15 Қаңтар, 17:30 293 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Кәсіпкерлер электр энергиясының жоғары тарифіне жиі шағымданады – депутат

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Снежана Имашева Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдан үкіметтің электр энергиясының дифференциалды тарифін қайтару мәселесін қарауды сұрады.

zakon.kz сайтының мәліметінше, еліміздің аймақтарға барған сапарында кәсіпкерлер жоғары тарифке шағымданып, депутаттан дифференциалды тариф тәсілін қайтаруды сұрайтын көрінеді.

– Еліміздің бүкіл аймағында ірі энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өндіретін электр энергиясы тарифін мемлекет реттейді. Реттеуші орган компанияның электр энергиясын сатып алу және тасымалдауға жұмсайтын нақты шығынын есептей отырып, сатылымға шығатын бірыңғай тарифті белгілейді, содан кейін жеке тұлғаларға, яғни ел тұрғындарына, одан соң заңды тұлғаларға, яғни кәсіпкерлерге, бюджеттік ұйымдарға жеке тарифтер бекітеді. Оның үстіне, біріншісі төмен, екіншісі жоғарырақ болады, – дейді Снежана Имашева.

Дифференциалды тарифті қайтармас бұрын, Ұлттық экономика министрлігі белгілейтін ескі тариф схемасына көшкеніміз абзал екенін еске салды депутат.

– Яғни, тұтынушылар санаты арасындағы тариф біртіндеп теңестірілуі тиіс. Сонда бизнес үшін электр энергиясының бағасы төмендейді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы экономистерінің пікірінше, энергияның әділетті тарифі жергілікті экономиканың дамуына айырықша серпін берер еді. Бұл мәселені зерттеген сарапшылар мына оймен бір ауыздан келіседі: егер ірі және орта бизнес субсидияланса, қомақты қаражат бос қалады. Статистикаға сүйенсек, мысалы, мұндай жағдайда өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3 пайызға артады,– деп атап өтті депутат.

Қазіргі уақытта тек Алматы мен Алматы облысы және Ақтау қаласындағы барлық топқа тариф бірдей, бір киловатт үшін 19,71 теңге.

– Тұтынушылардың басқа санаты есебінен тарифті субсидиялау саясатынан бас тартып, бүкіл тұтынушы топ үшін әділ баға белгілеуіңізді сұраймын. Халықтың мұқтаж және әлеуметтік әлсіз топтары үшін тарифті мақсатты түрде төмендетудің тетіктерін әзірлеу қажет. Үкіметтің басты міндеті бағаны ауыздықтау ғана емес, халық кірісінің өсуін қамтамасыз ету де болуы керек, – деп түйді Имашева.

Соңғы жаңалықтар