17 Қаңтар, 12:48 412 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

30 жылда 30 том еңбек жазған ғалым

Иран қазақтары жайлы айтылғанда есімін айтпай кетуге болмайтын тұлға – белгілі шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей. Ол елге оралған көштің басын бастап келе жатқан тұлға.

Ислам Ақмұратұлы – 1952 жылы Иран ислам республикасы, Горган қаласында туған. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Pen клуб мүшесі, Мәдениет қайраткері. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының  докторы, профессоры.

Ол әуелі  Иранда жүріп, қазақ жастары ана тілін ұмытып кетпесін деген ниетпен сондағы жастарға басшылық етіп, «Қазақ мәдени қоғамын» құрып, Қазақстандағы «Отан қоғамымен» байланыса отырып, төте жазуда шығатын «Біздің Отан» газеті мен қазақша кітаптар, қазақ әндерінің күй таспаларын алып тұрған. Сондай-ақ қазақ тілін үйрету мақсатында «Қазақ әліппесі» атты парсыша-қазақша шағын кітапша шығарды. Қазіргі иран қазақтарының ұлттық сипатын сақтап қалуына Ислам Жеменейдің еңбегі орасан.

«Ислам Жеменейдің білімі мен біліктілігін дұрыс пайдалана білсек, оның әлі берері көп. Ислам елімнен алсам, пайда көрсем деп емес, Отаныма берсем, пайдам тисе, жұртыма қиналған кезде көмегім тисе дейтін азамат. Исламның сан салалы білімге қол жеткізгені, заман талабы еді. Қазақ тарихының бір дәуірінде Алаш қайраткерлері, барлық ғылыми саланы барынша дамытуға атсалысты. Біз мақтандық. Ислам да барын салып, жан-жақтылықпен бір кеміміздің орнын толтыруға талпынып келе жатқан абзал жан», – дейді шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі.

Ислам Жеменейдің елге келіп, игі істер тындыруына, бойындағы бар талантын ерте танып, Отанға шақырған, бағасына жете білген ғалым Әбсаттар Дербісәлі еді.

Алғаш Құран Кәрімді қазақ тіліне тәржімалаған Халифа Алтай ақсақалмен ерте танысып, хафиз қарттың елге келіп орналасуына да зор үлес қосты.

Ол ең алғашқы және бірегей парсытанушы. «Парсыша-қазақша және қазақша-парсыша сөздік» кітабы шығыстану ғылымы үшін елеулі еңбек екені белгілі.

Парсы тілін ана тіліндей білетін ғалым ортағасырлық көптеген ірі еңбектерді аударуда қажырлы істер атқарды. Атап қайтсақ, «Тарих-и-Рашиди» терең таным мен білімділікті талап ететін туынды. Оның тереңіне сүңги білу үшін қасиетті Құран, ислам тарихы, ислам философиясы, ортағасырлық түркі тарихы мен әдебиеті, парсы тарихы мен әдебиеті, парсы һәм түркі мен араб тілі, ортағасырлық араб графикасы, шығыс психологиясының шығыстық құндылықтарынан хабардар болуы қажет екені анық. Осылайша Ислам Жеменей жан-жақты біліктігімен «Тарих-и-Рашидиді» ана тілімізге аударып, зерттеп, отандық шығыстану іліміне үлкен олжа қосты.

1990 жылдан бері қазақ елінің ғылымына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Содан бері 30 жыл. 30 жылда ғалым 30 том еңбек жазды. Бұл – ғалымның өз саласына деген адалдығы, зор еңбекқорлығының куәсі. Оның жүріп өткен жолына, істеген ізгі істеріне қарап отырсақ, әр істің басында жүріп, көшті бастап келе жатқанын көреміз.

Бұл күнде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығын басқарып  отырған ғалымның өзімен хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

Ғалым Ислам Жеменей жайлы айтылар сөздің бұл әлқиссасы ғана. Алда газетімізге Тұран-Иран тақырыбында шығыстанудағы 30 жылда атқарылған игі еңбектерді қорытып, толымды сұхбат жасайтын болып келістік.

 

Бақытбек ҚАДЫР

 

Соңғы жаңалықтар