15 Қаңтар, 16:43 446 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Қарыз алушылар 77 мыңға дейін өскен – «ҚазАгро» холдингі

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің қаржы институттары арқылы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі жыл сайын артуда.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр «ҚазАгро» холдингі агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне 477 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Оның ішінде ауыл шаруашлығын несиелеуге, ауыл шаруашылық техникасының лизингіне 448 миллиардтан астам теңге және бидай сатып алуға 29 миллиард теңгеге жуық қаражат бағытталған.

2018 жылы қаржыландыру көлемі 400 млрд теңге болған. Оның 385 млрд теңгесі несие мен лизингке, 15 млрд теңгесі бидай сатып алуға жұмсалғанын еске алайық.

«ҚазАгро» холдингінің несиелік портфелі 886 млрд теңгеге жетіп, қарыз алушылар саны 77 мыңға дейін өскен. Ұлттық холдингтің қаржылық қолдауының арқасында өткен жылы 37 мың ауыл тұрғаны жұмыспен қамтылып, жаңа жұмыс орындарына ие болды.

Былтыр жалпы құны 84 млрд теңгені құрайтын 56 инвестициялық жоба қаржыландырылды, соның ішінде 21 млрд теңгеге 24 жоба іске қосылып, 770 жұмыс орны құрылды.

Биыл 56 млрд теңгеге 31 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда, бұл дегеніміз, 3 мың жаңа жұмыс орны. Қаржыландыруға өтінім қабылдау жалғасуда.

Былтыр «ҚазАгро» холдингі сыртқы валюталық борышын толығымен өтеп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша пайдаға шығу мақсатында трансформация бағдарламасын қабылдаған болатын.

Соңғы жаңалықтар