Мұрат Бақтиярұлы: Қазақстанның даму бағыты әлемдік үдеріске сай

Мұрат Бақтиярұлы: Қазақстанның даму бағыты әлемдік үдеріске сай

Мұрат Бақтиярұлы: Қазақстанның даму бағыты әлемдік үдеріске сай
ашық дереккөзі
– Алаш туының астында азаттықтың ақ таңы атқалы да ширек ғасырдан астам уа­қыт өтті. Осы жылдар ішіндегі Қазақ­стан­ның дамуына қандай баға бере аласыз? – Тәуелсіздік алғанымызға биыл 28 жыл тол­ды. 28 жыл бір ғасырмен салыстырғанда ай­тар­лықтай уақыт болуы мүмкін. Ал енді бірнеше ға­сырлармен салыстырсақ, бұл – өте аз уақыт. Осыны ескере отырып, Қазақстанның бүгінгі даму жолын жоғары бағалауымыз заңдылық. Тарқатып айтар болсақ, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның таңдаған даму бағыты әлем­дік даму үдерісіне сәйкес келеді. Ал әлемдік даму үдерісі нарықтық экономикаға негізделетіні баршаға аян. Әлемде дамудың одан өзге жолы жоқ. Сұраныс, ұсыныс, бәсекелестік. Бұл үш ұғым міндетті түрде болуы тиіс. Әрбір адам­ның жұмыс істеуіне түрткі болатын да осы бәсе­ке­лестік екенін сіз де, біз де мойындаймыз. Сон­дықтан біздің таңдап алған экономикалық бағытымыз дұрыс деп есептеймін. Бірақ қателіксіз алға басу бол­май­тынын жадымыздан шығарма­ға­нымыз абзал. Біз де егемендікке қол жеткізген бастапқы кезеңдерде қателікке бой алдырдық. Мәселен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында балабақшалардан, әлеуметтік нысандардан, кейбір мектептерден айырылып қалдық. Кезінде «олар­дың қажеті жоқ, балаларды үйде тәр­биелеу керек» деген ұрандар тас­талды. 2000-жылдардың басында біз осының зардабын тарттық. Осы ретте, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының қолға алынуы да тегін емес еді. Кезінде айы­ры­лып қалған нысандарды қайта қал­пына келтіру үшін қайтадан мемлекеттен қаржы бөлдік. Сол ны­сандарды қайта салуымызға тура келді. Бұл біздің сол кезде жі­берген үлкен бір қателігіміз болды. Екінші, ауыл шаруашылығын жекешелендіріп жібердік. Біздің жағдайымызда оны басқаша сақтау керек пе еді?! Бізде колхоз, совхоз­дар жұмыс істеді. Ұжымдасқан коллективтер болды. Олардың жері де, техникасы да ортақ болатын. Ал біз оны бардық та, қираттық, жекешелендірдік. Соның нәтижесінде барымыздан ажырап қалдық. Енді оны қалпына келтіру жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілуде. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы саласын жоғары деңгейге көтердік деп айта алмаймыз. Оған өте көп уақыт керек, қомақты қаржы қажет. Біз бәрібір аграрлық мемлекет болып қаламыз. Қазақстанның аграрлық мемлекет болуына табиғатымыз­дың өзі, жеріміздің өзі сұранып тұр. Біз тек қана өзімізді емес, бүкіл әлем­ді ауыл шаруашылығы өнім­дерімен қамтамасыз етуге әлеуеті жететін мемлекеттердің біріміз. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін көптеген азық-түлік өнімдерін шет­тен тасып жүрміз. Бұл да ауыл шаруашылығы саласында жіберген бір кемшілігіміз. Ал саяси реформаларға тоқ­талатын болсақ, әрине, мемлекеттік басқару құрылымында, саяси партиялар мен институттар құрылы­мында реформалар жүрді. Ол реформалар кей кездерде оң нәти­же­сін де берді. Сондықтан экономика­лық және саяси реформаны қоса алған кезде біздің мемлекетіміз дұрыс бағытта келе жатыр. Бірақ оның кейбір жерлерінде кеткен кемшіліктерді жөндеп алуымыз керек. Мұның бәрін жөнге келтіруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетіл­ген нақты тапсырмалар мен міндеттер мүмкіндік береді. Жолдауда айтылған мәселелерді Үкімет, Парламент дұрыс орындайтын болса, мемлекеттің даму бағыты, даму жолы ары қарай дұрыс жалғасады деп есептеймін. – Егемен ел атанғалы Қазақ­стан­дағы заң шығару қызметі де жетілдірілді. Бұл процеске тікелей араласатын азамат ретінде еліміздегі заң шығару қыз­метінің қыр-сырымен бө­лісіңізші... – Еліміздегі заң шығару қызметі ті­келей Парламентке жүктелетінін бі­лесіздер. Ал бұл қызметті жүзеге асыруда Парламенттің екі палатасы да (Сенат және Мәжіліс) айтар­лықтай маңызға ие. Ең алдымен заң жобалары Мәжілісте жан-жақты талқыланады, содан кейін Сенатқа келіп түседі. Сенатта да ол заңдар бір айға дейін қаралады. Кеткен кемшіліктері болса, түзетулер енгізу қажет болса, Сенат түзету енгізеді, толықтырады. Сосын оны қай­тадан Мәжіліске қайтарады. Егер Мәжіліс енгізілген өзгертулер­мен, толықтырулармен келіспейтін болса, келісім комиссиясы құры­лады да, бір келісімге келіп, заң жо­басы Президентке қол қоюға жі­беріледі. Сенаттың тікелей заң шығару жұ­мысына келетін болсақ, мұнда қазір 6 комитет жұмыс істейді: Конституциялық заңнама, сот жүйе­сі және құқық қорғау органдары комитеті, Қаржы және бюджет комитеті, Халықаралық қатынас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіп­керлік тұрақты комитеті, Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитеті, Аграрлық мәселелер, та­биғатты пайдалану және ауыл­дық аумақтарды дамыту комитеті. Аталған 6 комитет өз бағыттары бойынша заң жобаларын әзірлейді. Мысалы, ауыл шаруашылығына қатысты заңдарды, заңнамалық, конституциялық негіздегі заң жобаларын, әлеуметтік-мәдени және ғылым саласына байланысты заңдарды, экономикалық және инновациялық заң жобаларын, халықаралық қатынастарға қатыс­ты заңдарды әр комитет өз бағыты бойынша негізге алып қарайды. Басқа комитет мүшелері бұл заң жобаларына өз пікірлерін білдіріп, араласуға құқылы. Содан кейін ол заң жобасы арнайы комиссияға беріліп, талқыланады. Ал депутаттар келіспейтін болса, пленарлық отырыста тағы да талқыға түседі. – Тәуелсіз Қазақстанның та­лай заң жобаларын қабыл­дауға атсалысқан депутаттардың бі­рісіз. Қандай заң жобаларымен тікелей жұмыс істедіңіз? – Ал енді өзімнің заңнамалық жұ­мыстарыма келсем, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде 6 жыл жұмыс істедім. Сол уақыт аралығында аграрлық кешендерге қатысты көптеген заң жобасына комитет мүшелерімен бірге атсалыстық. 2011 жылдан бастап ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты заңдарға бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Соның ішінде менің есімде қал­ғаны – «Кооперация туралы» заң. Осыған дейін бізде 4-5 кооперативтерге қатысты заң болған, солардың басын біріктіріп, бір «Кооперация туралы» заң жобасын әзірледік. Бұл заң қазір жақсылы-жа­манды жұмыс істеп жатыр. Заңның бағыты, негізі дұрыс. Бірақ оның орындалу механизмі жергілікті жерлерде өз деңгейінде болмай тұр. Сонымен қатар «Экология туралы» кодекске де толықтырулар мен өзгертулер енгіздік. Оның ішінде ауаны, қоршаған ортаны ластауға байланысты шаралар қатаңдатыл­д­ы. Су қауіпсіздігіне байланысты, суды үнемдеуге байланысты заң­дар­ға да өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізілді. Соңғы 2 жыл көлемінде Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінде еңбек етіп жатырмын. Бұл комитеттің қарауында да көп заңдар бар. «Денсаулық сақтау» кодексі, «Білім туралы» заң, зей­нетақы туралы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгіздік. «Атаулы әлеуметтік көмек туралы» заң жобасымен де жұмыс істедік. Парламент Сенатында бұл жобаға байланысты сан түрлі пікірлер мен көзқарастар айтылғанымен, құжат қабылданды. Бірақ бұл заң ұзақ жұмыс істейді деп айта алмаймын. Қазір заңға өзгертулер мен толық­тырулар енгізілуде. Атаулы әлеу­меттік көмектің жалпы механизмі өзгеріп жатыр. Одан кейін үлкен айтыс-тар­тыс­қа түсіп жатқан «Педагог мәр­тебесі туралы» заң Мәжілісте мақұл­данып, Сенатқа жіберілді. Біз оны қараймыз, талдаймыз. Бұл заңның педагогтер үшін жағымды жақтары мол. Бұған дейін біз бұл заң жобасы туралы Білім және ғылым министрімен талай рет кездесіп, тиісті хабарлама алғанбыз. Енді бұл заң Сенатта жан-жақты талқыланады. Содан кейін аталған құжат бекітіледі деп сенемін. Тағы бір заң – «Міндетті ме­дици­налық әлеуметтік сақтандыру туралы» құжат. Бұл заң қазір Сенатта қаралуда. 2020 жылдан бастап еліміздің медицина саласы жаңа жүйеге көшеді. Сол бойынша азаматтар тапқан табысының бір бө­лігін сақтандыру қорына жарна ретінде салып отыруы тиіс. Бұл заң қабылданады, бірақ жергілікті жерлерде, ауылдарда, аудандарда түсіндіру жұмыстары көбірек жүргізілуі тиіс. – Тәуелсіздікке қолы жетпей жүрген мемлекеттер қаншама. Қазақ халқы да бұл күнге оңай­лық­пен жеткен жоқ. Ащы термен келген тәтті жеңісті қанша­лық­ты дұрыс бағалай алып жүрміз? – Тәуелсіздік деген – киелі ұғым. 1-2 күндік мейраммен, қызық қуып, той тойлаумен Тәуелсіздіктің қадіріне жете алмайтынымыз бесе­неден белгілі. Елдің ішінде жүрген­де оның қадіріне жете алмауың мүмкін. Ал елден жыраққа кетсең Тәуелсіздіктің қадірін шын ұғасың, шын түсінесің. Мемлекеттің тұрақтылығы, Тәуел­сіздіктің баянды болуы тікелей сол елдің азаматтарына байланысты. Мәселен, әр қазақстандық­тың емделуге, балаларын оқытуға, үй алуға жететін қаржысы болса, өз-өзін асырай алатын орта дең­гейлі азаматтарымыз көп болса, сол мем­лекеттің тұрақтылығы да, Тәуелсіздігі де баянды болады деп білемін. Қазіргі мемлекеттің негізгі сая­сатының бірі – орта тап өкіл­де­рінің санын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту. Біздің елдегі шағын және орта бизнестің деңгейі 60 пайызға дейін жетуі керек. Бұл көрсеткішке жетті деген сөз – ха­лықтың сонша пайызы орта тап өкілі деген сөз. Ал орта тап өкіл­дерінің барлық жағынан мүмкіндігі мол б­олады. Біз сол деңгейге жетпейінше, Тәуелсіздіктің құнын то­лық бағалай алмаймыз. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан

Әсел ӘНУАРБЕК