Өмірзақ Айтбайұлы дүниеден озды

Өмірзақ Айтбайұлы дүниеден озды

Өмірзақ Айтбайұлы дүниеден озды
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі әрі Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті, профессор Өмірзақ Айтбаев өмірден өтті. Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында дүниеге келген. 1959 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ол тұста Киров атындағы ҚМИ) филология факультетін бітірген. 1971 жылы «М.Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. 1959-1962 жылдары Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің əдеби қызметкері, 1962-1974 жылдары Қазақ ССР ҒА Тіл Білімі институтына кіші ғылыми қызметкері, 1974-1981 жылдары аға ғылыми қызметкер, 1981-1989 жылдары «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. 1973 жылдан «Ғылыми терминологиялық орталықтың» директоры болып қызмет етсе, 1989 жылдан Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, кейін президенті болған. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары: қазақ терминологиясының практикалық мəселелері. «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген тұста Өмірзақ Айтбайұлының басшылығымен бірнеше ұжымдық кітаптар (Қазақ терминологиясының мəселелері. «Ғылым», Алматы, 1981; Термин жəне олардың аудармалары. «Ғылым», Алматы, 1990, 12 б.т.) баспадан жарық көрді. Академик Өмірзақ Айтбайұлы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы ретінде де (1981–1991 жж.) 550-ден астам ғылыми еңбектің, 21 кітап пен монографиялардың авторы. «Қазақ терминологиясының жасалу көздері» (1981-1984) жəне «Қазақ əдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-1991), «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-əдістемелік жəне практикалық мəселелері» (1997-1999), «Терминологиялық сөздіктер, əдістемелік құралдар жасау» ғылыми-методикалық жоба (2008-2013) деген күрделі ғылыми тақырыптарға жетекшілік жасады. Оның сондай-ақ, сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, белгілі «Жар сəлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» тағы да көптеген əні жұртшылыққа мəлім.