«Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы қорытындыланды

«Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы қорытындыланды

«Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы қорытындыланды
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысында  «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы қорытындыланды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған байқау 16 қазанда басталған болатын. Шараның негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, кітапқа деген қызығушылық пен кітап оқу мәдениетін арттыру, оқырмандардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, қолдау көрсету және үздік көркем шығармаларды кеңінен насихаттау. Байқауға 150-дей жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Бірінші кезеңі көркем шығармадан үзінділерді мәнерлеп оқып, бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялау арқылы өткізілді. Екінші кезеңіне іріктелген қатысушылар көркем шығармалардан бір кейіпкердің образын сомдады. IMG_0220.JPG Қорытындысында көш ілгері озып шыққан қатысушылар жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болды: І орын – Алға ауданы, Тоқмансай НМ, 2 сынып оқушысы Елеусіз Шахризат; ІІ орын – Байғанин ауданы, Қарауылкелді ОМ, 9 сынып оқушысы Мейрамбекова Ақерке; ІІ орын – Ақтөбе медициналық колледжінің 2 курс студенті Әкімалы Айнадин; ІІІ – Алға ауданы, Тоқмансай НМ, 3 сынып оқушысы Ермекбай Ақлима; ІІІ орын – Ойыл аграрлық колледжінің студенті Нурбалиев Данияр. «Байқауға қуана-қуана қатыстым. Себебі, мен кітап оқуды өте жақсы көремін. Әсіресе, А.Құнанбаевтың, М.Мақатаевтың өлеңдерін көп оқимын. Кітап оқыған адам білімді болады. Достарымды кітап оқуға шақырамын», - деді үздік танылған Елеусіз Шахризат. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, І жүлделі орын алған жеңімпазға «Марвин» кітап дүкенінен ақшалай сертификат табысталды. Барлық қатысушыларға кітаптар сыйға беріліп, алғыс хаттармен марапатталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысында бірқатар шаралар атқарылуда. «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бастамасымен өткізілген «Тұлпар мініп ту алған» байқауында да қатысушылар эпостық шығармаларды жатқа айтып, бақ сынаған болатын. Жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыратын мұндай шаралар әлі де жалғасын табады.