Алаштың абыройын асқақтатқан аймақ

Алаштың абыройын асқақтатқан аймақ

Алаштың абыройын асқақтатқан аймақ
ашық дереккөзі
Қой жылының ең басты олжасы – мемлекеттілігіміздің бастауы, елдігіміздің діңгегі – Қазақ хандығының 550 жылдығын абыроймен атап өткеніміз. Торқалы тойдың жоғары дәрежеде өтуі, ең әуелі, бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасы болса, екіншіден, исі қазақтың рухын көтеріп, алты Алаштың абыройын асқақтату үшін барын салған киелі Әулиета өңірінің, Жамбыл жұртшылығының ерен еңбегі екені даусыз. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жылдан-жылға ілгерілеп келе жатқан облыс үшін 2015 жыл да оң өзгерістерге толы болды. Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың есебінен соң бұған көзіміз анық жетті. Аграрлы өлке саналатын Жамбыл облысы қой жылын табысты аяқтады. Бірінші жарты жылдықта өңірлік ішкі өнім 453 млрд. теңгені құрады. 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіпте 242,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы да аймақтың дамуына тың серпін қосуда. Алғашқы бесжылдықта жалпы құны 123,3 млрд. теңге құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Ал екінші бесжылдықта құны 551,3 млрд. теңге болатын 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Тараз өңірі алыс-жақын шет елдерден инвестиция тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда да табысты жұмыс істеп келеді. Атап айтсақ Қытай Халық Республикасы, Жапония, Нидерланды, Түркия, БАӘ, Батыс Еуропа мемлекеттерімен құны 3,2 млрд. АҚШ доллары болатын 15 меморандумдар мен келісім шарттарға қол қойылды. Атап айтсақ, ресейлік «ЕуроХим Удобрения» минералды тыңайтқыштар өндірушісімен өткен жылы құны 356,5 млрд. теңге болатын жобаны жүзеге асыру қолға алынып, тау-кен комбинатының бірінші кезеңі жақында Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде таныстырылды. Жамбыл облысында «Самұрық-Қазына» Ұлттық компаниясының қатысуымен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Онда каустикалық сода мен хлор, үш хлорлы фосфор, глифосат, пестицидтер, метанол өндіретін жалпы құны 128,3 млрд.теңге 5 инвестициалық жобаны іске асыру басталды. Нәтижесінде 970 жаңа жұмыс орны ашылады. Жақында ғана Пекиндегі іскерлік кеңесте ҚР Премьер-министрінің қатысуымен қытайлық компаниялармен құны 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын Жамбыл және Павлодар облыстарында тау-кен өңдеу комбинаты мен титан-магнетиттік кен өндіру зауыттарының құрылыстарын жүргізу үшін 4 жақты меморандумға қол қойылды. Аталған қаражаттың 900 млн. доллары құрылыстың бастапқы сатысын жүзеге асыруға инвестицияланады. Жамбыл облысы аймақтар ішінде «жасыл экономиканы» дамыту бағыты бойынша алғашқылар қатарында тұр. Облыста қазіргі уақытта жаңартылмалы энергия көздерінен қуат өндіретін (шағын су, күн және жел электростанциялары) 8 нысан тұрақты жұмыс істеп, 78 МВт электр энергиясын өндіруде. Соның ішінде, үстіміздегі жылдың 2 шілдесінде телекөпір барысында ірі жобаның бірі – жылдық қуаттылығы 50 МВт, құны 23,2 млрд.теңге «Burnoye Solar-1» күн электр станциясы іске қосылды. Сондай-ақ, осы кешеннен тағы 50 МВт энергия өндіретін күн электр станциясының жобасы қолға алынуда. Алдағы 3 жылда жалпы құны 200 МВт-тан астам жаңартылмалы энергия көздерінің нысандарын салу жоспарлануда. Аталған жобалар облысымыздың электр энергиясына деген сұранысының 40-50%-ын жабуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Жамбыл облысының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында «жасыл экономикаға» қосқан зор үлес болмақ. Соңғы жылдары Жамбыл облысында туризм салысын дамытуға баса көңіл бөлінуде. 2014 жылы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан 5 нысан Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енді. Мұнымен қоса, «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығы туристер санының артуына ықпал етіп, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін қосады деп болжануда. Мәдени ескерткіштерге бай Әулиеата өңіріне «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келушілерді тарту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылымды жасақтау жұмыстары атқарылуда. Осы бағытта Халықаралық «Әулиеата» әуежайының ұшып-қону жолағы жаңғыртудан өтіп, 1,8 млрд. теңгеге жүк терминалы әлемдік стандартқа сай жаңартылды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының Жамбыл облысынан өтетін 495 шақырымы толық аяқталды. Нәтижесінде жүк тасымалы 1,3 есеге артты. Аталған жолдың бойынан 8 сервистік қызмет көрсету кешенінің құрылысын жүргізу қолға алынды. 2015 жыл Жамбыл облысындағы ауылшаруашылық саласы үшін табысты аяқталды. Егін шаруашылығы және масақты дәнді-дақылдардың түсімділігі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Әр гектардан 16 центнерден өнім жиналып, 386 мың тонна астық бастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 89 пайызға немесе 183 мың тоннаға артық. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 7 шаруашылықта алғаш рет жалпы 143 гектарға үдемелі бақ отырғызылды. Алдағы жылдары құны 14 млрд. 800 млн.теңгені құрайтын 4 кіші су қоймасын соғу, тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологияларын 5,6 есеге ұлғайту жұмыстары қолға алынады. Бұл, өз кезегінде, өңірдегі су тапшылығын шешетін болады.  Аймақта «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары да табысты жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жыл басынан бері 3831 бас мүйізді ірі қара мал сатып алынып, белгіленген жоспар 103,5%-ға орындалды. 2012 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін облыста сыйымдылығы 18 мың басқа арналған 23 бордақылау алаңы құрылып, жұмыс атқаруда. «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 23 мың 323 бас қой, «Құлан» бағдарламасы арқылы 2051 бас жылқы сатып алынды. Малайзиялық және Жаңа Зеландиялық кәсіпкерлермен бірге Меркі ауданында «Агростан» ЖШС-і бордақылау кешенінің құрылысын бастады, алдағы уақытта 3 мың басқа дейін мал әкелу жоспарлануда. Бұдан басқа, «Мойынқұм Агро» ЖШС-і 5 мың басқа бордақылау кешенін, 5 мың басқа арналған репродуктор құрылысын жүргізуде. Бүгіннің өзінде Ресейден 600 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал, 1200 жылқы әкелінді. Өңірде «Оңтүстік халал ет өнімдері» кәсіпорнын ашу жоспарлануда. Ол облыстағы барлық бордақылау алаңдарын тапсырыспен қамтуға мүмкіндік береді. «Ырыс» бағдарламасы бойынша облыста 12 сүт тауарлы фермасын құру жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы Меркі ауданында сүт кластерін дамыту бойынша ірі жоба іске асырылмақ. Ол үшін 16 шаруашылық біріккен өндірістік кооператив құрылуда. Осы шаруашылықтардың әрқайсысында 200-ге дейін асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал өсірілетін болады. Жалпы, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 16 млрд.теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылды. Қорыта айтқанда, өңірдегі барлық салада тұрақты өсім бар. Құрылыс саласында биыл 270,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін көлемі 15 мың шаршы метр тағы 1 үй пайдалануға берілмек. Газдандырудың аймақтық схемасы бойынша 377 елді мекеннің 150-і немесе 40%-ы газдандырылған, бұл тұрғындардың 650 мыңын «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуде. Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 3,3 млрд. теңге бөлініп, 7 жоба іске асырылды. Бүгінде аймақ елді мекендерінің 60,8 пайызы орталықтандырылған, 37,8%-ы орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған. 2020 жылға дейін ауыз сумен қамтамсыз ету көрсеткішін 80 пайызға жеткізу туралы Президент тапсырмасы орындалуға жақын. Халықты жұмыспен қамту да күн тәртібінде. Биылғы 11 айда 24,8 мың адамға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 17,4 мың адам немесе 70 пайызы тұрақты және мерзімдік жұмыспен қамтылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыруға 2,2 млрд. теңге бөлініп, оған 6683 адам қатысты. Аталған бағдарлама аясында 312 жобаны іске асыруға 722,6 млн.теңге шағын несие берілді. 15-28 жас арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,9 пайыздан 4,1 пайызға төмендеді. Білім және денсаулық сақтау салаларында да атқарылған жұмыстар ауқымды. Тозығы жеткен және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін ағымдағы жылы 9 мектеп пайдалануға берілді, 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың үлесін арттыру бағытында 9 балабақша құрылысы аяқталды, 4 балабақша құрылысы жалғасуда. Алдағы жылы мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде 11 балабақша ашу жоспарлануда. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты көрсеткіштері бойынша ана өлімін 79 пайызға төмендетуге қол жеткізілді. Жалпы өлім деңгейі 3,9 пайызға төмендеді. Биыл облыста 3 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. 300 орындық қалалық көпсалалы аурухана құрылыс аяқталуда, келер жылы 2 емхана іске қосылатын болады. Берекелі өңірдің ертеңгі күннен күтері мол. Келер жыл да жамбылдықтар үшін табысты болады деп сенеміз. 73f7481ac71d29ad0f970edf3b4ef550

Анар ЛЕПЕСОВА