпті аймақта орналасқанын және білінер-білінбес жерасты дүмпулері жиі болып тұратынын атап өтті. Сондай-ақ, Верный, Шелек, Кеминс кезінде бұл өңірде күшті жер сілкінісі болғанын тілге тиек етті. «Одан бері 100-130 жыл өтті. Тыныштық кезеңі аяқталып, жақын аралықта белсенділік кезеңі басталады. Бұл жөнінде уақытылы хабардар боламыз деп үміттенеміз, бірақ Алматы тұрғындары мен барлық күш құрылымдары кез келген уақытта жер тербелісіне дайын болуы керек. Біз жер сілкінісі қаупі бар аймақта өмір сүріп жатырмыз», – деп атап өтті ғалым.

Соңғы жаңалықтар