Мархабат Байғұттың әңгімелер жинағы түрік тілінде жарық көрді

Мархабат Байғұттың әңгімелер жинағы түрік тілінде жарық көрді

Мархабат Байғұттың әңгімелер жинағы түрік тілінде жарық көрді
ашық дереккөзі
Ағымдағы жылдың 23 желтоқсан күні Түркияның астанасы Анкарада – Қазақстан Республикасының елшілігінде көрнекті қаламгер Мархабат Байғұттың түрік тілінде жарық көрген “Дауыстың түсі” атты әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Жазушының оқырмандарға белгілі шығармалары жинақталған кітапты Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қаржыландырып, Еуразия Жазушылар одағының “Бенгу” баспасында басылып шықты. Жинақты аударған ғылым докторы Эльмира Қалжанова, баспаға дайындап, ұсынған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев. Тұсаукесерге Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Еуразия Жазушылар одағы, Түркі дүниесі өнерпаздары және қаламгерлері қауымдастығы, Әлем жазушылары және зиялылары қауымдастығы, Түркі дүниесі сәулетшілері және құрылысшылар қауымдастығы сынды шығармашылық орталықтарының мүшелері, Түркияның зиялы қауым өкілдері мен журналистері қатысты. 7 (1) Айтулы мәдени шараны Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев ашып, еліміздің ғасырлар қойнауындағы тарихи қалаларындағы өркениеттен сөз қозғай келіп, қазіргі Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси, сауда және экономикалық қарым-қатынастарға қаншалықты мән берілсе, мәдениет пен өнер саласына соншалықты көңіл бөліп отырғандығын жеткізді. “Биылғы жылы елшілік тарапынан қазақ әдебиеті мен мәдениетін түрік жұртшылығына таныстыру мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбайдың 200 жылдығына орай Анкара қаласында “Сүйінбай Аронұлы” атындағы саябақ ашылды, “Сүйінбай Аронұлы” атты түрік тілінде кітап жарық көрді. Сондай-ақ Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мұқатаевтың, Темірхан Медетпектің, Смағұл Елубайдың да шығармалары аударылып, түрік оқырмандарына ұсынылды. Көрнекті қаламгер Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай әрі Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап, Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” роман-трилогиясын түрік тілінде сөйлеттік. Міне, сол игі істердің жалғасы ретінде бүгін қазақтың белгілі қаламгері, Оңтүстік Қазақстан өңірінің талантты тумасы Мархабат Байғұттың “Дауыстың түсі” атты кітабының тұсауын кесіп отырмыз. Қазақ әдебиетін Түркияда насихаттап, осындай ірі туындылардың жарық көруіне дәнекер болып жүрген Мәлік Отарбаевқа, кітапты аударған Эльмира Қалжановаға шын жүректен алғыс айтамын,” – деді елші. 12391923_1051567211540919_8409709161200041192_n Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ кезінде Қазақстанда болғанын, жергілікті ұлттың мәдениетімен танысқанын, түркі әлемінде Мархабат Байғұт сынды қаламгерлердің көп емес екендігін, сондықтан да мұндай талант иелерін ылайым қадірлеп, қастерлеу керектігін айтып, кітаптың жарыққа шығуына тікелей қолдау білдірген елші Жансейіт Түймебаевқа ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мәдениет және өнер қайраткерлері атынан шексіз ризашылығын жеткізді. Түркияда қазақ әдебиетін зерттеп жүрген ғалымдар да бар. Солардың бірі Гази университетінің ғылым докторы Жәмиля Кынаджы қазақ романдары мен әңгімелерін арнайы зерттегеніне біраз жылдың жүзі болды. Ол жазушының “Дауыстың түсі” атты кітабындағы әңгімелерге шолу жасап, оның шығармаларының ерекшеліктері туралы баян­дап берді. Жазушы көп те, шын суреткер аз. Мархабат Байғұт сол суреткердің бірегейі. Кез келген журналис­тен жазушы шығуы екіталай. Мархабат Байғұттың бойында осы екі қасиет те бар. Олай дейтініміз пуб­лицистикалары да әңгіме тақілеттес болып келеді. Ол екі дәуірдің жазушысы. Социалистік қоғам мен Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық қатынасқа қалыптаса бастаған адамдардың тағдырын жан дүниелерінің құбылыстарымен тамаша жеткізе білген. Қазақ оқырмандарына кеңінен танымал Мархабат Байғұттың әңгімелері мен повестері түрік оқырмандарының көңілінен шығары анық. Сондықтан да Мархабат Байғұт – біз үшін әрі бүкіл түркі халықтары үшін рухани байлық. Қазір Қазақстан елшілігі әлемнің көптеген елдерінде бар. Алайда солардың бәрі тікелей міндеттері болмағандықтан ақын-жазушыларымыздың шығармаларын өздері қызмет етіп жатқан елдердің тіліне аударуға көңіл бөле бермейді. Осы орайда елші Жансейіт Түймебаевтың ұлт қаламгерлеріне деген қамқорлық бастамасын үлгі тұтсақ асылық болмас. Жиынның соңында елші Жансейіт Түймебаев баян­дамашылар мен шығарма­шы­лық орталықтарының басшыларын Алғыс хатпен марапаттады. P.S.  Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев Алматыға арнайы келіп, «Анкара» қонақүйінде ақын-жазушылармен, ақпарат құралдарының бас редакторларымен бейресми кездесу өткізді. Ол Түркияның озық ауылшаруашылығы мен өндіріс саласындағы жетістіктерін үлгі тұта отырып, мәдени-әлеуметтік байланыстарға да кеңінен тоқталды. Елшілік тарапынан жарық көрген әдеби шығармалардың тұсаукесер рәсімін жасап, бұл игі шараның алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтты. Қаламгерлер – Ғаббас Қабышев, Смағұл Елубаев, Рафаэль Ниязбек, Мархабат Байғұт, Берік Шаханов, Мамытбек Қалдыбай, Әділғазы Қайырбеков елші Жансейіт Түймебаевтың осы игілікті ісі басқа да елшілерге үлгі болса дей келіп, елдегі бүкіл шығармашылық ұжымдардың атынан алғыстарын білдірді.

 Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Алматы – Стамбұл – Анкара − Алматы

[caption id="attachment_9005" align="alignnone" width="1920"]maxresdefault Мархабат Байғұт, жазушы[/caption]

М.БАЙҒҰТТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ХАҚЫНДА

Түркия мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастардың дамуына қарай мәдениет және әдебиет саласындағы байланыс күн өткен сайын нығайып келеді. Мәдени байланыстың аясында әдебиеттің орны ерекше екенін атап өту керек. Туыс әрі бауырлас екі халықтың әдебиетін байланыстыру, екі елдің қаламгерлері арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жиындар мен басқосулар, өзара кітаптардың аударылып шығару ісі әдеби байланысты одан әрі күшейтетіні белгілі. Әсіресе, соңғы кездерде түрік әдебиеті өкілдерінің қазақ тіліне, қазақ қаламгерлерінің түрік тіліне аударылып, шығармалардың жарық көруі – екі туысқан халық үшін үлкен жетістік. Осы тұста көптеген игі бастамаларды көтеріп, қолдау білдіріп жүрген Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаевқа шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар Түркия тарапынан осы әдеби жобалардың жүзеге асуына атсалысып отырған «Бенгу» баспасының директоры Якуб Омароғлыға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі басқосудың басты себебі – қазақтың белгілі қаламгері, талантты жазушысы Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі» деп аталатын кітабының түрік тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері. Мархабат Байғұт өте сезімтал жазушы. Қазақ қоғамындағы нәзік мәселелерді аңғара білетін және соны көркем тілмен жүрекке жеткізе алатын талантты қаламгер. Ұлттық рухтың оянуы, ұлттық салт-дәстүрдің ұмытылмауы сынды қоғам үшін аса қажетті тақырыптарды көріп жүретін жазушы өзінің көпшіл әрі қоғамшыл мінезімен де ерекшеленеді. Осы орайда журналистика саласында жинақтаған тәжірибесінің ықпалы байқалады. Сондықтан жазушының барлық әңгімелері қоғамдық тақырыптарды қамтып отырады. Қай бір әңгімесін оқып қарасаңыз қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі туралы әңгіме өрбітеді. «Атына заты сай» дегендей, әңгімелердің барлығы түрлі-түсті, яғни әртүрлі мәселелерді көтереді. «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағында Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарын, тәуелсіздікке өткен өтпелі кезеңді, сол кезең ішіндегі аласапыранды түрлі оқиғалар мен сюжеттер арқылы шебер суреттеген. Мәселен, «Жалбыздының жағасында» атты әңгімеде еңбекқор әрі жанкешті Орынкүл Жаңасбаеваның есте қалатын образымен танысып отырмыз. «Бір дорба диплом» атты әңгімеде ағылшын тілін меңгеріп, ешкімді менсінбейтін санаға қарсы өзінің құндылықтарына оралудың маңыздылығын аңғарып отырмыз. Өзге тіл мен мәдениетке қалай қызығатын болсақ, солайша өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға да қызығушылық білдіру қажеттілігі айтылған. Орхон-Енисей жазбаларына мән берген қазақ жастарының осыған орай шара ұйымдастырғысы келгендігін көреміз. «Киікоты» – ауыл сағынышының әңгімесі. Ауылдан алыстап кеткен қалалық тұрғынның трагедиясы. Киікоты – сағыныштың символы. Ауылдан келген киікоты – ауруға ем, дертке дәру. Физиологиялық әрі психологиялық ауруларды емдейтін, қуаныш пен шаттық сыйлайтын шөп. Тау мен қырда өсетін шөптердің жұпар иісі ауыл өмірін еріксіз сағындыратыны рас. Ал сол шөптің емдік қасиеті әңгіменің кейіпкеріне қалай әсер ететіндігін сезінудің өзі бір ғанибет. Мархабат Байғұт – құндылыққа мән беретін жазушы. Оның әрбір әңгімесінің астарында үлкен мән жатады. Сондықтан барлық әңгімелері халыққа арналып жазылған. «Мәшине мәселесі» – дүниеге мән беріп, рухани құндылығынан алыстаған адамзаттың әңгімесі. Кеңестік кезеңді, адамдық құндылықтарынан ажыраған қоғамды сынның садағына алатын жазушы қоғамның ішінде белең алып отырған өміршең мәселені қозғайды. «Шел» – көркем мінезді арқау еткен әңгіме. Атақ-мансап, қаржы-қаражат, даңқ-дәрежеге жеткен сайын материалдық ашқарақтық, обырлық адамның көзіне шел бола бастаған сайын рухани құндылықтар ұмытылады, артынан мінез өзгереді де бұзылады, сөйтіп адамдық қасиеттен ештеме қалмайды. Әңгіменің қозғайтын мәселесі осы. Келінінің әдепсіздігіне шыдай алмаған қария Тәнтейдің образы естен кетпейді. Тәнтей мен оның баласы Меліс Төленшиев арасындағы терістікті байқауға болады. Жұмысына, мансабына өлердей мән берудің кесірінен жұбайының әдепсіз әрекетіне селқостық танытқан Тәнтейдің баласы Меліс Төленшиевтің қасиеттен соншалықты алыстап кеткендігіне куә боласыз. Жазушы Мархабат Байғұт көркем тілге өте мұқият. Тілдің қасиетін сақтайтын, тілдік ережені шебер пайдалана алатын талантты қаламгер. Әңгімелерінде орын алған кейбір сөз бен тіркестер нәзік қолданылғандығы байқалады. Солардың ішінен «Қозапая» деп аталатын әңгімесі ерекше. «Қозапая» дегеніміз мақтаның сабы, бұтағы. Осы бір атаудың өзінен әңгіме етіп шығару шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Сол сияқты «Сүмбіленің суы» атты әңгімесінде тілге қатысты сын бар. Сатиралық сарынмен баяндалған әңгімеде онсыз да орыс тілінде сөйлеп жүрген қоғамның енді ағылшын тілінде сөйлей бастағаны туралы сөз етеді. Шынтуайтында, жазушы әрбір әңгімесінде кейде ашық, кейде астарлап тіл мәселесін қозғап отырады. Ана тілде сөйлеуге, ана тілде жазуға үндейді. «Ақсақ кемпір» атты әңгімесінде жазушы ана тілінде сөйлемейтін шен-шекпенділерді сынайды. Халықты тыңдамай, қоршаған ортаның, қоғамның ластануына мән бермей келген жоғары мәртебелі шенділерді сатираның тіліменен сынға алады. «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағы – қазақтың қоғамдық өмірін, тәуелсіздіктен бұрынғы және кейінгі кезеңді анық көрсететін, осы өтпелі жылдардағы аласапыранды толық сезіндіретін, шебер жазылған кітап. Жазушы Мархабат Байғұт қазақтың басынан өткен осы бір қиын кезеңді оқырманның сана-сезіміне асқан шеберлігімен, сатиралық сарынымен және талантты суреткерлігімен жеткізе алған. Әңгімелердің кейіпкерлері тек қазақтар ғана емес. Қазақстанда этникалық топтар көп болғандықтан, өзге ұлт өкілдері де әңгімеге арқау болған. «Гамбургтағы қазақтар» – Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін қазақ жеріне келген немістер туралы әңгіме. Әр ұлттың өзіндік мінезі бар. Салты басқа. Немістің тәртібі қалайша бізге үлгі болса, сол сияқты қазақтар үшін де өзгермеген қағида. Немістің қолы тиген жердің бейнесі өзгере қалатындай, дүние құлпыра салатындай. Ганс пен Килданың екпіні болмай, Эра ақыр-аяғы өмірмен қоштасады. Жазушы «Крест» атты әңгімесінде қазақ Бісмілләнің асырап алған Андрей баласын жоғалтып алғаннан кейін тартқан бейнеті мен бойындағы адамдық қасиеті дін мен ұлттан әлдеқайда биік тұратындығын мысалға келтірген. «Жоғалған Жұрнақ» атты әңгіме қазақ үшін қасіретті болған Желтоқсан оқиғасын арқау етеді. Шамамен отыз жыл бұрын болған оқиға туралы өрбиді. Өткен өмірдің оқиғаларынан ешкім бас тарта алмайды. Болған күйінде қабылдап, ғибрат алған абзал. 1986 жылы сотталған, кінәланған, азапқа душар болған, қоғамнан шеттетілген, өлген кезде жаназасын шығарудан бас тартқан адамдардың тағдырын бейнелейтін әңгіме. Сондықтан да Жұрнақ Қонақбайұлы – бір ғана кейіпкер емес, сол оқиғадан кейін жоғалған ұрпақтың трагедиясы. 58930 (1) «Жас қатын» атты әңгімеде кеңестік жүйе сыналады. Өткен кезеңнің қиындығы, өкініші, бар мен жоқтың арасындағы өмірдің бейберекетсіздігі қозғалған. Әңгіме былайша жалғасады: «Пәлегінен тырысқақ пәлекетпіз ғой. Пәтерден-пәтерге көшіп жүріп те, әр бесжылдықта бір-бір төсбелгімен марапатталатынбыз. Сонымен қатар, бесжылдық сайын бір-бір кесапатты кеселге тырмыштай буылады екенбіз дә. Бәрібір, бірақ тірліктен түңілмегенбіз, пәниден безінбегенбіз. Жалаңбұт күйде белсендік. Уралаған ұрандарға еріп, өкпемізбен қабындық. Жүрегімізді қолға уыстай көтеріп, жалаулата қағындық. Зілмауыр салмақтарға арқамызды аямай тосып, аш-жалаңаштығымызға тыраштана мақтандық». Расында да, өмір деген тұрақты емес, құбылмалы. Міндетті түрде тар жол, тайғақ кешу болады. Басты мәселе – күдер үзбей, зиян тигізбей өту. «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағының түрік тіліне аударылып жарық көруімен әуелі Мархабат Байғұттың өзін, содан кейін кітапты тәржімалаған Эльмира Қалжанованы шын жүректен құттықтаймын. Әдебиеттің өкілі бір іске кіріссе, ол істің нәтижесі өнімді боларына сенемін. Өзі де қаламгер бола тұра, қазақ пен түрік арасындағы әдеби қарым-қатынастың күшеюіне жанкештілікпен еңбек етіп отырған және осы кітаптың баспаға әзірленуіне үлес қосқан Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаевқа алғыс айтамын. Осындай табысы мол жұмыстарыңыз көбейе берсін деп тілеймін. Қазақ пен түріктің бауырмашылдығы мәңгі болсын!

 Жәмиля КЫНАДЖЫ,  Гази университетінің ғылым докторы

Анкара – Түркия

Тәржімалаған Мәлік Отарбаев