5 Желтоқсан, 08:14 1007 0 Руханият Túrkistan Gazeti

ДЕГДАР

Ақпан, қазан революциясына дейін қалыптасқан қазақ интеллигенциясы қоғамның көшін мүлде жаңа арнаға бастаған ұлттың ру­хани қормалы, саяси көсемі ретінде танылды. Империяның өктемді­гі­нен, аяусыз езгісінен қабырғасын қайыстыр­ған елінің ащы тағдырына алаңдап, азаттық орнатуға, бейбіт күнді мамыражай заман құруға мүд­делі болды.

Сол азаттық деген ұлы аң­сар-мұратты жолда күндіз де, түнде де ұйқы көрмей, дамыл таппады. Әлеуе­тін сарқып, күш-жі­герін шы­ғарды. Жан-терін сы­ғып жүріп қыз­мет етті. Қа­раңғы жұртының на­мысын оятып, рухын асқақтатты. Сон­дай азат рухтың алдаспаны бол­ған жақ­сылардың бірегейі – Мұха­мед­­жан Тынышбайұлы. Алаш үкіметі төрағасының орынба­сары, Қоқан үкіметінің Премьер-ми­нистрі болған Түр­кістанның оғ­ланы, бүкіл түркі дүниесінің мақ­танышы. Мұха­мед­­жан туралы аз жазылған жоқ. Тұғырына шық­қан, есімі ел-жұртқа етене таныс тұлға.

Жер үшін болған тартыс

«Қазақ» газетінің 1917 жыл­дың 28 қа­зандағы №247 санында белгілі қайраткер Мұха­мед­жан Тыныш­байұлы­на «М.Ты­ныш­байұлы – ІІ Госдума ағзасы, ин­женер. Саясат ісі­не жетік, ха­лыққа таза жолмен қа­шаннан қыз­мет етіп жүрген ал­дыңғы қа­тарлы азамат. Мұха­мед­жан қа­зақта бір болса өзі, екі болса екін­шісі» деп жоғары баға берген екен. Ақиқатында, ол халыққа шын ние­тімен берілген, саналы ғұмырын ұлтына бағыштаған және жұмысы­ның алды, ең ерек­ше ісі – қазақтың жері үшін ба­сын қатерге тігуі еді.

Дегдар Мұхамеджан – қазақ­тан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері, көр­некті мемлекет және қоғам қай­рат­кері һәм Алаш ұлттық-тер­риториялық автономиясын құ­рған жетекші, үкімет төра­ға­сының орынбасары, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының идео­логы, Орталық саяси тұлға­сы болған, бостандық идеясын таратқан ер. Саясат сахнасына Мұхамеджанды толғағы жеткен, мәселесі көп қазақ ұлтының тау­қыметті өмірі, бұғаудағы тірші­лігі шығарған-ды. Ол саясат ісіне сонау студент кезінен-ақ араласып, шырғалаң жолға түскен. 1905 жылдың 19 қарашасында Петерборда автономияшылар ода­ғының І съезіне қатысып, жиын­да «Қазақтар және азаттық қоз­ғалысы» туралы баяндама жа­сап, Ресей патшалығының бо­дандығындағы халықтардың ауыр тұрмысын, аз ха­лыққа жасаған озбырлық саясатын әшкерелеп, батыл сынайды. Қазақ халқының тартқан қасіре­тін, мұң-мұқтажын шағым етіп, Министрлер кабинетіне жолда­ған. Бұл кезде ол небәрі 3-курс сту­денті болатын. 3-курс студенті бола жүріп, орыстың аты шық­қан демократ, революцио­нерлерінің аузын аштырып, таң­ғалдырған қазақ баласы де­монстрациялық толқуларға қа­ты­сып, үн қосқаны үшін оқудан шы­ғарылуы әбден мүмкін еді. Бі­рақ Император І Александр атын­дағы Жол қатынастары инс­титутының зиялы, адам тани бі­летін шын оқымыстылары сту­денттерін қорғап, оқуларын аман-есен бітірулеріне жағдай жа­саған. Сондай шын құрметке ие болған революционер сту­дент­­тің бірі әрі көшбасшысы – біз­дің Мұхамеджан. Кейіннен Мұхамеджанның өзі естелік жазбаларында мұны аса бір са­ғы­­нышты сезіммен еске алған екен.

Студент Тынышбайұлы пат­шалық биліктің жер қолданысы туралы жүргізіп отырған империалистік пиғылдағы «Уақытша Ереже» жобасынан өрескел қа­телік тауып, 125 және 129-бап­­­тарын қатты сынап, оған ғы­лыми тұрғыда өзінің уәжін айтқан. Мысалы, «... Біз қазақтар ерте заманнан бері жерімізді өз меншігіміз ретінде иеленіп келдік. Ал орыс билігін ешқандай да қан төгусіз, еркімізбен қабыл алғанда өзіміздің ең құнарлы же­рімізден айырылып, жаса­лын­ған зорлықтар мен қиянат­тар­ды үнсіз қабыл алған жоқ едік. Арамызға бейбіт өмір және тыныштық келеді, қауіп-қатер­ден қорғаныс табамыз деген ойда болдық; сондықтан да әді­лет­тікке сай қыстауларымыз, егіс­тіктеріміз және шабын­дық­та­рымыз келімсектерге берілетін аудандардың құрамына мүлде кірмеуін талап етеміз» деп қазақ даласындағы жер үлесін, қара­шекпенділерге кеткен мыңдаған десятина жерлерді нақты дерекпен жазып, талап хатын ұйым­дас­тырған. Қазақ хандығы Ресей патшалығымен жасасқан келі­сім­шартында жер беру туралы жазылмағанын айтып, патша­лық билік өз келісіміне өзі қар­сы жұмыс істеп отырғанын сы­на­ған. 6 миллион қазақтың құ­қы­ғын қорғаған азамат Ішкі істер министрі мен Қоныс аударушылар министрінің қабыл­дауын­­да болып, мәселені шешуге тырысқан-ды. Ресми қабыл­даудан соң, «Уақытша Ережедегі» жергілікті генерал-губернаторға сенімсіз көрінген қазақтарды  соттау, жер аударту туралы 17- бап, әскери губернатордың басқармасына халық сайлаған кісіні емес, билік өзі таңдап ал­ған кісіні қою туралы 70-бап­тың күшін жоюға себепкер болған.

Мұхамеджан Тынышбайұлы 1907 жылы 28 жасында-ақ Ресей Мемлекеттік думасына депутат ре­тінде сайланды. Мандат бойын­ша 20 ақпаннан бас­тап
ІІ Мемлекеттік думадағы өз жұмысын бастаған (Қазақ хал­қы­нан шыққан азаматтарға 1905 жылдың 6 тамызындағы ма­нифест бойынша Мемлекеттік думаға депутат ретінде сайлану құқы берілген. Бұл жерде 1905 жылғы «Қарқаралы құзыр­ха­ты» құжатының үлесі де бар). ІІ Думаға Орал облысынан заң­гер Бақытжан Қаратайұлы, Сырдария облысынан Тілеулі Алда­бер­генов, Астраханнан Бақты­керей Құлман, Семейден Темір­ғали Нұрекенов сайланған.
Думада депутат болған М.Ты­ныш­байұлы әр мәжіліс сайын Столыпин реформасын сынап, қа­зақтың жері туралы мәселе көтеріп отырған. Ресейдің Мемлекеттік архиві қорында Мемлекеттік думаның (1905-1916 ж) құжаттары түгел сақталған. Пле­нар­лық отырыстар, сессия­да­ғы қаулылар, шығарған нормативтік заң жобалары бәрі-бәрі сол қалпында қаттаулы тұр. 1907 жылдың 24 сәуіріндегі оты­рыста депутат Мұхамеджан Ты­нышбайұлы үкімет басшысы Столыпиннің атына сауал жол­даған. Сауалында «Қазақ­тар­дың жер мәселесі – сөзсіз аса маңыз­ды. Үкіметтің нені көздеп отыр­ғаны түсінікті: біріншіден, қа­зақ­тарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды қау­қарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, оларды өздерінің қаны сіңген атамекенінен айырып, сусыз шөлге ысырып, өлім құшағына айдауды көздейтін қанқұйлы, зымиян саясат» деп өткір мәселені көтеріп, жер тең­дігі үшін күрескен. Осы құжатта М.Тынышбайұлының ұлттық болмысы мен бітімі, мінезі анық көрініп тұр. Ұлт үшін, жер үшін күрес деген осындай-ақ болар! Ұлтшыл азаматтың қанына сің­ген қасиет – осы. Бұл қасиетті бүгінгі шенеуніктерден, әкім­қара­лардан көре аламыз ба?

Жер үшін тайталас тудырған депутат Тынышбайұлы 1906 жы­лы институтты ерекше үлге­ріммен аяқтап, Петерборда тұ­рақ­тайды. Орыстың саяси интеллигенциясымен жақын араласып, сол қаладағы қазақ оқы­ған­дарымен бас қосып, азаттық турасында ой алысқан. Анығын­да, бұл азаматтарды өскен, қа­лыптасқан ортасы тәрбиеледі. Петерборда 1887-1888 жылдары құрылған қазақ жастарының «Жерлестер» ұйымы тек бір-біріне қамқор болған мейірбандық топ қана емес, саясат мәселесі қызу талқыланған дискуссия ор­тасы болған-ды. Осы ұйым арқылы танысып, табысқан қа­зақ балалары бірін-бірі қолдап, сүйеп, демеп отырды әрі саясат жолында, елдік мүдде бағытында тәрбиелеп, ақыл-кеңес айтқан. Шеттерінен алғыр, шеттерінен ұлтшыл болғандарының себебі де сол. Думаға сайланған кез кел­ген қазақ депутаты Мұсыл­ман­дар фракциясы арқылы үнемі аз ұлттардың сөзін сөйлеп, алым-салықты азайту, жер мәсе­лесін шешу туралы көтеріп, шу шығарып отырған. Қазақ депу­тат­тарының ұлттық мүдде тұр­ғысынан батыл мәселе кө­теруі­нен сескенген билік 1907 жыл­дың 3 маусымдағы жарлық бойынша қазақтан депутат сайлау құқығын алып тастады. Осы жарлықтан соң, орталық билік тарапынан ұлтшылдықпен кү­рес, ұлтшылдарды жер аударту, саяси бодандық пен езгі басталды да кетті...

Шежіре жазған инженер

Мұхамеджан Тынышбайұлы қазақтан шыққан тек тұңғыш инженер, депутат қана емес, ұлт тарихын жетік білген тарихшы ғалым болған. Мұхамеджан жаз­ған тарихи зерттеулердің басты ерекшелігі – шынайылығында және Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Құрбан­ғали Халиди сынды өзіне дейінгі дала жұлдыздарының жазбаларын дереккөз ретінде пайдаланып жазуы. «Қазақ» сөзінің этнонимі туралы тұшымды ой-тұжырым айтқан, төрелер инс­титутының түп тамырын жіліктеген, алты Алаштың аталық та­бын, жүздік, рулық бөлінісін қан жағынан, жер жағынан жазып кеткен могикан.

Совет үкіметі орнаған соң, қай­раткер Тынышбайұлы басқа да алаш саясаткерлері сынды оқу-ағарту ісімен айналысқан. 1923 жылы Ташкенттегі Халық ағарту институтына оқытушы болып, студенттерге алгебра, геогра­фия, физика, тарих пәнінен дәріс оқыпты. Ұстаздық қызме­тін­де жүргенінде тарих саласына ерекше ықыласпен ден қойып, келешек қамы үшін кітап жазуды ниет еткен. Күні бүгін біз­дер қайта-қайта оқып, басшы­лық­қа жиі алатын «Материалы к истории киргиз-казахского народа», «Киргиз-казахи в XVII и XVIII веках», «Ақтабан шұбы­рын­ды» сияқты еңбектерін жазып, қазақ тарихы, ұлттық генеология саласының ауқымын кеңейтті.

Қазақ хандығының құрылуы туралы жазылған мағыналы еңбек болып саналатын «Материалы к истории киргиз-казахского народа» зерттеуінде ғалым қазақтардың генеологиясынан бөлек, туу, дамуы және Қазақ хандығының қалай құрылған­дығы, 1917 жылғы халық сана­ғы­ның көрсеткіші дерек, пайыммен берілген. Ең алғаш рет қа­зақ­тардың шетелдерге босуы, қы­тайдағы қандастар туралы қалам тартқан. «Қазақ» газетіне жарияланған Пішпек, Жаркент, Алматы, Пржевальск, Түркістан уездерінен 40 мың 250 түтін босқанын, оның 95 200-нің қаза тапқанын санамалап, сенімді статистикалық мәліметпен жазғаны бар. Тұлғатану үшін аса зор маңызға ие «Мырза Едіге батыр. Ертедегі Едіге мен та­рихтағы Едіге», «Абылай», «Шың­ғыс хан һәм оның патшалығы», «Түріктің ескі тарихы», «Жошы ұлысы», «Жетісу қазақтары» туралы еңбектерін оқырманға ұсынды. Әрбір рудан шыққан атақты батыр, қолбасшылар мен билер туралы тарихи очерк жа­зып, оларға саяси тұрғыдан үл­кен баға берген.

Қазақ халқының арғы-бергі тарихы туралы қалам тартып, шежіре түзіп, ұлтының тарихи са­насын қалыптастыруға бар күш-жігерін салды. Ғалымның «Түрксіб жағырапиясы» деген қазақ даласының аймақтарының ескі атаулары, географиялық, гео­логиялық және геоморфоло­гия­лық сипаттары, климаттық жағдайы және жерді қалай пайдалану керек, жол қатынасын қа­лай салу керектігі туралы жаз­ған еңбегін 1937 жылғы НКВД-ның тіміскілері тәркілеп, жоқ қылды. Зор өкініш!

Түркістан мен Сібірді бір-бірі­не жалғаған, «айшылық алыс жерлерді» жақындатқан ер – отарбаның доңғалағындай екпінді айналып, от шаша жанған қызыл жалынға оранып, атылды да кетті... Ол – дегдар, ақсүйек бек­зат еді. Биыл, біртуар тұлға­ның 140 жылдық мерейтойы еді, атаусыз қалды.

Елдос НҮСІПҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар