«Самұрық-Қазына» Жастар жылын қорытындылады

«Самұрық-Қазына» Жастар жылын қорытындылады

«Самұрық-Қазына» Жастар жылын қорытындылады
ашық дереккөзі

Жастар жылы аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобында жүзеге асырылған жобалар қорытындыланды. Елордада алғаш рет Қор қызметкерлеріне арналған жастар съезі өтті. Шараға еліміздің барлық аймағынан келген 300-ден астам жас маман қатысты.

Жалпы, Жастар жылы тұрғысында, 2019 жылы Қор мен оның  қоржындық компанияларында жастарды қолдауға және дамытуға бағытталған «Жас Самұрық (Jas Samuryq)» жобасы іске асырылуда.

Атап өтерлік жайт, ірі жұмыс беруші саналатын «Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы кәсіпорындарда 300 мыңнан астам адам еңбек етсе, оның 90 мыңнан астамы 35 жасқа дейінгі мамандардан тұрады.

Биыл «Jas Samuryq» жобасы аясында 400-ге жуық шара өтті. Мәселен өндіріс мамандарын қолдау мақсатында рекреациялық бағдарлама ұйымдастырылып, ағылшын тілі оқытылды. Курстан 2500 жас маман өтті. Өндіріс мамандықтарына ынталандыру және насихаттау аясында өндіріс кәсіптері арасында «Үздік маман» байқауы ұйымдастырылды. IT саласы бойынша тың идеяларды тарту үшін «Цифрлық жаз» бағдарламасы іске қосылып, қазақстандық жоғары оқу орындарының 11 үздік түлегі Қор компанияларында жұмыспен қамтылды.  Өз кезегінде, болашақ басқарушыларды даярлауға арналған «Жас өркен» тәлімгерлік жобасы Қордың қоржындық компанияларына 16 жас маманды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, еңбеккерлер арасында жастар еріктілер клубтары мен қозғалысы ұйымдастырылуда. Компанияларда Донор күні, сенбіліктер, Қарттар үйіне көмек сияқты шаларар қолға алынды. Қызметкерлер арасында айналаны жасыл желекке көмкеру челленджі бастау алып, Қор компаниялары бар өңірлерде 9700-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.

Шара барысында Жастар жылы қорытындыланып, жыл бойы Қор шараларына жан-жақты атсалысқан белсенді жастар бас қосты және де жеке тұлғаның дамуы мен корпоративтік еріктілер қозғалысы сияқты екі негізгі тақырып талқыға салынды.

«Бүгінде «Самұрық-Қазына» компаниялары жас мамандардың дамуына көп күш салуда. Тиісті бағдарламаларда жас қызметкерлердің кәсіби дағдысы ұшталуда. Осы қазір жолсеріктер мен пошташылар, металлургтер мен бұрғышылар және зертханашылар сынды саналуан мамандықтар иесі арамызда отыр. Мұндай кәсіби санқырлы сипатта әр қызметкердің өз көздегенін іске асыра алғаны, нағыз майталман маманға айналғаны қажет», - деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ цифрландыру және ақпараттық технология жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев.

Еске салар болсақ, 2018 жылы, білікті кадрларды, әсіресе дарынды жастар шоғырын табу мен іріктеу үдерісінің тиімділігін көтеру мақсат етілген Қордың жаңа кадрлық саясаты қабылданды. Осылайша қызметкерлерді арнайы байқау арқылы іріктеудің біртұтас тәсілі енгізіліп, Қор компанияларының тобы бойынша Samruk Qyzmet сайты іске қосылды. Кадр саясатындағы жаңа бастамалар, Қорға, жақын келешекте Орталық Азияда нөмір 1 жұмыс беруші болуға және ТМД кеңістігінде топ-30 қатарына енуге жол ашпақ.