Аз қаржымен де көп іс тындыруға болады

Аз қаржымен де көп іс тындыруға болады

Аз қаржымен де  көп іс тындыруға болады
ашық дереккөзі
Елордада Нұр-Сұлтан қала­сы­ның 2019 жылдағы әлеу­меттік-экономикалық даму қо­рытындыларына арналған бас­пасөз конференциясы өтті. Шаһар басшысы бас қалада педагог саны аздық етіп отырғанын айтып, оның шешімін табу жолдары қа­лай жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ жекеменшік балабақшалар туралы сөз қозғады. – Маман тапшылығы мә­селесінің де бар екенін жасырмаймыз. Қазір елордамызда 17 мың педагог қызмет етеді, тағы 170 мұғалім жетіспейді. Ал педагогикалық маман­дықтар бойынша әкімдік грантына ие болған 300 студент 3-4 жылдан кейін қала мектептерінде еңбек етеді. Оған қоса, мемлекеттік тапсырыспен Педа­го­гикалық колледжде 800 бала оқиды, 90 пайыз түлегі өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көл­гінов. Қала әкімі Нұр-Сұлтан қала­сында 26 мың студент 32 колледжде бі­лім алып жатқанын тілге тиек етті. Шаһар басшысының сөзінше, бұл колледждердің 23-і жекеменшік. Бас-аяғы 76 мамандық бойынша мамандар дайындалуда. Әкім балабақшамен қамту ісіне тоқталды. «Мектепке дейінгі білім беру бойынша елордада 377 бала­бақ­шада 56 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Ол балабақшалардың 2/3-і – жеке­мен­шік. 3 жастан 6 жасқа дейінгі ба­ла­лардың қамтылуы қазір – 96 пайыз. Соның 42 пайызы жекеменшікпен серіктестік аясында жүзеге асырылуда. Балабақша кезегінде 42 мыңнан астам бала бар. Оның ішінде аса қа­жет деп мүдделілік танытып отырға­ны – 14,5 мың», – дейді Алтай Көлгінов. Жиын барысында 2021 жылдың соңына дейін 930 орындық 4 бірдей мектепке дейінгі білім беру нысанын іске қосу жоспарланғаны белгілі болды. «Мемлекеттік тапсырыстың нә­тижесінде қаржы үнемделіп отыр­ға­нын айта кету керек. 96 млрд теңгеге 80 балабақша салудың орнына осы тапсырыстар арқасында жылына 18,5 мың бала үшін 6,5 млрд теңге қаражат кетеді. Яғни, 90 млрд теңге қаржы үнемделеді», – деді елорда басшысы.