16 Қаңтар, 14:11 1156 0 Атажұрт Túrkistan Gazeti

Иран қазақтарының халі қалай?

Өткен аптада әлем назары Иранға ауды. Біз осы орайда ATAJURT жобасының кезекті шығарылымын Иран қазақтарына арнауды жөн көрдік.Ираннан көшіп келген және сол жақта әлі де тұрып жатқан қандастар жайлы сұрау салдық. Олардың қандай өзекті мәселесі бар, қандай ерекшелігі бар деген сауалдарға жауап іздеген едік.

Ирандағы қазақтар жайлы сәл тарихи шегініс жасасақ, 1929-1930 жылдары Түркіменстан және Қарақалпақстан арқылы көшкен ат төбеліндей ағайын Иран елінің Гүлістан аймағына қоныс тепкен. Сталиндік қанды қасап саясаттың кесірінен Қазақстан жеріндегі алапат аштық кезінде босқан деседі.

Қазіргі уақытта Ирандағы қазақ елшілігінің қолында бар бейресми мәліметтерге қарағанда, Иран Ислам Республикасында шамамен 6 000-6 500 қазақ диаспорасының өкілдері өмір сүреді. Олардың басым бөлігі Иранның солтүстігі Каспий жағалауындағы Гүлістан аймағында шоғырланған. Иран елінде 21 жыл бойы қазақша хабар таратып келген «Иран қазақ радиосы» былтырдан бері жабылды. Ондағы қазақ жастарының көбі Түркияға барып, жұмыс істейді.

Ираннан осы уақытқа дейін 5 мыңға жуық қандас тарихи Отанына көшіп келген. Олардың басым бөлігі Қазақстанның Батыс және Оңтүстік өңірлеріне қоныстанған.

Қарлығаш ҚОЖАМҰРАТ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Нұр-Сұлтан және Ақмола облыстық филиалының басшысы:

Ираннан 50 отбасы көшіп келгісі келеді

– Жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қорының қолдауымен Иран еліне іссапармен барып, ондағы қандастарымыздың жағдайымен танысып қайттық. Онда қазір тіл мәселесі өте күрделі. Сондықтан да қазақ тілін қашықтықтан оқыту жобасы аясында online режимдегі QAZAQ KLASY-ын аштық.

Ел егемендік алғаннан бері Иран елінен 5 мыңға жуық қандас атажұртқа қоныс аударды. Ираннан келетін қандастардың атажұртқа бірден бейімделіп кетуі қиын. Ондағы оқу, жазу және дүниетаныммен елдегі ортаның арасында алшақтық бар. Сонымен қатар Иран қазақтарындағы басты мәселенің бірі – азаматтық алу кезінде сұралатын ұлтының қазақ екенін растайтын құжат. Себебі Иран елінде құжатта ұлты көрсетілмейді. Тек «ирандық» деп қана беріледі. Ал қандастар Отанға оралған кезде бұл мәселе алдан шығады. Бірақ бұл мәселе де зерттеліп жатыр, жаңа заң жобаларында оң шешімін табады деп сенеміз.

Иран қазақтары жайлы басты айтылар сөздің бірі – ондағы ағайынның атамекенге көшуге ниетті екені. Мұны Ирандағы сапарда жүргенде де байқадым. Жуырда Ирандағы қандастар хабарласып, елден қолдау болса бірден 50 шақты отбасы көшіп келуге құлшынып отырғанын айтты.

Бақытбек ҚАДЫР

 

Соңғы жаңалықтар