Өзгенің ойы «өзгеше»

Өзгенің ойы «өзгеше»

Өзгенің ойы «өзгеше»
ашық дереккөзі
Бір кезде қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиев «Заман-ай» деген поэмасында: Бірінші боп ұшып ек космосқа, Бірінші боп отырмыз басқадан да,– деп ашына жазған болатын, өткен ғасырдың 90-жылдарында халықтың рухани азғындауға түсіп, түрлі жаман әдеттерге бой ұрып кеткеніне орай. Әрине, «Әркімді заман сүй­ре­мек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» – деп ұлы Абай айтпақшы, қиын кезеңде не түрлі жағдайлар болатыны белгілі. Алайда ешкім аштан өліп, көштен қалып жатпаған мына заманда әлі де сол жаманатымыз шығып жататыны көңілге кірбің салады. Неге? Әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы, халқының саны жөнінен 70-орында тұрған қазақ этносы негізін қалаған мемлекетіміз соңғы жылдарда түрлі мәселе бойын­ша өткізілген әлемдік сарап­тамада жағымсыз жағынан алдыңғы қатарда көрініп жүргені – жанға батар жаңалықтардың фактісіне айналуда. Бұрын суицид пен бала сатудан көп елдің алдында тұрсақ, енді ажырасу мен арақ ішуден және аурудың кейбір түрлерінің көптігінен сол деңгейге көрініппіз. Ұлыбританияның The Economist басы­лымында жариялаған «Әлем статистикасының» соңғы сарап­тау­лары нәтижесінде Қазақстан әлемде ажырасу мәселесі бойынша 10-орынға табан тірепті. Яғни аталмыш басылым келтірген дерек бойынша, әр мың адамға шаққанда үйлену көрсеткіші – 9,7 (әлем бойынша 9-орын) болған Қазақстандағы ажырасу көрсеткіші – 2,7. Ажырасудан 5,3 көрсеткішімен АҚШ-тың Гуам аралы алдына қара салмаса, одан соңғы орындарды 4,7 көрсеткішімен Ресей, 4,1 көрсеткішімен Белоруссия иелейді. Қырғызстан бұл тізімде 48-орында тұр (мың адамға шаққандағы ажырсу көрсеткіші – 1,7). Ал халқы әлем тұрғындарының алтыдан бірін құрайтын Қытайдың ажырасу көрсеткіші – 1,8. ​2015 жылдың қаңтар айында Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегі бойынша, 2014 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында АХАТ органдары 147 мың 300 неке қию туралы акті жазбасын жасап, сондай уақытта 48,4 мың ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш берген. Бұл деректер 2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ажырасу 2,3 пайызға өскенін көрсетеді. Еліміздің тағы бір ақсайтын тұсы арақ-шарап мәселесі. Ақсағанда оны өндіруден емес, көп ішуден. Осыдан екі жыл бұрын тағы да сол Ұлыбританиялық IWSR ұйымы (халықаралық шарап пен спирттік ішімдіктер нарығын зерттеу ұйымы) 2013 жылы арақ ішу жөнінен Қазақстан бесінші орынға шыққаны туралы ақпарат таратқан еді. IWSR-дың көрсетуінше дүние жүзінде 2012 жылы 4 миллиард 440 мың литр арақ ішілсе, оның жартысын – ресейліктер сімірген көрінеді. Ал біздің елде арақтың жыл сайын жан басына шаққандағы көрсеткіші – 5,9 литр екен. Бұдан бөлек еліміз тұрғындары жан басына шаққанда жылына 31 литр сыра ішетіні анықталып отыр... 2014 жылы «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүргізген зерттеулеріне сәйкес, спирт ішімдіктерін тұтыну деңгейі жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің арасында 34-орынды иеленіп отыр. Еліміздің әрбір азаматы жылына орта есеппен шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе 11 литр арақ тұтынады екен. Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі арақты ең көп ішетін ел ретінде танылып отыр», – деп мәлімдеме жасады еліміздің қаржы министрі... Қазақстанда 2015 жылдың қаңта­ры мен мамыры аралығында 11 мил­лион 793,2 мың литр арақ, 185 миллион 354,7 мың литр сыра өндірілген. Ал мемлекетімізде 300 мыңнан астам мас­күнем есепте тұр... Алматы қалалық наркологиялық және әлеуметтік-экономикалық қайта қалпына келтіру орталығында шеберлік сабағын өткізуге келген ресейлік ғалым, медицина ғылы­мы­ның докторы В.Л. Козловский: «Ішімдік ішу жағынан Қазақстан мен Ресейдің көрсеткіші бірдей» депті. Айта берсек, жүрек-қан­­ тамырлары ауруларына шал­дық­қандардың саны жөнінен де көп­теген елдерден алда екенбіз. Деген­мен... P.S. Біз жоғарыда келтіріп отырған деректер шетелдік сараптама орталықтарының дәйектері. Сондықтан кейде көптеген мәліметтерге күмәнмен қарауға тура келеді. Ажырасу мәселесіне пәлен-түген деп қарсы дәлел айтуға бара алмағанымызбен өз еліміздің статистикалық есебі қолымызда жоқтығы себепті әзірше бұны басы ашық мәселе деп санай алмаспыз. Бірақ орыс халқы мен көбі мұсылмандыққа бет бұрған қазақтар ащы суды бірдей сіміреді дегенге келісу қиын. Өз көзімізбен көріп жүрген жағдайға жүгінсек – бүгінде көптеген тойлар ішімдіксіз өтіп жатқанын білеміз, сол сияқты қазіргі жастар бұрынғы әке, ағалары секілді арақ-шарапқа үйір емес. Демек отандастарымыздың «ішкіштігі» күмәнді ме? Күмәнді! Сондықтан еліміздің қоғамдық саяси өмірі жайындағы түрлі топшылауларға сене бермегеніміз жөн-ау!

 Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ