16 Қаңтар, 08:38 494 0 Қоғам Анар ЛЕПЕСОВА

Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі

Елдің келешегі бүгінгі жастардың бет алар бағыты мен ту етер ұстанымына тәуелді. Сондықтан мемлекет жас буынның кемел білім алып, толымды тәжірибе жинауына үне­мі қолдау көрсетіп келеді. Болашағынан үлкен үміт күттіретін аза­маттардың істе шыңдалып, күш-жігері мен озық идеяларын қо­ғам игілігіне жұмылдыруына бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Елімізде Президенттік жастар кадр резервін құрудағы мақ­сат та осы. Алдағы уақытта ел басқару ісіне араласатын таң­дау­лы 300 жаспен кездес­кен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оларға артылған жауапкершілік жүгі жеңіл болмайтынын ұқтырды.

Өткен жылы ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік кадр резерві құры­латынын мәлімдеген еді. Сол жыл­дың тамыз айының соңында Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Қыркүйек айында Президенттің жастар кадр резервіне өтінім қабылдау басталды. Резерв құрамына енуге отыз бес жастан ас­па­ған, жоғары білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар 13 мың­ға жуық Қазақстан азаматы өті­ніш білдірді. Ұлттық комиссия кел­ген өтінімдерді іріктеп, барлық та­лап­тарға сай келетін 300 жасты анық­тады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқару ісі­не араласатын таңдаулы жастар­дың қатарына қосылу зор мәртебе екенін баса айтты.

– Өздеріңіз сияқты озық ойлы, бә­секеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет. Жалпы, бұл – жас буын өкіл­дерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Осы ретте өздеріңіз сияқты білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт ар­тамыз. Сіздер жаңа Қазақстанның дамуы­на аянбай үлес қосасыздар деп сене­мін. Еліміздің алдында биік мақ­саттар тұр. Ең алдымен мемлекеті­міз­ді одан ары өркендетіп, Тәуелсіз­дігі­мізді нығайтуға тиіспіз. Сондай-ақ аза­маттардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, ел алдында тұрған тағы бір міндет – мемлекеттік басқарудың жаңа мо­деліне көшу.

– Норвегия, Жаңа Зеландия, АҚШ мем­лекеттік аппарат қызметіне ақыл­ға қонымды икемділік және епті­лік принциптерін енгізу преспективасын белсене зерттеп жатыр. Көп­теген ел Ұлыбритания үлгісінде Үкі­мет жанынан жобалық кеңселер құру арқылы проджект-менеждмент­ке көшуде. Бізде де соған күш салынып жатыр. Олардың тиімділігін тың­ғылықты зерделеу қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуін­ше, мұндай жаңашылдықтардың не­гізгі мақ­саты – халыққа жақын болу.

– Сөз мемлекеттік қызметтің сервис­тік моделі жайында болып отыр. Қазақ­стан­ға да қоғамның сұранысына бара-бар, тиім­ді әрі әділ мемлекеттік басқарудың жаңа моделі керек. Бұл ретте ол ең заманауи технологияларды пайдалануға негіз­делуі тиіс. Осының барлығын ескере келе, біз мемлекеттік басқару жүйесін рефор­ма­лауға кірістік, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент осы жылдан бас­тап мемлекеттік қызметшілердің саны бір­тіндеп қысқартылатынын ескертті.

– Босаған қаражат барынша пайдалы қыз­меткерлерді материалдық ынта­лан­дыруға жұмсалатын болады. Жолдауымда ай­тылғандай, 2024 жылға қарай мемлекет­тік қызметшілердің санын ұлттық ком­паниялардың қызметкерлерімен қоса ал­ғанда 25 пайызға қысқарту жоспар­лан­ған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттік қызметкерлер туралы сөз қоз­ғалғанда Президент Үкіметте министр не әкім ауысса ведомстводағы кадрлық құрам да өзгеретінін сынға алды.

«Көрсеткіштер есебінде мемлекеттік ор­гандардағы ауыспалылық толықтай алғанда 6-10 пайыз нормасы шегінде еке­нін көрсетті. Бірақ министр немесе әкім ауысқан кезде кадрлық құрамның да ай­тарлықтай өзгеретіні айқын. Басшы қыз­меткерлердің санына қатысты нормативтер жоқ. Меритократия принциптері де бар­лық уақытта сақтала бермейді. Әлі күн­ге дейін қамқорлық және таныс арқы­лы, ықпалды қамқоршының көмегімен қызмет сатысында ілгерілеу жайттары бар», – дей келе, Мемлекет басшысы мұндай жағдайларды қоғам талқысына шы­ғару қажетін баса айтты. – Бұған жол беру­ге болмайды. Мұндай жүйені қо­ғамдық пікір арқылы да сыни сарап­тамаға ұшырату қажет. Басқаша мүмкін емес. Өйткені ең бастысы – нәтиже. Қазақстан қарқынды дамып, алға қарай ілгерілеуі тиіс.

Бұған қоса, Президент ел басқару ісіне араласатын жастарға  «Ақпаратқа қол жет­кізу туралы» заңның нормаларын бас­шы­лыққа алуды ескертті.

«Өздеріңізге мәлім, мен сайлау барысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсындым. Ол бас­ты үш қағидаға негізделген. Біріншісі – ашықтық және жариялылық. Соның аясында мемлекеттік органдардағы жұмыс­тың ашықтығын қамтамасыз ету міндеті тұр. Біздің әрбір қадамымыз бен әрбір ше­шіміміз азаматтарға түсінікті болуы тиіс», – деген Мемлекет басшысы қоғам өкіл­дерінің биліктің іс-әрекетімен келіс­пеген жағдайда, пікірін еркін айтуға мүм­кіндігі болуы қажетін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Пре­зиденттік жастар кадр резерві жа­сақ­тау ісі ары қарай жалғасын табады.

«Бүгін мен еліміздің барлық жастарына үндеу жолдағым келеді. Жаңғыру про­це­сі менің ішкі саяси бағытымның негізгі басымдықтарының бірі саналады. Кадр резервін жасақтау жұмысы осымен бітіп қал­майды. Ол жалғасатын болады. Алдағы ке­зеңде ХХІ ғасырдың табысты мемлекетін құруға дайын кәсіпкерлерді, ғалымдарды, мәдениет қайраткерлерін, инноваторлар мен өзге де талантты жас адамдарды жан-жақты қолдайтын боламыз. Бізге түрлі салада жауапкершіліктен, стандарттан тыс әрі тиімді шешімдер қа­был­даудан қорықпайтын жаңа көзқарасты басқарушылардың командасы қажет. Дәл сондай адамдар еліміз қажет етіп отырған нәтижелерді беруге қабілетті», – деп Мемлекет басшысы жастарды жігерлі істерге ынталандырды.

Соңғы жаңалықтар