Жаңа емле ережесінің өзекті мәселелері талқыланды

Жаңа емле ережесінің өзекті мәселелері талқыланды

Жаңа емле ережесінің өзекті мәселелері талқыланды
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық конференция өтті. Конференция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мемлекеттік тіл саястын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Конференция барысында жаңа әліпби мен емле ережелеріне қатысты ғылыми-теориялық және әдістемелік мәселелер, латын әліпбиін меңгертудің тиімді әдістемесі, жаңа емле ережелеріндегі өзекті мәселелер, әліпби ауыстырған түркі тілдері емлесінің қалыптасу, жетілу жолдарын саралау талқыланды. Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Нұргелді Уәли жаңа әліпбидің орфографиялық ережелерінің ғылыми негіздері жөнінде, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Таңат Аяпова шет тілінен енген сөздерді жаңа әліпбиде жазу нормалары туралы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Жанбота Есепбай орта білім жүйесіне латын әліпбиінің енуі жөнінде және т.б. ғалымдар жаңа әліпбидің, оның емле ережелерінің әр алуан мәселелері жөнінде баяндамалар жасады.  Секциялық мәжілістерде әліпбидің әдістемелік мәселелері, латын әліпбиін енгізудің халықаралық тәжірибесі туралы ғылыми пікіралысулар болды. Конференция аясында латын әліпбиінің  Министрлікке ұсынылған нұсқалары сарапталды. Олар:  Ескендір Тасболаттың жобасы, Манас Сапарбаевтың жобасы, Нұрлан Түлтебаев жобасы, Абзал Дәуренбекұлының жобасы. Осы жобалар бойынша Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері, ғалымдар Жантас Жақыпов, Қарлығаш Сәрекенова, Зейнеп Базарбаева, Жанар  Жұмабаевалар ғылыми сараптама жасады. Сонымен бірге бұл әліпби жобаларына Ақпараттық сүйемелдеу және техникалық жетілдіру жұмыс тобының мүшелері ІТ мамандары Рымбек Ізғали, Аршат Ораз, Нартай Әшімдер өздерінің ойларын айтты. Сонымен қатар, конференция аясында географиялық атаулар мен кісі есімдерінің жаңа әліпбиде жазылу ережелері осы ғылыми мәжіліске қатысқан ғалымдар арасында кеңінен талқыланды. Осы ғылыми республикалық жиынның қорытындылары бойынша Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының  конференцияда айтылған міндеттері нақтыланып, ұсыныстар сараланды.