АССАЛАУМАҒАЛЕЙКҮМ,  ҮШ АРЫС!

АССАЛАУМАҒАЛЕЙКҮМ,  ҮШ АРЫС!

АССАЛАУМАҒАЛЕЙКҮМ,  ҮШ АРЫС!
ашық дереккөзі
Ілияс Жансүгіров. Сәкен Сейфуллин. Бейімбет Майлин. Олар – үшеу. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына елеулі үлес қосқан тегеурінді тума таланттар. «Таспиықтың үзілген тасындай» бір жылы (1894 ж.) туған бұл үш құрдас – бір жылы (1938 ж.) нақақтан-нақақ атылып кетерін білмеген де, сезбеген де болар?! Иә, олардың пешенесіне 44 жылдық ғұмыр жазылыпты. Туған халқымыз «үш арыс», «үш бәйтерек» деп мақтан тұтып, төбесіне көтерген болатын. Енді, міне, сол үш арыс араға сексен бір жыл салып, қазақ­тың бас қаласына тұғыр, егемен­дігіне еңселі ескерткіш болып келіп отыр. Бір заманда оларды совет үкіметі атып, есім-сойларын жермен-жек­сен қып, еңбектерін тарих санасы­нан өшірген-ді. Бірақ олардың ұлы рух­тары сөнбей, өшпей, биік мұратқа жет­кен туған халқының арман-тілегімен көктеп, еркіндік тұғырына жетті. Қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, өне­ріне төңкеріс тудырған үшеудің басы туған ұлысының тағдыры таразыға тартылған алай-дүлей кезеңде табысып, ұлы мұрат жолында қосылыпты. Біреуі – Жетісу даласынан бол­са, екіншісі – Сарыарқаның кін­дігінен. Ал үшіншісі –  Тобылдың жағасында өсіп-өнген. Ілиястың да, Сәкеннің де, Бейімбеттің де қаламына тән қасиет – елдің мұңы мен халықтың аянышты халі. Сәкен заманында оқ бойы озық тұрып, 25 жасында-ақ үкімет басқарады. Билік тізгінін ұстағанда есіл ер ұзақ уақыт «киргиз» ата­лып келген елдің тарихи атауын қай­тарып, арнайы қаулы шығартты. Міне, содан бері қаймана қазақ «Қазақ елі» аталады. Сол азамат үкімет басында отырғанда қазақ тілінің мәселесін көтеріп, кеңсе тіліне айналдырады. Бір жылдың ішінде ана тілінің мәртебесін көтеруге арналған бес көлемді мақала жазыпты. Ал Ілияс болса қазақтың этнографиясы мен ұлттық музыкасы, өнері мен мәдениеті туралы қаншама өзекті мәселелерді көтеріп, түйінін шешті. Әңгіме жанрының шебері Биағаңның сойылдай тілінен қазақтың жадағай тіршілігі, ауыр тұрмысы мен большевиктерден көрген қасіретін шынайы суреттеген публицистиканың ең озық үлгілері туды. Үш ердің шығармалары уақыт сынынан өткен, әлеуметтік маңызы зор, идеялық-көркемдік сапасы кемел мұраға айналды. Қалам қызметіне ер­те араласқан бұл үштіктің әдеби-публи­цистикалық мұрасы – ұлттық әдебиетіміз бен журналистикамыздың баға жетпес мәдени мирасы. Тәуелсіздік күні аясында салтанат­ты түрде шымылдығы түрілген ең­селі ескерткіш-композицияның таныстырылымында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов: «Ұлтымыздың тар жол, тайғақ кешкен жыл­дарын романының атауымен астар­лап жеткізіп, қазақ атауын құжат жүзінде қайтарған Сәкен Сейфуллин мұрасының біздің руханиятымызда алатын орны ерекше. Бүгінде қаламызда музейі жұмыс істейді. Енді, міне, ескерткіші ашылып отыр. Бейімбет Майлин өзінің жазушылығымен қатар, елді сауаттылыққа үндеп, алғашқы «Қазақ» газетіне, «Айқап» журна­лына және басқа да басылымдарға тұрақ­ты мәселелерді жазған журналис­тігімен де көп еңбек сіңірді. Драма­тургтығы бір төбе. Әңгімелері әлі күнге дейін өзектілігін жоймай, жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесінде пайдаланылып келеді. Ілияс Жансүгіров – қазақ фольклорын дамытқан тұлға. «Күйші», «Құлагер» поэмалары – тұнған тарих. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаладағы келелі ойлардың негізінде дүниеге келген бұл туындыны «көптің қуанышы» деп білемін. Бұл ескерткіш өткенге құрмет қана емес, тарихымызға қойылған бірегей белгі, болашаққа деген кәміл сенім. Азат елдің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының төрінде тағдыры да бір, өмірі де ұқсас ұлтымыздың Ұлы перзенттеріне арналған ескерткіштің тұруы – заңдылық. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге болады деген үміттемін», – деді. Шаһар бас­шысының айтуынша, қала мектептеріне үш арыстың есімдері берілмекші екен. «Қаламгер» аллеясында ашылған ескерткіштің таныстырылымына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, үш арыстың артында қалған ұрпақтары келіп, үлкен қуанышты бірге бөлісті. Ләззат Сейітжанова, Б.Майлин­нің немересі: – Бала кезімізден атамның бейнесі жүрегімізде сақталған.  Мына ескерткіштегі сол бейнесі, әсіресе шашы, маңғаз отырысы, мінезі, қарапайымдылығы шынайы шығыпты.  Сондай сабырлылықпен біздің өмірге қарап отырған күйі жасалған екен. Қала басшылығына алғысымызды айтамыз. Жанар Жандосова, І. Жансүгірұлының немересі: – Бір сөзбен айтқанда, ескерткіш-ком­позиция өте керемет шыққан. Үшеуі­нің де мінезі, бейнесі ашылған. Бір ғана әттеген-айы – біздің атамыз өмі­рінде мүлде көзілдірік тақпаған-ды. Ол кісінің сән ретінде бір рет тағып, фотоға түскен сол бір суреті қа­зір кеңінен тарап кеткендіктен, жұрт ол кісіні көзілдірікпен елестетін сияқ­ты. Осы ескерткіште де көзілді­рік­пен бейнеленген екен. Әйтпесе, ес­керт­кіш әдеби ойлы, мазмұнды дүние. Асылгүл Әбіш, С.Сейфуллиннің жиені: – Ұлы даланың дарынды ұлдарының ескерткіштері елордаға орнады деген сөз – өткенге құрметпен қарағанымыз. Сәнді де кербез ағалардың жаймашуақ отырғаны жастарға өнеге бо­ларына сенемін. Енді жыл сайын бұл кісілердің туған, қайтқан күнде­рінде осы жерге келіп жұбанамыз, ес­ке аламыз. Бұл – рух символы.   P.S. Ассалаумағалейкүм, үш арыс! Ерке Есілдің жағасына, Тәуелсіз қазақ ұлысының елордасына қош келдіңіздер! Жас өскінге айбат беріп, қайрат беріп тұра беріңіздер! Жылдар жылжыған сайын үшеу­дің үні дабылды, екпінді естілсе керек...

Елдос НҮСІПҰЛЫ