16 Желтоқсан, 10:25 569 0 Руханият Әсел ӘНУАРБЕК

Төрткүл дүниеге жеткен Тәуелсіздік үні

Тәуелсіздік – қазақтың азат­тыққа қол созған асқақ арманы мен мұқалмас күш-жігерінің же­місі. Сондықтан бұл күн – еліміз үшін ең қастерлі күн. Тек Қазақстан тұрғындары үшін ғана емес, шетелдегі қазақтар үшін де аса маңызды мереке. Еліміз үшін ерекше мереке жел­тоқсан айы басталғалы бері әлем­нің түкпір-түкпірінде тойлануда.

Мәскеудегі мерейлі күн

Ресей астанасында Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде тойланады. Мәскеу биыл да әдетінен танған жоқ. «Лотте Москва» қонақүйінде еліміздің егемендік тойы аталып, салтанатты қабылдау кеші ұйымдастырылды. Кешке Ресей президент іәкімшілігі, Үкіметтің және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан мемлекеттердің дипломатиялық корпус жетекшілері және халықаралық ұйымдар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, танымал қазақ-ресей жұлдыздары және қазақ диас­пора­сының өкілдері қатысты.

Дәстүрлі шараның шымылдығы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасма­ғам­бетов­тің құттықтау сөзімен ашылды. «Қа­зақстан жоспарланған экономикадан бә­секеге қабілетті нарықтық экономикаға көшу үрдісін сәтті өткізді және бұл жүйе­нің барлық тетіктері мен заңнамалық не­гіздерін құрастыра білді. Қазақстан – еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның ло­комотиві. Еліміздің қарқынды дамуы мем­лекетке өмірдің барлық салаларын одан әрі реформалауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Иманғали Нұрғалиұлы.

Салтанатты қабылдау барысында қонақтар қазақтың сары даласына ойша сапар шегуге мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндікті қонақтарға «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің артис­тері, қазақстандық суретшілер мен әйгілі мүсінші Марат Ғабдрахмановтың көрмесі сыйлады. Шара аясында жиналған көп­шілік қазақтың ұлттық тағамдарымен та­ныса алды.

Түркиядағы Тәуелсіздік тойы

Қазақстанның егемендігін ең алғаш мойындаған – Түркия Республикасы. Сондықтан бұл елде Қазақстан Тәуел­­сіздігінің ескерусіз қалуы мүмкін емес. Биыл Сакария қаласында Түркияда бі­лім алатын қазақстандық студенттердің ал­ғашқы басқосуы болды. Басқосу аясында Қазақстаннан келген өнерпаздардың концерті көпшілік назарына ұсынылды. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» оркестрі мен «Көркем» балалар би ан­­самблінің өнері елден жырақта жүрген тәлімгерлердің елге деген сағынышын басты.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жыл­дығына орай ұйымдастырыл­ған  концерттің беташар сөзінде Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы: «Қазақстанның тәуел­сіздігі мәңгі болсын. Тәуелсіздіктің баян­ды болуы үшін  жастардың аянбай еңбек етуі қажет», – деп атап өтті.

 Люксембургте алғаш рет тойланды

Биыл Тәуелсіздік мерекесі Люксембургте тұңғыш рет тойланды. Елі­міз­дің Люксембургтегі елшілігі мен Қазақ­стан­ның осы мемлекеттегі құрметті консулы ресми қабылдау ұйымдастырды. Ұлыг ерцоктік үкімет мүшелері, саясаткерлері мен кәсіпкерлері шарада қазақтың ән-күйі­мен сусындап, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Айта кетейік, биыл Қазақстан Люксембургпен саяси-экономикалық, мә­дени-гуманитарлық қатынастарды жаңа деңгейге көтерді. Қазақстан үшін Люксембургтің қаржы саласындағы, спутник пен ғарышты дамыту тәжірибесін игеру маңызды. Ұлы герцоктік кәсіпкер­лерін Қазақстандағы тұрақтылық пен ин­вестициялық мүмкіндіктер қызықты­рады. Биыл құрылған «Қазақстан-Люк­сем­бург» ынтымақтастығы қауымдастығы да екі елдің мәдени қатынасын күшейтуге ын­талы. Бай мәдени мұраны, ұлттық өнер­ді қазақстандық жастар кеште көпшілікке паш етті.

Люксембург жұртшылығы мерекеде ұлттық тағамдардан дәм татып, Қазақстанның көрікті жерлері бейнеленген көрмені тамашалады. Қазақстанның ту­ристік әлеуетін жарнамалау үшін елшілік пен құрметті консулдық келер жы­лы туризм форумын өткізуді көздеп отыр. Содан соң қос өкілдік Нұр-Сұлтан мен Люксембургке тікелей қатынайтын әуе рейсін ашуға күш салмақ.

Афинадағы айтулы мереке

Грек астанасы – Афинада Қазақ­стан­ның Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президент күніне орай дәстүрлі диплома­тия­лық қабылдау өтті. Қабылдауды Қазақ­станның сол елдегі елшілігі ұйымдастыр-ды.

Бұрынғы корольдік сарай, ал қазір Грекия парламенті ғимаратының жанындағы Grande Bretagne қонақүйінің тарихи ғимаратында өткен мерекелік шараға Грекияның саяси, академиялық және іскерлік топтарының жоғары өкіл­дері, белгілі қоғам және мәдениет қайрат­керлері қатысты. Қонақтардың арасында дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, журналистер, қазақ диаспорасының өкілдері де бар.

Салтанатты кешті ашқан Қазақ­станның елшісі Алексей Волков қонақтарды 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздік алған сәттен бастап респуб­ли­каның экономикалық және халықаралық жетістіктерімен, сондай-ақ республика­дағы соңғы саяси оқиғалармен таныстырды. Екіжақты қарым-қатынастар жөнінде айта келе, қазақстандық дипломат сенім­ділік пен өзара сыйластыққа негізделген Қазақстан мен Грекия арасындағы қарым-қатынастардың ерекше достық сипатын атап өтті.

Осы күнге дейін Қазақстанның ел болып бағындырған белестері ке­ле­шекке бастар берік іргетас болып қаланды. Бірқатар халықаралық ұйыммен ты­ғыз байланыс орнатып, әлемдік сахнада өзіндік ықпалы барын көрсетті. Қазір күллі әлем Қазақстанды бейбітшіл әрі бі­тімгер ел ретінде таниды. Ұлы мерекені бү­кіл ел болып тойлаймыз. Әлемнің түк­пір-түкпірінде қазақ үшін қасиетті күннің әлі де атаусыз қалмайтыны анық.

Соңғы жаңалықтар