Долларға тәуелді болмаудың жолы көп

Долларға тәуелді болмаудың жолы көп

Долларға тәуелді болмаудың жолы көп
ашық дереккөзі
2015 жылдың соңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қаскелең қаласында орналасқан Сулейман Демирел атындағы университетке арнайы атбасын бұрып, студенттер мен оқытушы қауымның көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Ең әуелі, Алматы облысының саяси-әлеуметтік ахуалына тоқталған ол теңгеге деген сенімділікті арттыру және дедолларизация жасаудың амалдары отандық өндірісті дамыту дегенге маңыз берді.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ЕКІ УӘДЕСІ

Амандық Ғаббасұлы аталған оқу орнының студенттерімен осыдан тура бір жыл бұрын кездесу өткізіп, студенттерге екі бірдей уәде берген еді. Оның бірі – университет алдындағы жаяу жүргінші жолы адамдардың өміріне қауіп төндіріп, біраз жас адамның өмірден мезгілсіз озуына себеп болған еді. Сол себепті де, жастардың қауіпсіздігі үшін не жер астынан, не жер үстінен аспалы көпір салуды сұраған болатын. Екіншісі, қала аумағынан қашықта орналасқан СДУ студенттерінің басым көпшілігінің қаладан қатынауына күре жолдағы Алтын орда базарындағы кептелістің көп бөгет болатындығы жайында еді. Амандық Баталов бұл уәдесінің алғашқысын орындап, жаяу жүргіншілерге арнап, аспалы көпір салынып, әкім келерден бір күн бұрын пайдалануға берілді. Ал Алтын ордаға қатысты уәденің әзірге орындалмай тұрғандығы рас. Алматы қаласынан Қаскелеңдегі университетке қатынау үшін кептелістен алтын уақытын зая кетіріп жүрген студенттер мен ұстаздар бұл жолы да осы мәселені көлденеңдетті. Бұл тек аталған университеттің ғана түйіткілі емес, Қаскелеңнен қалаға қатынап жұмыс істейтін өзге де мыңдаған тұрғын үшін бас ауруына айналғалы қашан. Былтырдан бастап «Алтын орда» базары Алматы қаласының қарамағына өтті. Алайда қаланың жаңа әкімі жол үстіндегі базарды айналып өтетін жолды, я болмаса жол айрығын жасауды әзірге жоспарына енгізе қоймаған секілді. Әкімнің айтуынша, Алтын орда базары арқылы өтетін күре жол Алматы қаласына да, Алматы облысына да тиесілі емес. Ол Алматы-Бішкек күре жолын жалғап жатқандықтан, республикалық маңызға ие. Сол себепті де, қалалық және облыстық әкімшіліктің бұған құзыры жүре қоймайды екен. Дегенмен, бұл жолдың Алматы облысы мен қаласына қатысы бар болғандықтан, құзырлы органдармен сөйлесе жүріп, ақыры онда айналма жол салудың не аспалы көпір салудың алғашқы жобалау сатысына жеткендігін жеткізді әкім. Демек, алдағы бір-екі жылда бұл түйіткіл шешіліп қалатын секілді.

ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ КӨБЕЙТУ

Әкім мырзаға залдан қойылған сұрақтың бірі донор аймақ болып есептелінетін Алматы облысын да отандық өнімді көбейту және Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына жауап беру мақсатында қандай жұмыстар істелініп жатқандығы жайында болды. Амандық Баталов мырза Алматы облысында сүт зауыттарының да, мал басының да көбейіп келе жатқандығын айтты. Алайда бұл зауыттардың санитарлық нормалары ДСҰ талаптарына сай емес, ал оңай жолмен баюды мақсат еткен алыпсатарлар ет пен сүт өнімдерін өндірушілерден арзан бағаға алып, тұтынушыларға қымбат бағаға сатып пайда тауып жүргендері баршаға мәлім. Бірақ  бұдан былай асығы алшысынан түспейтін болады. Кез келген өндіріс ошағы ұйымдастырылған және ДСҰ талаптарына жауап беретіндей болуы тиіс. Сондай-ақ, әкім биылғы жылдың жаңалығы ретінде Көксу қант зауытының қайта іске қосылуын атады. Бүгінде қант зауыты шикізат ретінде аудандардан қант қызылшасын алады, ал зауыттың күнделікті қуаты 1,500 тонна қант өндіруге жоспарланған. Бұрын Қазақстанға ірі көлемде қант экспорттап келген Белоруссия үшін бұл жағымды жаңалық болмаған көрінеді. Олар Қазақстаннан қантқа деген сұраныстың күрт төмендегеніне алаңдап, біздің құзырлы органдарға телефон соғып та үлгерген. Қант кластерін дамытудың тағы бір ерекшелігі жергілікті орындарда жұмыс орындарының көптеп ашылуы. Бұған дейін сұраныссыз қалған қант қызылшасын қайтадан өсіру қолға алынып отыр. Бұл жеке фермерлердің жұмысын жандандырып, ауылшаруашылығы өнімдерін дамытуға ықпал ететін болады. Сөйтіп отандық өнімді дамытудың алғашқы қадамдары жасала бастағанын тілге тиек еткен Баталов долларға деген тәуелділіктен құтылудың бір жолы осы екендігін қадап айтты.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ