19 Қаңтар, 17:12 542 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Тегерандағы апаттан көз жұмған украиналықтардың денесі Киевке жеткізілді

Ирандағы әуе апатынан қаза тапқан украиналық «МАУ» әуе компаниясы қызметкерлерінің денесі «Борисполь» халықаралық әуежайына жеткізілді. Бұл туралы Укринформ хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, әуежайға қаза тапқандардың туыстары жиналған. Сонымен қатар гүл алып келген адамдардың қарасы да қалың. Әуежайда медициналық қызметтердің, Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, Ұлттық гвардия жауынгерлері, Ұлттық полиция қызметкерлері жүр. Аза тұту шарасына қатысты ақпарат тарату үшін келген журналистердің легі де мол. Мүрделерді алып келген ұшақ әуежайға жергілікті уақыт бойынша сағат 11-де қонған.

Қаза тапқандарды аза тұтуға арналған шара өтіп жатқанына қарамастан «Борисполь» халықаралық әуежайы штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Өзге терминалдардан ұшақтардың ұшып келуі мен ұшуы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жолаушыларға сағат 12-мен 13 аралығында «Борисполь» әуежайы бағытындағы жолда қозғалысқа шектеу болатындығы ескертілген.

Еске салайық, сәрсенбі, 8 қаңтарда Тегеран уақытымен 6:00-де Имам Хомейни атындағы әуежайдан Тегеран-Киев бағытымен ұшқан «Украина халықаралық әуе желілері» әуе компаниясының Boeing-737 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 177 адам болған: 168 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі. Оның ішінде Иранның – 82, Канаданың - 63, Украинаның - 2 + 9 (экипаж), Швецияның – 10, Ауғанстанның – 4, ГФР-дың – 3, Ұлыбританияның 3 азаматы болды. Олардың барлығы қаза тапты.

 

Соңғы жаңалықтар